ҰЛАНҒАЙЫР ДАЛАНЫҢ РУХАНИ САҚИЫ

29.06.2023

Әбіш Кекілбаевтың 1997 жылы кемеңгер жазушы М.Әуезовтің 100 жылдығына арнап жасаған баяндамасында оны «ұлы даланың рухани сақиына» теңеген еді. Ал сол сақилығына тамам ел тәнті болған, адамзат мойындаған классиктердің қатарында есімі аталатын ұлы Мұхтар Әуезов: «Қазақтың еңкейген кәрі, еңбектеген жасына дейін түгелімен ой түсіріп, өлім ұйқысынан оятып, жансыз денесіне қан жүгіртіп, күзгі таңның салқын желіндей ширықтырған, етек-жеңін жиғызған «Қазақ» газеті болатын», – деп жазған еді ертеректе. Ендеше, оны шығарушылардың өзі ұлттың ұлы ұстазы, қазақтың зиялылары, алаш көсемдері аталып отырған тұлғалар болған, сол тұстағы, кейінгі жылдарда жарық көрген газеттің бәріне көшбасшы болған «Қазақ» газетіне де сақилықты теңей айтсақ, артық етпес.

 

Қазақ баспасөзі туралы профессор Б.Кенжебаев 1888 жыл мен 1928 жылдар арасында қазақ даласында 65-тей газет пен журнал шығып тұрғанын көрсеткен, яғни «Дала уәләятінің газеті», «Серке», «Қазақ газеті», «Қазақстан», «Қазақ», «Ешім даласы» газеттері мен «Айқап» журналы, т.б. Бұл тізімге белгілі қоғам қайраткері Ә.Бөкейханов әр жылдары жарыққа шығарған орыс тілді «Иртыш», «Омич», «Голос степи» газеттерін де қосуға болады. Әрине, осы аталған басылымдардың ішіндегі бірегейі әрі шын мәніндегі тұңғыш ұлттық газет дәрежесіне көтерілгені – «Қазақ» газеті.

1905 жылы Петерборда «Серке» сияқты газет шығару ісіне тыйым салынғанымен, көкірек көзі ашық, алаш азаматтары «елдің көзі, құлағы һәм тілі болатын» жалпықазақтық газет шығару жөніндегі талапты тоқтатпады. Ресми өкімет орындары жан-жақты талап қылған қазақ зиялыларының өтінішін ақыры қабылдап, 1910 жылдың соңында М.Сералинге Троицк қаласында «Айқап» атты журнал шығаруға рұқсат береді. Мәселен, «Семипалатинский листок» газетінің 1906 жылғы 5 июльдегі нөмірінде мынадай хабар басылды: «17 октябрь қарсаңында және кейін де Бөкейханов қырғыз (қазақ – Б.М.) тілінде газет шығармақ болып, қырға кетті. Ол қазақ халқы үшін алдағы болар сайлау мен қойылар істер жайлы өзінің жерлестерімен ақылдаспақ». А.Байтұрсынұлы мен М.Дулатов бұл кезде ел ішіне «Қырық мысал», «Маса» және «Оян, қазақ!» кітаптары арқылы әбден танылған еді. Әрі бұл кезде үшеуі де қайта-қайта түрмеге қамалып, жер аударылып, саяси күреске қаймықпастан бел шешіп кіріскен кез болатын. 1909 жылы Ә.Бөкейханов Самараға, 1910 жылы А.Байтұрсынұлы Орынборға жер аударылады да, М.Дулатов 1911 жылы Семей түрмесіне жабылады.
1911–1915 жылдар аралығында шығып, қазақ даласына кеңінен таралып тұрған «Айқап» журналының алаштың рухани өсіп-жетілуіне қосқан үлесі мол. Бірақ «Айқап» журналы мен оның өкшесін баса дүниеге келген «Қазақ» газеті, олардың ұйымдастырушылары мен шығарушылары арасында үлкен принципті айырмашылық, қайшылық та болған.
Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынұлы сынды қазақ қайраткерлерінің ұзақ жылдар бойғы өтініші қанағаттандырылып, 1913 жылдың қаңтар айында Орынбор губерниясының губернаторы, генерал-лейтенант В.Сухомлинов қазақ тілінде газет шығаруға рұқсат берді. Бұл кезде Орынбор қаласы Ресейдегі ірі сауда және мәдени орталықтың бірі болып саналатын. ХХ ғасырдың басында мұнда үш үлкен татар баспаханасы жұмыс істеп тұрды. Он шақты газет, «Шора» секілді журнал үзбей шығатын. Солардың нақты көмегімен ХХ ғасыр басында «Айқап» журналы, «Қазақ» газеті аяғынан тік тұрып кетті. Бас редакторы қазақтың ұлы ағартушысы Ахмет Байтұрсынұлы, көмекшісі Міржақып Дулатов, белсенді авторлары қатарында Ә.Бөкейханов, Х.Досмұхамедов, М.Тынышпаев, М.Шоқаев, Шәкәрім, М.Жұмабаев, Б.Майлин т.б. Алаштың бетке ұстар азаматтары болған газет бетінде қазақ жұртшылығы, қазақ қауымы үшін өзекті, өмірлік мәні бар тақырыптың баршасы қамтылды. Қазақ газеттері ХХ ғасыр басында универсалды қатынас құралы болғандықтан, қоғам үшін түрлі қызмет атқарды. Сондықтан ХХ ғасыр басы ғана емес, кейінгі 40-жылдардағы тілдік жай-күй, әсіресе, жазу мен емлеге байланысты мәселелер, сол кез үшін бұқаралық сипаты басым болған мерзімді басылымдар тілі, әлі де жете зерделеуді қажет етеді. Солардың бірі әрі бірегейі және ДУГ, ТУГ сияқты аударма басылым емес, ХХ ғасыр басы үшін аса беделді болған, қазіргі уақытта тұңғыш жалпыұлттық газет деген мәртебе беріле аталатын, қазақ зиялылары төте жазумен шығарған мерзімді басылым – «Қазақ» газеті (1913–1918 жылдар).
Бес жыл бойы халықтың «көзі, құлағы, үні» болған «Қазақ» газетіне белгілі тарихшы ғалым М.Қойгелді төмендегідей баға берді: «Дегенмен, «Қазақ» алғашқы сандарынан бастап-ақ сырт көзге мен мұндалап тұрғаны анық, айқын, позициясы түсінікті, көздеген мақсаты бар газет болатын... Ол мақсат – қазақ қоғамын ояту, оны жарыққа жетелеу, ұлт-азаттық езгіге қарсы күрес жолына алып шығу еді. Ауыр отарлық езгі, Столпин реформасы нәтижесінде, жер үшін күрестің шиеленісуі, шаруашылық дағдарыс, саяси-әлеуметтік правосыздық жағдайында «Қазақ» жалпы ұлттық мәселелерді көтеріп, сол үшін күресті. «Қазақ» газетінің ұстанған позиция­сы сол тарихи кезеңдегі қазақ қоғамының табиғатынан туындап жатқан еді. Газеттің жалпы ұлттық басылым ретінде ерекшелігі де, әлеуметтік шектеулігі де осы қырынан тікелей байланысып жатты».
Ал газеттің тұңғыш санындағы бас мақалада оның шығарушысы А.Байтұр­сынұлы: «Аталы жұртымыздың, ауданды ұлтымыздың аты деп, газетамыздың есімін «Қазақ» қойдық. Ұлт үшін деген істің ұлғаюына күшін қосып, көмектесіп, қызмет ету қазақ баласына міндет... Малша оттап, асап ішіп, халық үшін қам қылмай, қарын тойғанына мәз болып, мал өлімінде өлмейік!», – деп толғанды.
Орынбор қаласында 1913 жылдың 2 ақпанында алғашқы саны жарық көріп, 265 санымен 1918 жылдың аяғында шығуын тоқтатқан «Қазақ» газетінің дүниеге келуі, авторларының ғасыр басында қазақ халқының сана-сезімін оятудағы ерен еңбегі, елді мәдени, рухани жағынан көтерудегі прогрессивті рөлі, газеттің қалың бұқара арасына кең таралғаны, оның тілі мен графикасындағы жаңалық-өзгерістері, т.б. мәселелер - қазақ мәдениеті үшін аса маңызды. Әрқилы саяси себептермен ғасырға жуық архивтің «арнайы» қорында жабық жатқан, материалдары ғылыми айналысқа кешеуілдеп түскен «Қазақ» газеті өзіне дейін шыққан («Түркістан уәләятінің газеті», «Дала уәләятінің газеті») және шығып тұрған («Айқап» журналы, «Қазақстан» газеті) газет-журналдардың қай-қайсысынан да өзгеше басылым еді. Газет Ахмет Байтұрсынұлы «түрлеген», жетілдірген жазу үлгісімен (ғылыми тілмен айтқанда – «Байтурсыновский алфавитпен» төте жазумен) жарық көрген.
А.Байтұрсынұлы – қазақ әліпбиінің реформаторы, усул жадид бағытындағы төте жазуды қазақ өміріне әкелген тұлға. Ал төте жазудың қиындығы да, жақсылығы да байқалған алғашқы кезең – осы «Қазақ» газет жарық көрген уақытқа тиесілі.
1913 –1918 жылдары аралығындағы газет нөмірлерінде шағатайдан алынып, өзгеріссіз жазылған бірнеше таңбалар мен сөздер бар. Ол сөздерді жазуда ескі жазу үлгісі толық сақталған, тұтас сөз өзгеріссіз, сол күйінде жаңа жазуға көшірілген: (һәм), (хата), «» (рхмт немесе қазіргі кездегі - рахмет) т.б.
Дауысты дыбыстар мүлде жазылмайтын сөздер де, тиісті әріптер түгел жазылатын сөздер де бар: «» (қосылады).
Араб, парсы тілдерінен енген сөздердің оқылуы мен жазылуы, оларға қосымша жалғау үлгісі, мысалы: «» - мктбде т.б.
Сандарға қосымша жалғанғанда дефис қойылмай жазылады: 50 (50-нші), 2 (2 нші) т.б.
Газетте топонимикалық атаулар және түрлі лауазым, шен атаулары бар (кірме сөздер) үзінділер: «Немс («») дипломатдары Балғарианы («») өзине тартқаны мин тұрмай, грекді («») де битарф қалдирб отр. Гретсиа («») Сербианң одағы. Араларында байласқан оғдалары бар. Ол оғдасы бойнча, Сербиаға жаұ тисе, Гретсиа («») болисұұ тиис. «Ел тартұұдан жғлс табқаны үчн Франсианң («») сртқы с министрі Делкассе («») атстафкаға чқды (1915 ж. №153). Мәтінде Еуропа – «»), Англиа – «»), Грек – («»), Росиа – «»), Түркиа – «»), Германиа – ««»), Афстриа – «»), Стамбол, Дарданил – «»), Мср, Қафқаз – («»), «Балқан түбегінде – «»), Сербиа – «»), «Руминиа – «»), т.б. мемлекет, жер атауларымен қатар каролы – «»), немс – «»), салдат, дипломат – «» ,«министрі – «»), атстафка – «»), «афисер» сияқты лауазым атаулары, ұлт атаулары, Сазоноф – («») сияқты кісі есімдері кездеседі. Бұл бір мақалада орын алған бар тілдік фактілер. Кейбір әріптердің әліпбиде болуының себебін осы тілдік фактілер арқылы түсіндіруге болады. Мысалдарға қарағанда «Ф» реформаланған әліпбиге (төтеге) қажеттілік салдарынан саналы түрде енгізілген әрі бұрыннан бар шағатайдан бері келе жатқан таңба сақталған. «Қазақ» газеті ресми бекітілген емле ережелері жоқ кезде жарық көргендіктен, емле үлгілерін қалыптастырудың қарлығашы іспетті болды.
Ескі қадым жазуы да, ескі төте жазуы да қазіргі қазақ мәдениеті үшін консервант-тіл немесе консервант жазу түріне жатады. Бұл термин еуропа және орыс тіл білімінде біраздан бері қолданыста жүр және бұл қатарға грек, латын, ескі славян жазулары жатқызылады. Біздің мәдениетіміз бен жазу тарихымызда осындай жазу түріне қадым, жәдид жазуларын жатқызуға болады. Олар рухани құндылықтар сақталған қойма іспетті.
Газет бетінде сол тұстағы қазақ қауымына қажетті аса маңызды қоғамдық-саяси, мәдени-әлеуметтік мәселенің бәрі де қамтылды. Саяси-әлеуметтік жағдайларға байланысты материалдар тақырыбы да әртүрлі, көтерген мәселелері әралуан, бұл мақалалар сол кезеңдегі күн тәртібінде тұрған өткір проблемаларға арналған. Енді солардың кейбіріне тоқталып кетейік: «Бөкей қазағына шығатын закон проекті» (Қыр баласы, 1913, № 8); «Жер мәселесі» (Басқарма, 1913, №10); «Төртінші дума һәм қазақ» (Қыр баласы, 1913, №25); «Қала болған қазақтар жайынан» (1913, №27); «Земство не нәрсе?» (М.Д., 1913, № 29, 31, 32, 33, 34, 38, 41, 44); «Қазаққа бөлек мүптилік керек пе?» (Р.М., 1913, №43); «Жер жұмысына дін жұмысын қыстырмалау» (1914, №46); «Аңдаспаған мәселе турасында» (А.Б., 1914, №48); «Государственни Думада» (1914, №48); «Дума маңында неге кісіміз жоқ» (А.Жандалин, 1914, № 48); «Мұғалім һәм мұғалималар хақында закон» (1914, №50); «Духовное собрание» (1914, №58); «Ескі һәм жаңа билер» (С.Шорманов, 1914, №59); «Орыс мейірманшылығы» (1913, №35); «Қазақтан солдат алына ма?» (М.Д., 1914, №60); «Би һәм билік туралы» (Шәкәрім, 1914, №65); «Қазақ ақшасы» (М.Д., 1914, №70); «Закон жобасы» (1914, №76,77,78); «Жаңа уақ қарыз серіктігі» (1915, №128); «Соғыста қазақ тұрмысы» (1915, №130), т.б. Бұл материалдар газет жанрларының түгел дерлік түрлері қамтылғанының дәлелі. Сонымен қатар, «Қазақ» бетінде статистикалық материалдар, жарнамалар, әртүрлі мерзімді басылымдар беттеріне шолулар, қаражаты тапшы, мұқтаж оқушыларға жәрдем, жаңа кітаптар туралы тың мәлімет көптеп кездеседі.
«Сол кездегі қазақ оқығандарының «Ашық хаттарына» да орын беріліп, әр түрлі пікірталастар ұйымдастырылып отырған. «Мұғалім орын іздейді» рубрикасымен мұғалімдерге жұмыс тауып беру проблемасымен де шұғылданған. Көркем проза үлгілері көбінесе «Оқшау сөз» айдарымен, ал өлеңдер «Өлең-жыр» айдарымен тұрақты түрде жарияланған. «Өлең-жыр» айдары көбіне-көп екінші немесе үшінші беттің аяғына қарай орналастырылған. Авторлар кейде толық атын, кейде лақап атын көрсеткен.
«Еуропа соғысы», «Ел ішінде», «Сыртқы хабарлар» сияқты айдарлар - қазіргі мерзімді басылымдардың біразында кездесетін айдарлар».
Бұл санамалап өткен қысқаша мәлі­меттер газеттің жалпыхалықтық болғанын, ұлттың барлық шаруасына да көңіл бөлініп, атсалысып отырғанын тағы да дәлелдей түседі. Осы газет қалыптастырған үлгіден кейінгі газеттер стихиялы түрде тәлім алған. Аталып өткен материал тақырыптарына қарап отырып, газет бетінде әдеби тіліміздің әрі қарай дамуына негіз болған функционалдық стильдің бәрі де бар екенін байқау қиын емес. Атап айтқанда, газет бетінде қоғамдық-публицистикалық стиль аясында ғылыми-көпшілік стиль, ғылыми стиль болған. Көркем әдебиет жанр түрлері арқылы (аударма, поэзия, проза) осы стиль әбден нығайып, буыны қатайған. Сондай-ақ ресми іс-қағаздар стилінің тамаша үлгілері мен эпистолярлық стильге (немесе подстиль) тән дүниенің жеткілікті екені тағы бар. «Қазақ» газетінің әдеби тілді дамытудағы аса зор рөлі стильдік тармақтарды жетілдіру жолындағы қызметімен де ұштасып жатыр, оның өзі үлкен бір мәселенің жүгін арқалайды.
«Қазақ» газеті бетіндегі қайбір мақаланы, материалды алмаңыз, бәрі де ұлт қамын ойлаудан, қалың қазақты қараңғылық ұйқысынан оятудан туындап жататыны. Сол себептен де «Қазақ» газеті ғасыр басындағы халық тілінің, әдеби тіліміздің үлгісі ғана емес, жалпы қазақ қауымының қоғамдық-саяси дүниесінің рухани көрінісі ретінде де қаралмақ.
«Қазақ» газетінің тілі, жазу жүйесінің жетілгені туралы сөз қозғағанда оның бетіндегі барша мақала, хат-хабар тілінің сөйлеу тіліне жақын сөйлемдермен жазылғанын, бұқара халыққа түсінікті, ұғынықты түрде берілгенін және аса қажетті, мұқтаж мәселелерді көтеруімен байланысты екенін айта кеткен дұрыс.
Айталық, «Қазақша оқу жайынан» мақаласынан үзіндіде себебі түсіндіріледі: «Қазақ ішінде бала оқытатын адамдардан бала оқытуға програма (жосық) көрсетілсе екен деген өтініштер келеді. Бұл күнде қазақ арасындағы оқу жосықсыз һәм жосық жасауға болмайды да. Өйткені қазақтың бастауыш мектебінде оқитын кітаптар белгіленбек түгіл әлі шыққан да жоқ. Жаңа ғана әліпби шыға бастады. Оның да қайсысы оқылары белгіленген жоқ. Сондықтан програма деген сөз әзір ертерек. Әлі біз оқытатын кітаптарымызды түзеп, сайлап алып, сонан соң неден бастап неге шейін оқытатынымызға жосық белгілеуге дұрыс» (Қ., 1913,14). Бұл ақпарат әліпбиді тек Ахмет қана жасамағанын, басқа да нұсқаларды жасаған адамдардың болғанын дәлелдейді.
Жаңа сөз яки аударма жазылған соң жақша ішінде кірме сөздің өзі берілген: Аптека: дәріхана. Дәрі сататын магазиндерде, дәріханаларда (аптекалар) жақсы тамыр дәрілер уақтап, кесулі болады (Қазақ, 1913, №13, Тамыр дәрі хақында); Үлес (надел). Ақмола, Торғай һәм Оралда 15 десиатинадан ер басына надел (үлес) алған, кабинеттен жер алған қазақ қала салсақ, мұжықша біз де солдат береміз деп қорқады (Қазақ, 1913, №13, Қазақтан солдат ала ма?); Тоқыма сандықша: кәрзенке. Кісі басына алып жүретін нәрселер мынау: бір байлам төсек-орын, шапан-жақыт, бір шамадан ішкі киім, дастарқан, орамал, уақ түйек үшін бір тоқыма сандықша (кәрзенке) (Қазақ, 1913, №23. Хақ жолы); Басқа: тап, топ (сословие). Өзі сұрамаса басқа (мешан) сословиесіне қосылмайды» деп (Қазақ, 1913, №13, Қазақтан солдат ала ма?).
Ол указда халық ісінің түзелуі үшін не істеу керек, иәғни һәр халық керек деген нәрселерін айтып петисиа (топтап беретін ғарыз) беруге рұқсат етті (Қ., 1913, №11, 21 арель. – Қазақ керегі); Инородцы. Положение об инородцах (бөтен тектілер жайындағы заң) 26-ншы статиасының қосымшада айтылған: «көшпелі инородетстар (иәғни көшпелі қазақтар) егін салғанмен өз ықтиярынсыз селски обывател болмайды (Қазақ, 1913, №13, Қазақтан солдат ала ма?); Миссионер: христиан дініне азғырушылар. Камисиеде қазақтар Миссионер «христиан дініне азғырушылар) болмаса екен (Қазақ, 1913, №13, Қазақ керегі); Норма (мөлшер): Отырықшы болып көру жердің түріне қарай, суарып егін иә жоңышқа егіп отырған жерлерде, нормасы (мөлшері) жеткілікті болса күн көруге болады (Қ., 1913,№3,17 февраль. - Дін таласы); Матрос: Оның сөзін біз мінген кемедегі ағылшын матросы (кеме қызметкері) бөліп айтты (Қ., 1913,№3,17 февраль. - Дін таласы); Кіреш аттанысы: крест жорығы. «Кіреш аттанысы» деп ат қойған Түркиямен болған болған соғыста, бәрі сол кіреш үшін болған (Қазақ, 1913, №3); Соғыс ауруханасы. Әскери госпиталь. Бұл кешке жиылған ақша Петроградта Росиа мұсылманы атынан ашылған соғыс ауруханасы һәм мұқтаж оқушы қазақ жастары пайдасына берілмекші еді (Қазақ, №110. Семейден (Қазақша әдебиат кеші); Сайланғандар: Сайланғандар (уполномошеннилар) жиылған соң, 20-ншы майда кеңес басталды (Қ., 1913, №11, 21 арель. – Қазақ керегі) (7). Сондай-ақ бала оқыту ғылымы – педагогика, «прение» сөзі – сөз жарысы түрінде алынған. Бірақ біз жабық мәжілістерде хүкіметке халықтың ойын айтқан едік («Қ»., 1915, №144). «Закрытое заседание» әсерімен жабық мәжіліс тіркесі дүниеге келген.
Олай дейтінім: «Қазақ балаларын бас-тауыш мактабта ана тілінде оқыту керек деген сөз «Қазақ» бетінде сөйленіб отырғаны жалғыз бұл емес, ауылни школдар туралы айтылыб еді («Қ»., 1916, №167). Бұл мысалда байқалып тұрғаны екі жаңа қолданыс бар. Олар: бастауыш мактаб пен ана тілі. Бастауыш мактаб тіркесінің орнына алғашқы жылдары бірінші басқыш мактаб тіркесі қолданылған. Кейін бұл шұбалаңқы ұғым (бұл да кезінде орыс тілінің әсері арқылы жасалған) айтуға да, түсінуге де жеңіл сөз тіркесімен алмастырылған. Әрине, бұл жерде де орыстың «начальная школа» тіркесінің әсері жоқ емес. Ал сәтті табылған ана тілі тіркесі «Қазақ» газетінің Ахмет Байтұрсынұлы сынды шығарушысының еншісіне тиесілі бірегей қолданыс. Одақтық шарт (союзный договор), бітім шарты (мирный договор), одақтас мемлекетдер (союзные, дружес-твенные государства) сияқты «Қазақта» қолданылған сөз тіркестерінің қазіргі күні де тілімізде өміршең болып отырғанын айта кету керек. Осындай соны жаңалық, тілдік талпыныс қатарына ашық хат тіркесін қосуға болады. Өйткені тұңғыш журнал «Айқапта» «открытое письмо» тіркесі жалаңаш хат түрінде алынған (Мұстафа Оразаев «Дос-майыл қажыға жалаңаш хат». «Айқап», 1913, № 19). Қазақтың зиялылары ғасыр басында «Қазақ» пен «Айқап» бетінде өзара хат арқылы жауаптасып, айтысып, өз ой-пікірін ашық білдіріп отырған. «Қазақ» бетінде жиі жарық көріп отырған мұндай мақалалар «Ашық хат» деп аталады: «Нәзипа ханымға ашық хат», «Қыр баласына ашық хат» т.б.
Сол секілді орыс тіліндегі дара атауды қазақ тілінде сөз тіркесі арқылы сипаттап беру тәжірибесі жиі ұшырасады. Мысалы: Ел тарту, арбасу Европа тілдерінде бір сөзбен «дипломатиа» деб аталады («Қ»., 1917, №215). Мұнан бұлай егін жақсы шығуына нені біліб, не істеу керек екендігін егін ғылымында айтылған сөздерден теріб алыб, жазыб тұрмақшымыз («Қ»., 1913, №3). Сауданың көбі өлі бұйым (тері, терсек, жүн жабағы һәм киізбен) («Қ»., 1913, №33). Олай болмас үшін егін еккен жерді жат шөптерден ада қылу керек («Қ»., 1913, №33). «Сорняк» – жат шөп (қазіргі қолданыста арамшөп), «агрономия» – егін ғылымы деп алынған. «Недвижимость» – өлі бұйым.
«Қазақта» жиі ұшырасатын «Жаңа жыл», «жер жүзі», «жер дүние» сияқты сөз тіркестерін де газеттің, оның шығарушылардың табысы, үлкен ізденісі деуге болады. Байырғы сөздердің тіркесуі арқылы жасалған атаулық тіркестер: бастауыш мектеп, ана тілі, ұлт мәселесі, ұлт намысы, ұлт жұмысы, ұлт қазынасы, тентек су, темір жол, төтенше жарлық, уағда ишараты (сіңіп кеткен араб сөздері), сауда жолы, сауда шартдары, соғыс ғылымы, тұрғын ел, келімсек жұрт, ауыз куәлік, мәдени жұрт, мемлекет кеңесі, әлеумет пікірі, бас жазушы, ауыз хабар, алым құлағы, т.б. Қазақтың төл немесе байырғы сөздері мен орыс тілі элементтерінің тіркесуі арқылы жасалған қолданыстар: жүргінші пойыз, айырықша комисиа, алаш автономиасы, жерлі автономиа, камисиа сыны, Европа мактабтары, партиа ұраны, партиа басылары, салдат бастықдары, совет ғаскерлері, судиалық ғылым, сатсиализм ұжмағы, сатсиализм жолы т.б. Сол кездегі қазақ қоғамындағы әлеуметтік-саяси өзгерістер нәтижесінде орыс тілінен көптеп енген жаңа сөздер тасқынына «Қазақ» газетін шығарушылар шама-шарқынша тосқауыл қойды. Әйтсе де жедел-ақпараттық публицистика тілі, қазақ баспасөзіндегі дәстүрдің жоғы газет бетінде көптеген орыс сөзін амалсыздан қолдануға мәжбүр етті. Көптеген ұғым-түсінік далалықтардың пайымына шақ келмеді. Ұғым жоқ жерде атаудың да болмайтыны белгілі. Сол соны ұғымды қалың бұқараға баяндап, түсіндіріп беруге мәжбүр болған. Бұл тәсіл көбінесе ғылыми мақалаларда, техника соғыс жаңалықтарын баяндайтын хабарларда ұшырасады. Мысалы: Олардың штабының (соғыста ғаскер үстінен қарайтын маһкамасы) ойы бұлай еді ... («Қ»., 1914, № 78); Орыс писателі (сөз жазғышы) Ф.М. Достаевски айтқан: «адам хайуанның жүзі қарасы деб» («Қ»., 1915, № 152); Қазақ ішінде әр жерде бала оқытатын адамдардан бала оқытуға програма (жосық) көрсетілсе екен деген өтініштер келеді («Қ»., 1913, №3); Бұл үшін машинелер ғаскердің ортасына бомба (бомба дегенбытыраб жан-жағына атылатұғын зор оқ), иа болмаса ... («Қ»., 1914, № 81); Дирижабіл сипаты үрлеген мес сиақты айроплан иа құс иа сона сиақты («Қ»., 1914, № 81); Ел тартушылық, арбасу Европа тілінде бір сөзбен «дипломатиа» деб айтылады («Қ»., 1915, №152); Сөйтіп, «Қазақ» газетінің тұтқан жолын басындағы емблемасы (ишараты) мен көрсету үшін газет басына үй сүгіреті қойылған еді («Қ»., 1918, №258); Бір ағза милитсиа (ел қорғаушылар) жұмысын басқарады («Қ»., 1918, №262); Біздің падшалықтың шет жақтарында темір жол аз болғандықтан мобилизатсиа (ғаскер жиу) тез бола қоймайды («Қ»., 1914, №78); Отын бағасы көтерілген себебті соғыс керек жарағын істеб жатқан заводтарға реквизитсиа (еріксіз) жолы мен жиу үшін төмен такса мен отынға нық баға қойылған («Қ»., 1917, №217); Алаш ордасының мемлекетдік гербі (таңбасы) қандай болуы мәселесі қаралды («Қ»., 1918, №258); Баста ортодокс (бір сарыннан таймаушылар) партиасына қарсы құрылған кедергі темірді һәм ... («Қ»., 1916, №164); Дұрысы, қазақ тілі басқа түрік тілдеріне қарағанда самобытность – өзіндік жағынан байырақ, һәм тазарақ («Қ»., 1916, №164) т.с.с.
«Дипломатия», «квитанция», «мобилизация», «милиция» секілді интернационалдық сөздер газетте ел тартушылық, алым құлағы, әскер жиу, ел қорғаушылар тәрізді сәтті баламалармен берілген. Осы іспеттес тәжірибе, тілдік талпыныстар бүгін бәрін жаппай қазақшалау, тілді тазартуға бел буған тұста ерекше ескерілуі керек.
Бұл тақырыпты Мәскеу, Қазан газеталары 5 нші ғинуарда күніне тура келтіріб, газеталар нөмірін баспа сөздің 10 жылдық мерекесіне арнаб шығаруды қаулы қылған екен («Қ»., 1916, №164). «Қазақта» бастау алып, 20-жылдарда да бөлек күйінде жазылған баспа сөз терминінің орнына «Қазақта» алғашында мәтбуғат деген татар сөзі қолданылған. Кейінгі жылдардағы сандарында баспасөз сөзі әбден орныққан.
Осындай жаңа тіркестердің қатарына «Қазақ» газетіндегі от арба, темір жол сияқты сөздерді жатқызуға болады. От арба сөзі көбінесе 1920-30 жылдар еншісіне жатқызылып келді. Оны Сәкен өз шығармашылығында қолданған. Пуризм элементі ретінде кейін тілімізден шығып қалғаны белгілі. Бөгде тілдік элементтерден бойын аулақ салып отырған «Қазақ» газеті арқылы көптеген жаңа біріккен сөздер де осылайша дүниеге келген. Орыс тілінен енген сөздерді газетте калька әдісімен орнықтыруға тырысқанымен, кей сөздердің баламаларын табу қиынға соққан. Мұндай кезде сөз тіркестерінің бір сыңары төл сөзбен беріліп, екінші сыңары сол күйінде қалдырылып отырған. Мысалы: военни тсензура – ғаскери тсензура, совет Министров – Министрлер кеңесі, Министр внутренных дел – ішкі істер министрі, т.б.
«Қазақ» газеті татар, араб, парсы тілдерінің элементтерінен саналы түрде қашып, мейлінше таза қазақ тілінде жазуға тырысқан. Бірақ заман ағымы, объективті себептер орыс тілінен енген сөздердің қазақ тіліне әсерін көбейте берген. Әйтсе де өмір өз дегенін істетіп, жылдар жылжып өткен сайын қазақ тіліндегі терминологияның орыс тілдік қабаты еселеп өсе түскенін зерттеушілер кезінде-ақ байқаған болатын:
1924 жылы 1000 сөздің 14-і орыс сөзі;
1929 жылы 1000 сөздің 25-і орыс сөзі;
1934 жылы 1000 сөздің 68-і орыс сөзі;
1949 жылы 1000 сөздің 80-і орыс тілінен енген терминдер екен. Бұған қосымша мынадай мәлімет беруге болады: «Қазақ» газетінің 1913 жылғы 78-нөміріндегі «Темір жол һәм Европа соғысы» (авторы Мұхаметжан Тынышпаев – «Қазақ инженер» атты мақалада 881 сөздің 68-і орыс тілінен енген сөздер, оның ішінде 50-і мемлекет, ел атаулары.
1916 жылғы 167-нөміріндегі «Шекісбей бекісбейді» деген бас мақалада барлығы 1023 сөз болса, соның 49-ы орыс тілінен енген сөз-қолданыс. 46 рет газета сөзі қолданылған да, қалған үшеуі идеа, нөмір, философиа сөздерінің еншісіне тиеді. Газеттің 1917 жылғы 215-нөміріндегі «Мәңгі татулық, планы» атты мақаладағы барлығы 955 сөздің 47-сі орыс тілінен немесе орыс тілі арқылы өзге елдерден енген сөздер. Осы 47 сөздің 25-і топонимакалық атау мен адам аты.
1918 жылғы 263-нөмірдегі бас мақала қайталауларын қоса есептегенде 950 сөзден тұрады, оның 92-і орыс тілінің элементтері. Осылайша орыс сөздерінің саны мақала мазмұнына байланысты кейде көп, кейде аз кездесіп отырады.
Сонымен, қорыта келе, М.Әуезовтің сөзімен айтсақ, «Жазба әдебиетте Абайдан соң аты аталатын – «Қазақ» газетінің мезгілі Ахмет, Міржақыптың әдебиетке ұлтшылдық туын көтерген мезгілімен тұстас, ол уақыт қазақ жұрты 1905 жылдың өзгерісін өткізіп, ел дертінің себебін ұғып, емін біліп, енді қазақты оятып, күшін бір жерге жиып, патша саясатына қарсылық ойлап, құрғақ уайымнан да, бас сөздерден де іске қарай аяқ басамыз деп талап қыла бастаған уақытына келеді. Төте жазуды, алғашқы емле үлгілерін, газеттерде рубрика беру мен атаудың керемет үлгісін, тілдегі қоғамдық-саяси лексиканы, аударма жасау мен балама табудың ұтымды түрлерін ұсынуы, терминжасамның сауатты қадамын жасауы, халыққа энциклопедиялық білім беру жолында түрлі мәлімет жеткізудегі талпынысы, т.б. қызметі «Қазақтың» шын мәніндегі ұлты жұмысын атқарғанын, ұлттық басылым болғанын дәлелдейді. Бұл тұтынған жолында «Қазақ» газеті өз міндетін дөп атқарды.

 

Бағдан Момынова,
филология ғылымының докторы,
профессор

 

https://anatili.kazgazeta.kz/news/62001

Comments (0)
Post a comment