СЕМИНАР ӨЗ ЖҰМЫСЫН СӘТТІ АЯҚТАДЫ

09.06.2023

Бағдарламаға сәйкес, республикалық онлайн бас қосудың басты дәріскері КИМЭП профессоры, филология ғылымдарының докторы З.Ерназарова соңғы күнгі кездесуді сөздік қорды дамытумен жүргізілетін жұмыс түрлерін таныстырудан бастады.

Зәуреш Шаршабекқызы тақырып төңірегінде терең ой қозғап, «Жалпы алғанда, сөзді құраудың алғашқы қадамы идеядан басталады. Көпшілік алдында еркін көсіліп сөйлеу үшін тақырып бойынша мол ақпарат болуы керек. Сонда ғана айтайын деген ой анық шығады. Дәлелдеу мен сендіру, бір қарағанда, мағынасы жағынан ұқсас болып көрінгенімен, қолданыста екі түрлі сипатта болып келеді. Алғашқысы индукциялық, дедукциялық, яғни нақты айғақтар мен логика заңдарына құрылса, соңғысы адамның эмоциясына негізделеді»,– деп атап көрсетті.

«Әуелі бұл шіркінді бастау қиын» дегендей, сөзге қажетті ақпаратты жинау, талдау, сұраптау техникасына көбірек тоқталды. Сөз ықпалын, әсерін күшейтетін көркемдегіш құралдарды меңгерту әдістері туралы жан-жақты әңгімелеп берді. Әсіресе, «Спикер тұлғасы. Энергетика» тақырыбы тыңдаушылар көкейіне бірден қона кетті.

Дәріс барысында қатысушылармен арада жанды байланыс орнатылды. Қажет кезінде екі тарап түрлі пікірлерін емін-еркін ортаға салып, ортақ мәмілеге келіп отырды.

Семинар соңында Тіл саясаты комитеті Әдістемелік қамтамасыз ету және лингвистикалық жұмыстар басқармасының басшысы, филология ғылымдарының кандидаты Айнагүл Көкен үш күн бойы шешендік шеберлік биігінен табыла білген спикерге алғыс айтты.

Шараға үзбей қатысып, дәріс барысында жоғары белсенділік танытқан қатысушыларға, семинар барысына талдау жүргізілгеннен кейін, арнаулы сертификат табысталатын болады.

Comments (0)
Post a comment