ҚР ТҮРКИЯДАҒЫ ЕЛШІЛІГІ МЕН «ТІЛ-ҚАЗЫНА» ОРТАЛЫҒЫ ҚАНДАСТАР ҮШІН ТІЛ ҮЙРЕТУ ЖОБАЛАРЫН ҰСЫНБАҚ

14.06.2023

Түркияда арнаулы іссапармен жүрген Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі Тіл саясаты комитеті мен Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы жауапты қызметкерлерінің арнаулы делегациясы Қазақстан Республикасының Түркия Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Сапиев Еркебұлан Оңалбекұлымен кездесті.

Түркия – Қазақ елі Тәуелсіздігін алған кезде алғашқы болып құттықтап, әлемдегі елдердің ең алды болып шын жүректен біздің қуанышымызға ортақ бола білген бірінші мемлекет. Содан бері Қазақстан мен Түркия достығына еш сызат түсіп көрген емес, Орта Азиядағы ең сенімді саяси, әлеуметтік, экономикалық серіктестерге айналды.

Кездесу барысында туыстас Түркия жеріндегі қазақ диаспоралары үшін қазақ тілін оқыту бойынша «Тіл-Қазына» орталығының әлеуетін кеңінен пайдалану, ортақ оқыту курстарын ашу мәселесі талқыланды.

Сонымен қатар, Елшілікте ана тілімізді насихаттау мақсатымен орталықтың атқарып жатқан сан салалы қызметі туралы жан-жақты ақпарат беретін арнайы бұрыш ашу туралы сөз болды.

Түркияда тұрып жатқан қандастарымыздың қазақ мәдениеті мен тіліне деген құштарлығы мен құлшынысы ерекше.

Тәжірибелі тіл мамандары қазақ тілін оқыту бағытында атқарылып жатқан жұмыс барысымен және болашаққа арналған жоспарларымен таныстырды.

Comments (0)
Post a comment