БАЛАБАҚШАДАҒЫ МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛ МӘСЕЛЕСІ ШЕШІЛМЕК

07.06.2023

Біздің күткеніміздің өзі осы емес пе еді. Бұл дегеніңіз – тәуелсіз елде, өзінің мемлекеттік тілі бар елде тұрып жатқан этнос өкілдерінің мемлекеттік тілге деген дұрыс көзқарасын қалыптастырып, тіл үйренуге ынтасын арттырудың тікелей жолы. Өзге этнос өкілдері былай тұрсын, қазақ бола тұра кей ата-ананың баласын орыс балабақшасына, әлі күнге дейін орыс мектебіне сүйрей жөнелетін әрекетіне де жақсы тосқауыл болар еді.

Егер де министрдің айтқаны шынымен жүзеге асатын болса, тіл үйренушілер саны артары сөзсіз. Мамыр айынан бері мемлекет басшысының Қазақстан халқы Ассамблеясының «Әділетті Қазақстан: бірлік, тұрақтылық, даму» атты ХХХІІ сессиясында берген тапсырмасымен қазіргі уақытта елімізде «Үйде сөйле» жобасы қолға алынып жатыр. Бастама, идея жақсы. Ал жобаны іске асыру үшін қандай әрекет жасалып жатыр? Ол – бөлек әңгіме. Мәселен, Қарағанды қаласының «Шырақ» тілдерді оқыту орталығында аталған мәселе аула клубтарының есебінен шешімін тапқан. «Здоровье», «Аққу» клубтарының басшылары қызығушылық танытып, жобаға әртүрлі жастағы балаларды тартуға көмек көрсетіп отыр. Сабқтар ойын түрінде ұйымдастырылғандықтан, қатысушылар үшін психологиялық кедергіден құтылуға мүмкіндік бар екені анық.

«Үйде сөйле» «Отбасымызбен қазақша үйренеміз»  жобаларының толыққанды жүзеге асуы үшін жоғарыда айтылған жаңалықтың көмегі зор болар еді. Жалпы, қоғамның әртүрлі жастағы мүшелеріне мемлекеттік тілді үйрету мәселесі шешімін таппады дей алмаймыз. Балабақшадан бастасақ, тәрбиеленушілерге қазақ тілі сабағы өткізіледі. Мектеп мен ЖОО-ларда пән ретінде оқытылады. Ересектер болса, мемлекет есебінен тілдерді оқыту курстарында тегін білім алады. Алайда олардың арасында байланыс жоқ. Баланың тілі сынғанмен, ата-анасы сөйлемейді; үлкендері сөйлесе, баласы қазақша білмейді.

Алдағы уақытта мемлекеттік балабақшалар мемлекеттік тілге көшірілетін болса, отбасымен қазақша сөйлеу жобасы толыққанды жүзеге асып, олқылықтың орнын толтырудың ұтымды жолы болар еді. Ешкімді міндеттемей, мәдениетті түрде тіл үйренуге қажеттілік туар еді.

Нақты дерекке сүйенсек, қазіргі уақытта Қарағанды қаласының өзінде 42 мемлекеттік балабақша бар екен. Оның 5-еуі таза қазақ балабақшасы да, 37-сі аралас балабақша. Сондай-ақ оған мектеп жанындағы 46 мектепалды дайындық тобы мен 12 шағын орталықты қосыңыз.

Балабақшаларда тәрбиеленушілер саны 16742-ге жетіпті.

Мемлекеттік балабақша атаулы қазақ тіліне көшірілген жағдайда қаламыздағы осынша баланың тілі сынып, қазақ тілін жақсы меңгеруіне мүмкіндік туады. Сол балақайлар ата-анасынан бастап үй ішіндегілердің қазақша сөйлеуіне ықпал етеді. Осылайша бір ғана өзгерістің арқасында мемлекеттік тілде сөйлейтін қоғам мүшелерінің саны артады. Олай болса, мемлекеттік балабақшаларға қатысты жағымды жаңалық көп күттірмей жүзеге ассын деп тілейік!

 

Жұпар Жақан,

Қарағанды облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасы жанындағы Ресурстық тіл орталығының бөлім меңгерушісі

Comments (0)
Post a comment