ОҚЫТУ ОРТАЛЫҒЫНДА ЖЫЛ ҚОРЫТЫНДЫСЫ ЖАСАЛДЫ

28.12.2023

Ашылғанына екі жылға толмайтын уақыт өткеніне қарамастан,Қарағанды қаласының «Шырақ» тілдерді оқыту орталығы өзінің бағыт-бағдарын айқындап, жұмысы қарқын алып келеді. Жақында орталықта жыл қорытындысына арналған жиналыс өтті. Орталық басшысы Әсия Смықова жыл бойы атқарған жұмыстар туралы қысқаша ақпарат беріп, ұжым мүшелерімен кеңесе отырып, келер жылы қолға алынбақшы іс-шараларды ортаға салды.

Желтоқсанның соңында қаңтардан басталған курстар толығымен аяқталды, биылғы жылы жоспар бойынша мемлекеттік тілді оқыту курсына 550, ал ағылшын тілін оқыту курсына 250 тыңдаушы тартылды. Курс барысында тыңдаушының сабаққа қатысуы басты назарда болып, орталық әдіскерлері тарапынан мониторинг жасалып отырды. Оқыту курстары бойынша проблемалар да жоқ емес. Мәселен, жеке тұлғалардың арасында курсқа жазыла тұра, тұрақты қатыспайтындары да кездесіп қалады. Осыны ескеріп келгенде, қорытынды емтихандағы дайындығы сарапқа салынып, талапқа сай келмегендеріне анықтама берілді.

Жыл ішінде мемлекеттік тілдің қолданыс аясын арттыруға бағытталған бірнеше жоба жүзеге асырылды. Атап айтқанда,осы жылдың қыркүйек айынан бастап Лабоды көшесі 29/3 мекенжайында қазақ тілінен жеке оқыту кабинеті ашылды. Қала бойынша қоғамдық көліктерде «Қазақ тілін жолда үйренеміз» жобасы қолға алынды. Соған сәйкес 10 бейнеролик әзірленіп, қала бойынша қоғамдық көліктерде көрсетілімін жүзеге асырса, осы жоба әрі қарай жалғасын тауып, «Сарыарқа» әуежайы, «Қарағанды магистральдік желі бөлімшесі» және «Сапар» автовокзалындағы мониторларға мемлекеттік тілді үйретудің 30 анимациялық бейнеролигі орналастырылды. Сондай-ақ «Үйде сөйле» жобасы мен «Еркін тіл үйрену» тимбилдигі де жоғарыда аталған мәселені жүзеге асыруға бағытталған іс-шаралар қатарынан орын алды.

«Шырақ» тілдерді оқыту орталығында мемлекеттік тіл саясатын жүзеге асырып, тіл мәдениетін көтеруге бағытталған «Алпамыс батыр» жырын жатқа айтудан «Жәдігер» қалалық жыр байқауы, «Тілім менің-тірлігімнің айғағы!» атты жастар арасында қалалық жыр мүшәйрасы, қазақ әдебиетінің жарқын жұлдызы Мағжан Жұмабаевтың туғанына 130 жыл толуына орай «Алаш алаңы» жобасының аясында «Мен жастарға сенемін!» атты телебағдарламасының түсірілімі, «Қазыналы қария» қалалық байқауы, «Өнер алды-қызыл тіл" қалалық зияткерлік сайысы, «Толғауы тоқсан қызыл тіл» атты шешендік сөз сайысы ұйымдастырылып өткізілді.

2023 жылы оқыту орталығының жетістігі аз болған жоқ. Қазақ және ағылшын тілін оқыту курсының 4 оқытушысы Қарағанды қаласы әкімінің тұңғыш рет берілген «Тіл білгірі» сыйлығының түрлі номинациясына ие болды. Ол ғана емес, қазақ тілі курсының А1 деңгейінде оқып бітірген «Алмагүл» балабақшасының тәрбиешісі Магина Ирина «Үздік тыңдаушы» номинациясын иеленіп, жыл бойы қалалық, облыстық деңгейдегі түрлі іс-шараларға қатысып отырды.

Орталық оқытушысы Чакий Айжарқын республикалық «Үздік подкаст» байқауында 40-тан астам қатысушының ішінен топ жарып, «Үздік мотиватор» номинациясына лайықты тұлға ретінде бағаланды. Алламбергенова Қырмызы болса, Сұлтанмахмұт Торайғыровтың 130 жылдығына арналған «Күн сөнгенше сөнбейміз» атты облыстық поэтикалық battle жеңімпазы атанды.

Сондай-ақ орталық оқытушылары облыстық және республикалық семинар, курстарға қатысып, үнемі біліктілігін арттырып отырды. Оқытудан өзге түрлі іс-шараларды қоса алғанда әр жетістіктің шығармашылық ізденіс пен тынымсыз еңбектің жемісі екенін ескерсек, «Шырақ» тілдерді оқыту орталығының Қарағанды қаласында мемлекеттік тіл саясатын жүзеге асыруға қомақты үлес қосып отырған мекемеекенін атап өтуге болады деген ойдамыз.

Жұпар Жақан,

Қарағанды облысы тілдерді дамыту жөніндегі басқармасы жанындағы

Ресурстық тіл орталығының бөлім меңгерушісі

Comments (0)
Post a comment