МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУДАҒЫ ҚАЗАҚ ТІЛІ МЕН ӘДЕБИЕТІ МАМАНДЫҒЫНЫҢ РӨЛІ

20.06.2023

Тұңғыш Президентіміз Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласынан бастау алған «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық», «Туған жер» (Бұл жоба «Тәрбие және білім», «Атамекен», «Рухани Қазына», «Ақпарат толқыны» атты төрт қосымша бағдарламадан тұрады), «Мемлекеттік тілді латынға көшіру», «Қазақстанның киелі жерлері», «Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет» сияқты жобалардың қай-қайсының болсын жүзеге асуында мемлекеттік тілді оқытушы мамандардың алар орны зор. Сондай-ақ «Ұлттық рухани жаңғыру ұлттық жобасының» да 1-бағыты «Рухани жаңғыру» құндылықтарын ілгерілету және мемлекеттік тілді дамытуды» көздейді. Елбасының бұл бастамасы мемлекеттік тілді дамыту ісін де серпілтті.

 

Мемлекет басшысы, Президент Қ.К. Тоқаев 2021 жылғы Жолдауында мемлекеттік тіл мәселесіне арнайы тоқталды: «Қазақ тілін дамыту мемлекеттік саясаттың басым бағытының бірі болып қала береді. Қазақ тілі, шын мәнінде, білім мен ғылымның, мәдениет пен іс жүргізудің тіліне айналуда. Жалпы, мемлекеттік тілді қолдану аясы кеңейіп келеді. Бұл – заңды құбылыс, өмірдің басты үрдісі. Болашағын Отанымызбен байланыстыратын әрбір азамат қазақ тілін үйренуге ден қоюға тиіс». Мемлекеттік тілді дамытудағы тіл мен әдебиет мұғалімінің рөліне осы бір тұрғыдан келген жөн. Сондай-ақ «Қазақстан Республикасындағы тіл саясатын іске асырудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының» басты мақсаттарының бірі – білім беру саласындағы қазақ тілінің функцияларын кеңейту және оны қолдану мәдениетін арттыру. Демек, мемлекеттік тілді дамытуда ең бір қажетті істі қазақ тілі мен әдебиетінің маманы атқаратыны сөзсіз.

2021 жылғы Жолдауында Президент тағы да: «Материалдық қолдау көрсету шараларын «Цифрлы ұстаз» білім беру жобасымен толықтырған жөн» екенін айтты. Бұд жобадан қазақ тілі мамандары да тыс қалмауы қажет.

Әлемдегі дамыған елдердің санатына енуді көздеген халықтың басты мақсаты сауатты ұрпақ тәрбиелеу болса керек. Сауатты ұрпақ деп қазақ тілінде еркін сөйлей алатын, оны терең меңгерген, құрметтейтін ұрпақты танимыз. Осындай сауатты ұрпақты қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімдері даярлап шығарады, қалыптастырады. Университетімізде мемлекеттік тілді дамытуға тікелей ықпал ететін, яғни қазақ тілі мен әдебиетін оқытатын екі мамандық бар: бірі – «Қазақ тілі мен әдебиеті», екіншісі – «Қазақ филологиясы». Осы мамандықтар бойынша бакалавр, магистр, доктор Рһ даярлаймыз. Бұларға, негізінен, үш кафедра білім береді: қазақ тіл білімі, қазақ әдебиеті, қазақ тілінің практикалық курсы кафедралары.

Мемлекеттік тілді үйренгісі, қолданғысы келмейтіндер әлі де баршылық екенін жасыра алмаймыз. Олардың сылтауларын айтсақ, кәсіби білікті мамандардың мемлекеттік тілді білмеуіне олардың өздері кінәлі емес, мемлекеттік тілді үйренуге арналған әдістемелік құралдардың сапасы төмен; қазақ тілінің термин қоры қалыптаспаған; қазір қазақ мектептері көп, солардың түлектерінен талап ету керек т.с.с. болып келеді. Мемлекеттік тілді дамытудың бұған дейінгі бағдарламасында нысаналы индикаторлар қатарында 2019 жылға қарай мемлекеттік тілді меңгерген ел тұрғындарының үлесін 90 пайызға, ал мектеп түлектерінің үлесін 100 пайызға жеткізу бар. Бұл орындалмай қалды. Орындалмай қалуына, ең алдымен тілді тұтынушылар кінәлі, десек те қазақ тілі мен әдебиеті мамандарының да үлесі бар.

Ал әдістеме жеткіліксіз дегенге сенуге болмайды. Қазіргі уақытта Қазақстанға шетел тілін оқытудың, екінші тілді оқытудың Еуропа мен Америкадағы озық әдістері жетіп үлгерді. Ендігі іс мұғалімдердің қолында. Осыған орай бір қадағаланбай жүрген жайт – қазақ тілін екінші тіл ретінде үйренудің бастапқы, орта деңгейін студенттер орта мектептен меңгеріп келуі керек. Шын мәнінде жағдай олай емес. Соның салдарынан университеттерде аталмыш деңгейлерді айналып өте алмай жүр. Университеттерде қазақ тілі кәсіби деңгейде оқытылғаны жөн болар еді. Сонда түлек қазақша сөйлеуден прагматикон деңгейіне дейін көтерілуі де мүмкін ғой.

Тәуелсіздік жылдарындағы қарқынды демографиялық өсімнің арқасында халқымыздың жартысын жастар құрап отыр. 1991 жылы бірінші сыныпқа барған баланың жасы қазір орда бұзар отыздың ортасына келді. Яғни, еліміздің мектептерін, одан кейін жоғары оқу орындарын қазақша оқып, бітірген білікті жастар миллиондап саналады, олардың қатарында инженерлер, технологтар, экономистер, т.б. кәсіби деңгейі жоғары мамандар қаншама. Солай бола тұра түрлі деңгейдегі ұйымдарда қызмет істейтіндердің арасында мемлекеттік тілді қолданбайтындар жеткілікті, тіпті басым. Мәселе мамандар жетіспеушілігінен емес, керісінше, жеке қамын мемлекеттік тіл мүддесінен жоғары қоятындарды мейлінше әлпештеуден туындағандай. Жалпы алғанда, мемлекеттік тілді білетін мамандарға сұраныс мәселесін мемлекет деңгейінде көтеру қажет сияқты.

Біздің Университетте барлық мамандық бойынша қазақ бөлімдері бар. Мемлекеттік тілді дамыту үшін, нақтырақ айтқанда түлектер өз мамандығына орай қазақ тілінде қызмет атқару үшін барлық мамандыққы арнап «Салалық теринология» дейтін пән енгізу жоспарда бар. Демек, қазақ тілі оқытушыларының құзыреті сала-салаға лайық болатындай қам жасау қажет.

Кейінгі үш жылғы статистикаға қарасам, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетіне қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімін даярлауға бағалавриатқа 80 студент, магистратурасына – 96, докторантурасына 32 адам қабылдаппыз. Демек, орта есеппен жылына 80-дей маман дайындайды екенбіз. Осы мамандардың білім алу траекториясын әрбір уақыт талабына қарай өзгертіп отыруға болар еді. «Қазақ тілі мен әдебиеті» дейтін мамандықты бітіргендерді басқа тілде білім беретін орта мектептерге, колледждерге қызметке қабылдамау сияқты оқиғалар кездесіп қалады. Меніңше, ол түлектің білім алу траекториясында қазақ тілін екінші тіл я шетел тілі ретінде оқытуға байланысты айғақтар болса, басқа тілде оқытатын мектептер мен колледждер мұғалім қылып алатындай шарт қажет.

Аталмыш мақаласында Елбасы: «Біз бүгінгі жаңа атаулы ертең-ақ ескіге айналатын, жүрісі жылдам дәуірге аяқ бастық. Бұл жағ­дайда кәсібін неғұрлым қиналмай, жеңіл өзгер­туге қабілетті, аса білімдар адамдар ғана табысқа жетеді», – деп ескерткен. Осыған орай және қозғап отырған тақырыпқа қатысты тағы бір шетін жайт келіп шығады. Филологиялық білім беру ісіне реформа жасау қажет екендігі ара-тұра айтылып қалады. Егер реформа жасалатын болса, бұл мамандықты әртараптандыру (диверсификация) жайын ойластырған жөн. Қазіргі тіл білімінің бағдарларын байқасақ, заңгерлік лингвистика, саяси лингвистика, контентология, спичрайтинг, копирайтинг деген бағдарларды көруге болады. Бұлардың әрқайсын мамандық етіп дербестеу оңайға түспес. Сондықтан филологиялық білім беруде бұларды пән ретінде енгізген артық болмайды. Жалғыз бұлар емес, қоғамдағы қай сала болсын мәтінтүзім жұмысынан айналып өте алмайды.

«Рухани жаңғыру» бағдарламасында мемлекеттік тілдің дамуы мен қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімдеріне тікелей тиесілі жоба «Мемлекеттік тілді латын әліпбиіне ауыстыру» екені айқын. Осы жобаны жүзеге асыратын басты тұлға – қазақ тілі мен әдебиетінің мұғалімі. Қазіргі кездің өзінде бұл мұғалімдер қазақ-латын әліпбиін оқытудың бағдарламаларын даярлап, курстарын жүргізіп жүрген жайы бар. Емленің жобасын әзірлеген де осы мамандар. Бұл істің жүріміне әліпбидің нақты бекімеуі бөгесін болып тұрғанын жасырмау қажет.

Мемлекеттік тілді ана тілім деп есептейтіндер үшін қазақ әдебиеті пәнінің ықпалы өте күшті екенін ескерте кету артық болмас.

Қазір қазақ тілі мен әдебиетінен маман даярлаудың педагогикалық бағытында «Қазақ тілі мен әдебиеті педагогтерін даярлау» деген мамандық аталымы шықты. «Қазақ тілі мен әдебиеті педагогы» деген тіркес дұрыс емес, қисынға келмейді. Педагогика ғылымының үш саласы бар екені белгілі: педагогика тарихы, дидактика, тәрбие теориясы. Ал қазақ тілі мен әдебиетінің педагогикасы деген жоқ. Орыс тілінде де «педагог русского языка и литературы» деген сөзді естіген де, көрген де жоқпыз.

«Мемлекеттік тілді дамытудағы қазақ тілі мен әдебиеті мамандарының рөлі» дегенге орай біржолғы айтарымыз – осындай жайттар.

 

Жантас Жақыпов,

филология ғылымының докторы, профессор

Comments (0)
Post a comment