«МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛ – ТАТУЛЫҚТЫҢ НЕГІЗІ» атты дөңгелек үстел өтті

18.09.2023

2023 жылғы 14 қыркүйекте Қазақстан Республикасы Президентінің Іс басқармасында Қазақстан халқының тілдері күні аясында «Мемлекеттік тіл – татулықтың негізі» тақырыбында дөңгелек үстел өткізілді. Оған Іс басқармасының орталық аппараты мен ведомстволық бағынысты ұйымдарының қызметкерлері, ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Тіл саясаты комитетінің төрағасы, алаштанушы ғалым Ербол Тілешов, танымал аудармашы Камал Әлпейісова қатысты.

Іс-шараның ашылуында Іс басқармасының аппарат басшысы міндетін атқарушы Ербол Адаев құттықтау сөз сөйлеп, Іс басқармасының жүйесінде мемлекеттік тілді дамыту бойынша атқарылып жатқан жұмыстарына тоқталды.

Ербол Тілешов «Тіл және таным» тақырыбында терең әрі мағыналы дәріс оқыды, тіл жанашыры, танымал аудармашы Камал Әлпейісова «Ілеспе аударма – мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту құралы» тақырыбында дәріс оқып, көп жылғы іс-тәжірибесімен бөлісті. Шараға қатысушылар мемлекеттік тілге қатысты ойларында жүрген сұрақтарына тұшымды жауап алып, ғалымдарға ризашылықтарын білдірді.

Бұдан бөлек, Іс басқармасының жүйесінде қазақ тілін жетік білетін, түрлі салада табысты еңбек етіп жүрген этнос өкілдері тіл үйренудегі ұтымды әдістерімен бөлісті.

Іс-шара соңында қатысушылар баяндамашылармен сұрақ-жауап алмасып, пікірлерімен бөлісті және Іс басқармасының жүйесінде көп жыл еңбек етіп, мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейтуге үлес қосып жүрген бірқатар қызметкерлер Іс басқармасының Алғыс хатымен марапатталды.

Comments (0)
Post a comment