Жасанды интеллект саласына құқықтық база дайындалуы керек

10.01.2024

ҚР Парламент Сенаты Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитеті Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығына арнайы келіп, мемлекеттік тілді цифрландыру бойынша атқарылып жатқан жұмыстармен танысты. Іс-шараға Н.Жүсіп, Т.Жүнісов, А.Қапбарова, Р.Рүстемов, Ә.Рахметова бастаған Сенат делегациясымен қатар, Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының директоры А. Фазылжанова мен Назарбаев университеті Ақылды жүйелер және жасанды интеллект департаменті директорының орынбасары Е.Абсалямов қатысып, баяндама жасады.

Жиынды ашқан Сенаттың Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің төрағасы Нұртөре Байтілесұлы: «Заманауи технологиялардың қарыштап дамуы дүниенің жаңа сипатын ашуда. Еліміз жаһандық өзгерістерге дайын болуы тиіс. Осы бәсекеде мемлекеттік тіліміздің сапалы және тиімді түрде дамуын ұйымдастыру - ортақ міндет. Осы бағытта ізденіспен алға жылжып келе жатқан «Тіл-қазына» орталығына арнайы келуіміздің себебі де осы. Бүгінгі кездесудің мәні - жасанды интеллект сынды жаңа бағыттағы кешенді жұмыстарға заңдық жағынан жәрдемдесу, құқықтық база әзірлеу. Қазақ тілін цифрландыру мақсатында әр тараптан атқарылып жатқан жұмыстарды жүйелеп, ұлттық стратегиялық бағытқа жұмылдыруымыз қажет. Елімізде қанат жайып келе жатқан креатив индустрияның өзегі де - тіл екенін баса айтқым келеді” деді.

Кездесу барысында ғылыми қауымдастық алдында тұрған маңызды міндеттің бірі - ауқымды тіл моделін құру мәселесі талқыланды. Қазақ тіліндегі жасанды интеллектті дамыту қадамдары мен осы бағыттағы нақты ізденістер ортаға салынды. “Ұлттық LLM жасау жобасында біздің мекеме сапалы дата қорды қалыптастыру жұмыстарын үйлестірмек. Бұл біз үшін зор жауапкершілік. Қазақ тілінің цифрлы мүмкіндіктерін ашу - оның қоғамдық өмірдің барлық саласындағы кең қолданысын қамтамасыз етпек. Жаңа технологиялар арқылы тіліміздің әлеуетін арттыру - біздің міндетіміз” деді “Тіл-Қазына” ұлттық ғылыми-практикалық орталығының директоры Мақпал Жұмабай.

Comments (0)
Post a comment