ҰЛТТЫҢ ТӘНІ ДЕ, ЖАНЫ ДА ҮШІН КҮРЕСКЕН ТҰЛҒА

26.04.2023

Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі Тіл саясаты комитетінің төрағасы Е.Тілешов аса көрнекті ғалым, аудармашы, фольклортанушы, тарихшы, педагог, Алаш қайраткері Халел Досмұхамедұлының туғанына 140 жыл толуына орай Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университеті, Қазақ тілі оқытушыларының халықаралық бірлестігі ұйымдастырған «Халел Досмұхамедұлы және ұлт руханияты» халықаралық ғылыми-теориялық конференция жұмысына онлайн қатысып,  «Халел Досмұхамедұлы және ХХ ғасыр басындағы тарихи-мәдени үдеріс» тақырыбында баяндама жасады. 

 

«Алаш қозғалысы тұтас қозғалыс болды ма деген сұраққа жауап іздестіру үшін, әуелі, сол тұтастыратын бірнеше факторды қарастыру керек. Осылай істесек, ең бірінші кезекте, уақыт тудырған бірнеше тарихи тұлғалардың дәуір сахнасына бір мезгілде көтерілгеніне куә боламыз. Сонда Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы, Жаһанша Досмұхамедұлы, Мұстафа Шоқай, Мұқамеджан Тынышбайұлымен бір сапта сан қырлы тұлға Халелдің тұрғанын көреміз. Ол 1905 жылдан бастап Алаш қозғалысының көш басында. Ал, Алаш қозғалысы тұтас болуы үшін сабақтастық болуы керек емес пе. Осы тұрғыдан алғанда, Халел өз кезеңіндегі түрлі тарихи-әлеуметтік жағдаяттарға, мәдени-рухани сұранысқа дер кезінде үн қосып, ағартушылықпен мықтап айналысты. Қазақ мәдениетіне, соның ішінде ел болу деген мәселеге айрықша көңіл бөлді. Алаштың ардақты азаматы, қажырлы қайраткердің қаламынан «Аламан» деп аталатын шоқтығы биік туынды туды. Кішкентай үзінді келтіре кетейін: «Аламан деп тәртіпке, жолға, низамға көнбейтін, өз дегенін күшпен орындайтын; өз басын артық санап, сөзін сөйлеп соңынан ермегендерді, қарсы тұрғанды түсінбегендігінен, ақылсыздығынан қылды деп білетін, көңіліне жақпаса өзі қойған бастығының бұйрығына, өзі қалаған тәртіптің жолына бас ұрмайтын; Отан сезімі, мемлекет сезімі кем, менмендік сезімі өте күшті құлықты аламандық дейміз». Бір сөзбен айтқанда, ол қазақ халқының тәні үшін де, жаны үшін де соғы демі таусылғанша күрескен біртуар көсем тұлға»,– деді белгілі ғалым  Ербол Ердембекұлы.

Comments (0)
Post a comment