«Тіл-құралы» еңбегі – қазақ тіл білімінің бастау көзі

05.05.2023
 

Тіл – үнемі даму барысында болатын үдеріс. Адам санасымен, мәдениетімен, ой-өрісімен, сөз саптау дағдысымен бірге дамитын «тілдің» өзекті мәселелері әр кезеңде де болатыны заңдылық. Тіптен ғасырлар бойы түйіткілі шешілмей, маңызы жойылмай әр ұрпақтың өз кезеңінде бағасы өзінше беріліп келе жатқан мәселелер де тілімізде көп. Сонымен қатар уақыт белестерінде өз маңызын жоймаған еңбектер мен зерттеулеріміз де қазақ тіл білімінің саласында баршылық. Осы тұста, әрине, есімізге түсетін еңбектер ол, алаш зиялыларының еңбектері.Тәуелсіздік алғаннан соң өшкеніміз қайта жанданып, өткенімізге үңіліп баға бере бастадық. Кезінде «халық жауы» атанып, өз тұсында бағаланбаған Ахмет Байтұрсынұлының қазақ ғылымының негізін қалаған құнды еңбектері ғылымда бағаланып, өзектілгін әлі де жоймай келеді.

М.Әуезовтің Ахмет туралы «Ақаңның елу жылдық тойы» деген мақаласында «...Кешегі күндерге дейін бәріміз жетегінде келгенбіз. Қаламынан туған өсиеті, үлгісі әлі есімізден кеткен жоқ. Патша заманындағы хүкіметтік өр зорлыққа қарсы салған ұраны, ойымызға салған пікірі ... әлі күнге дейін үйреніп қалған бесігіміздей көзімізге жылы ұшырайды, құлағымызға жайлы тиеді» деуі ұлы тұлғаның ғылыми тұжырымдарының ғылым қаншалықты деңгейде дамыса да мәні жойылмайтынын меңзегендей. Тілдің қазіргі таңдағы өзекті мәселелері кезінде А.Байтұрсынұлының зертеулерінен бастау алады десек те болады.

Ахмет Байтұрсынұлы қазақ әліппесі мен қазақ тілі оқулықтарын жазуды 1910 жылдардан бастап қолға алады. Онымен қоса қазақ графикасын жасауға кіріседі. Қазақ графикасының негізіне қазақтың мәдени дүниесінде көп ғасырлық дәстүрі бар, өзге түркі халықтарды да пайдаланып отырғандықтан, туыстық, жақындық сипаты бар араб таңбаларын алады. Оны қазақ фонетикасына икемдейді, ол үшін қазақ дыбыстары жоқ таңбаларды алфавиттен шығарады, арабша таңбасы жоқ дыбыстарына таңба қосады, қазақ тілінің жуанды-жіңішкелі үндестік заңына сай жазуға ыңғайлы дәйекші белгі жасайды. Сөйтіп 24 таңбадан тұратын өзі «қазақ жазуы» деп, өзгелер «Байтұрсынов жазуы» деп атаған қазақтың ұлттық графикасын түзеді. Одан осы жазуды үйрететін әліппе жазады. Сөйтіп оқу- ағарту идеясына сол кездегі интелегенция жаппай мойын бұрды. Әрбір зиялы азамат халқына қара танытып, сауатын ашуды, ол әрекетті «Әліппе» құралдарын жазудан бастауды мақсат етті. Сол 1911-1912 жылдары жасалып, Уфа, Орынбор қалаларының баспаханаларында жарық көрген. Ахмет Байтұрсынұлының әліппесі «Оқу құралы» деген атпен 1912-1925 жылдары арасында 7 рет қайта басылып, оқыту ісінде ұзақ әрі кең пайдаланылды. 1926 жылы ғалым «Әліп-бидің» жаңа түрін жазды. Ахмет Байтұрсынұлының қазақ тілінің табиғатын, құрылымын танытудағы қызметі енді мектепте қазақ тілін пән ретінде үйрететін оқулықтар жазумен ұласады. Осы тұста оның атақты «Тіл – құрал» атты үш бөлімнен тұратын, үш шағын кітап болып жарияланған оқулықтар жазылды. «Тіл-құрал» тек мектеп оқулықтарының басы емес, қазақ тілін ана тілімізде танудың басы болды, қазіргі қазақ тілі атты ғылым саласының, іргетасы болып қаланды. Жалпы қазақ тіл білімін қалыптастырып, зерттеп, танып-білу тарихымызда Ахмет Байтұрсынұлының «Оқу құралы» мен «Тіл құралдарының» орны айрықша. Қазақ тіл білімінің ана тіліміздегі іргетас қалаудағы Ахметтің тағы бір зор еңбегі – ғылымының осы саласының терминдерін жасауы. Ғалым қазақ тілі грамматикасына қатысты категориялардың әрқайсысына қазақша атау ұсынды. Осы күні қолданылып жүрген зат есім, сын есім, етістік, есімдік, одағай, үстеу, шылау, бастауыш, баяндауыш, жай сөйлем, құрмалас сөйлем, қаратпа сөз деген сияқты сан алуан лингвистикалық атаулардың баршасы Ахмет Байтұрсынұлынікі. Бұлар не бұрынғы қарапайым сөздің мағынасын жанғырту арқылы, не жаңа тұлғадағы сөз жасау арқылы дүниеге келген соны сөздер, сәтті шыққан атаулар екенің олардың күні бүгінге дейін қолданылып келе жатқандығы.

Оның фонетикаға арналған бөлімі 1915 жылы, морфологияға арналған бөлімі 1914 жылы, синтаксис бөлімі 1916 жылдан бастап жарық көрді. «Тіл – құрал» – қазақ тілінің тұңғыш оқулығы. Оқулық қазіргі қазақ тілі оқулықтарының негізі болып қаланды. «Тіл-құрал» тұңғыш оқулық болумен қатар, бастауыш мектепке, яғни алғашқы 4-5 жыл оқитын шәкірттерге арналғанмен, бұл – қазақ лингвистикасының фонетикалық және грамматикалық құрылымын талдап, жүйелеп, танытып берген, қазақ тілінідегі түңғыш ғылыми жұмыстың басы болды. Қазақ тілінің дыбыстық құрамының классификациясы да, сөз таптарын ажыратып, сөз тұлғаларын көрсетуде де, сөздердің септелу, жіктелу тәртібін тануда да, сөйлем түрлерін ажыратуда да бүгінге дейін А.Байтұрсынұлының аталған оқулықтарының негізі сақталып келеді. Тілдің әр категорияның классификациясынан бастап, барылық терминдеріне дейін жаңа ғасырдағы жаңа білім ордаларының оқулықтарындағы грамматикалардан А.Байтұрсыновтың оқулықтарының ізін табуға болады. «Тіл – құрал» қазақ тілін талдап тануда да, тіл білімінің әр салаларының құрылымын жүйелеп, ғылыми негізін салған зерттеу. Оның тілдік ұғымдарға берген анықтамаларының ғылыми тереңдігі, дәлдігі қазіргі ғылым үшін өте маңызды. Ол тұңғыш төл граммат. терминдерді қалыптастырды. Мысалы зат есімсын есіметістікесімдікодағай, үстеу, бастауыш, баяндауыш, пысықтауыш, шылау, сөз таптары, сөйлем, құрмалас сөйлем, қаратпа сөз, т.б. жүздеген ұлттық терминді ғылымға енгізді. Осылардың барлығы дерлік қазақ сөзінің не байырғы мағынасын жаңғырту, не жаңа тұрғыдан сөз жасау арқылы дүниеге келген атаулар. Сонда да әрқайсысы өзі атап тұрған тілдік категорияны дәл нақты білдіретін термин болып табылады. Бұл терминдердің сәтті шыққанының дәлелі бүгінге дейін қолданып келе жатқан өміршеңдігін көрсетеді.

Қазіргі таңда қоғамда дау тудыратын, үнемі бірізділік жоқ деп ғалымдарымыздың айтысатын, көзқарастарының әр тарап болатын тілі біліміндегі терминология саласы екені мәлім. Кезінде осы салаға да А.Байтұрсынұлы ерекше назар аударған еді. Ғалым тек тіл білімі саласының терминдерін ғана емес, сонымен қатар, әдебиеттану ғылымының да көптеген терминін ғылымға енгізгені мәлім. Ойға қонымды, санаға сіңімді жасалған терминдер әлі де қолданыста. Ұмыт болған кейбір терминдері қайда жаңғырып, ғылымда қайта қолданысқа енуде. Ғалым тек қазақ тілі мен әдебиеттану ғылымдарының терминдерін ғана жасап қоймай, сонымен бірге, мәдениетке, тарихқа қатысты әлеуметтік терминдерді де ғылыми айналымға енгізді. Қазіргі таңда бұл терминдер халқымыздың құлағына сіңісті болып, өз төл сөздеріміздей болып кеткенін атап өткен дұрыс. А.Байтұрсынұлының термин жасаудағы басты принципі – ең алдымен қазақ тілінің өз мүмкіншілігін барынша пайдалану болды. Бұл принципті қазірге таңда да басшылыққа алсақ ұтымды, ғұмыры ұзақ терминдер қалыптасар еді.

Ол халыққа ғылым-білімнің қажеттілігін түсіндірумен ғана шектелмей, білім беру ісін жолға қоюға күш салды. Орыс, татар мектептерінен оқып шыққан ұлт мамандарының өз тілін қолданудағы кемшіліктерін көріп: «Әр жұрттың түрінде, тұтынған жолында, мінезінде қандай басқалық болса, тілінде де сондай басқалық болады. Біздің жасынан не орысша, не ноғайша оқыған бауырларымыз сөздің жүйесін, қисынын нағыз қазақша келтіріп жаза алмайды не жазса да қиындықпен жазады, себебі жасынан қазақша жазып дағдыланбағандық» деп жазды. А.Байтұрсынұлының бұл пікірі қазіргі ақпараттық замандағы өз ана тілін толық меңгермеген шала қазақ тілділердің сауаттылық құзіреттілігінің төмендігін айқындайтын қағида тәрізді.

 

ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР

  1. Байтұрсынов А. Тіл тағылымы. – Алматы, «Ана тілі», 1992, 448 бет.
  2. Жұбанов Қ. Қазақ тілі жөніндегі зерттеулер. 1966. 210 бет.
  3. Әуезов М. Қазақ әдебиетінің тарихы. – Қызылорда, 1929. – 134б.
  4. Сыздық Р. Сөз құдіреті. 2-басылым. – Алматы, 2005. Атамұра– 272 бет.
  5. Қазақ грамматикасы. – Астана, 2002.

Меруерт Өнерхан

 

Дереккөз: https://daryn.online/article/1384

Comments (0)
Post a comment