ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ФОРУМ СЕССИЯСЫНА МОДЕРАТОРЛЫҚ ЖАСАДЫ

22.06.2023

Форум жұмысына қатысқан Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев: «Еріктілер өнегелі істері арқылы қоғамды дамытуға зор үлес қосады. Жанашырлық – қазақтың қанында бар қасиет. Халқымыз қиындыққа тап болған адамдардан көмегін аямаған. Ел басына күн туған қиын-қыстау сәтте «бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығара» білген. Қазақстанға жер аударылған талай этнос өкілдерін бауырына басып, барын бөліскен. Сондықтан бүгінгі жиынның мақсаты халқымыздың болмысымен үндес екені сөзсіз», – деп атап көрсеткен болатын. Аталған сессия жұмысы барысында Түркия, Әзірбайжан және Қазақстан мамандарымен бірге «медиаволонтер» деген жаңа ұғымның сипатын ашуға талпыныс жасалды.

«Спикерлерімнің тәжірибесі мен ерік-жігері медиа саласы мамандарын ерікті болуға бастайтындай әсерлі болды. Мәселен, Тайлан Йылдырым мырза Түркиядағы жер сілкінісі кезінде 93 күн БАҚ координациясымен айналысып, ақпарат таратқан. Отандасымыз журналист Нұрбек Бекбаудың «100 киіз үй» бастамасы ізгілік пен бауырластықтың символындай болғаны рас. Пандемия кезінде дәрігерлер қауымдастығы мен жалпы көпшілік үшін медициналық @medsupportkz платформасын ашқан дәрігер Ботагөз Каукенова мен оның 150 ғалым-дәрігер волонтері, антиваксерлерге қарсы ауқымды акция жасап, мемлекеттік құрылымдарға көмектескен Саида Таукелованың қозғалысы сараптауға тұрарлық. Әзірбайжандық Гюнел Мамадова еліндегі медиаволонтерлік жобалар туралы сөз қозғап, арнайы нұсқаулық ұсынса, «Белгісіз Қазақстан» блогының авторы Камериданов Диас интеллектуалдық волонтерліктің қоғам дамуындағы орасан орны жайлы сөз қозғады. Мен де бірнеше медиа жобамды ерікті ретінде жүзеге асырып келе жатқандықтан, оның қиындығына қанықпын. Осы ретте өз азаматтық бастамаларын бұқаралық жобаға айналдыра алған қайсар әріптестеріме тағы бір мәрте алғыс айтқым келеді»,– деп жазды Мақпал Жұмабай өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында.

Comments (0)
Post a comment