ЮНУС ЭМРЕ ОРТАЛЫҒЫ ҰЙЫМДАСТЫРҒАН КӨРМЕГЕ ҚАТЫСТЫ

23.06.2023

Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі Тіл саясаты комитеті Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының атқарушы директоры Л.Есбосын мен Әдістеме лабтың жетекшісі Ж.Искакова Астана қаласындағы Юнус Эмре атындағы түрік мәдениетінің ұйымдастыруымен өткен «Қағазда қалған қалам ізі» атты каллиграф Мәдина Хұсайынның жеке құснихат көрмесіне арнайы шақырумен қатысты.

Бұл орталық қос бауырлас ел Қазақстан мен Түркия арасындағы мәдени қарым-қатынастарды нығайту мақсатымен түрлі айтулы іс-шаралар ұйымдастырып келеді. Соның ішінде тіл үйрету мәселесі де болғандықтан, Орталықпен ұдайы тығыз қарым-қатынаста.

Құсни-хат дегеніміз ислам мәдениетінің ажырамас айшықты бөлігі, нақыштап көркем жазу өнері болып табылады. Қазақ қыздары арасынан шыққан тұңғыш каллиграф Мәдинаның бұл өрнекті тылсым өнермен айналысқанына үш жылдан астам уақыт болыпты. Осы жылдар ішінде оның қолынан 150 туынды жарық көрген.

Түрік Республикасының Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті елшісі Мустафа Капуджу мырза көрме аралау барысында Орталық өкілдерімен жылы мазмұнда пікір алмасты. Атқарушы директор Лиза Қожаққызы Ахмет Байтұрсынұлының туғанына 150 жыл толу мерейтойына арналып, тұсауы былтыр Парижде кесілген ұлт ұстазының қазақ, орыс, ағылшын және түрік тілдерінде жарық көрген кітаптарын тарту етті.

Көрмеге Юнус Эмре атындағы түрік мәдени орталығынан басқа, еліміздің зиялы қауым өкілдері мен өнер сүйген жұртшылық қатысты.

Comments (0)
Post a comment