АНАДОЛЫ ЖЕРІНДЕ

13.06.2023

2023 жылғы 12 маусымнан бастап Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі Тіл саясаты комитетінің ұйымдастыруымен Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы Түрік Республикасында қазақ тілін оқыту мәселесі бойынша бірқатар маңызды кездесулер өткізіп, тәжірибе алмасады.

Қазақстан-Түркия қарым-қатынасының күллі түркілік өркениет әлемінде өзіндік ерекше орны бар. Тарихқа жүгінсек, мұның тамыры тым тереңде жатыр. Екі ел халқы достығының қайнар көзі болып табылатын тарихы мен әдебиетіндегі өзара ортақ ұқсастық пен үндестік туралы сөз бөлек.

Бұған қоса, тағдырдың айдауымен әлемге тарыдай шашылған қандастарымыздың басым көбі осы елде. Олардың ұлттық сана, қазақы қалыптан ауытқымауы үшін ана тілін үйренуіне көмектесуіміз қажет.

Міне, осы бағыттағы өзекті мәселелерді мақсат тұтқан сапар туралы ақпаратты рет-ретімен беріп отыратын боламыз.

Бас директор Мақпал Жұмабай жұмыс көрігін салған беттен қыздырып, Түркия жеріндегі жастармен емен-жарқын жүздесуді бастап кетті.

Төмендегі суреттен Стамбулдағы біздің «Абай институты» сабақтарына қатысатын 56 баланың бір бөлігін көре аласыздар.

Одан әрі әлемді таңдай қақтырып жүрген, Тәңірінің таңдауы түскен әнші Димаш Құдайбергеннің талантына табынушылардың шағын тобымен естелік сурет.

Бұлар жәй ғана кездейсоқ кездесу емес, қайта мұндай екі топ адамдарымен араласудағы жалғыз мақсат – «Қайтсек қазақ тілін дамытып, өрісін кеңейте аламыз?» деген мәселе төңірегінде ашық пікір алмасу еді.

Comments (0)
Post a comment