РЕСПУБЛИКАЛЫҚ БАС РЕДАКТОРЛАР КЛУБЫ ОРТАЛЫҚҚА АРНАЙЫ КЕЛІП, ҰЙЫМ ЖҰМЫСЫМЕН ТАНЫСТЫ

26.01.2024

Бас редакторлар клубының президенті, ҚР Парламенті Сенатының депутаты Бибігүл Жексенбай бастаған клуб мүшелері ғылыми-әдістемелік және мемлекеттік тілді цифрландыру бағытындағы ІТ өнімдер туралы ақпарат алды. Орталық басшысы Мақпал Жұмабай қонақтарға журналистердің күнделікті жұмысында қолдануға ыңғайлы тілдік жобалармен қатар, қазақша мәтінді дыбысқа айналдыратын және дыбысты мәтінге айналдыратын Telegram-бот жүйесі туралы толығырақ баяндап берді.

Кездесуге Бас редакторлар клубының вице-президенті, республикалық «Әділет» газетінің бас редакторы М.Тоқтағазин, Қазақ радиосының ардагері, белгілі диктор К.Молдахметова, Абай телеарнасының директоры Е.Таңатқанұлы, «Қазақ газеттері» ЖШС Бас директорының орынбасары Қамбар Ахметов, «Қазақстан» РТРК» АҚ интернет дирекциясының жетекшісі Қ.Әуесбай, «Астана ақшамы» газетінің шеф-редакторы Т.Тілеубай, Бас редакторлар клубының жауапты хатшысы Б.Құламан және басқа журналистер қатысты. Клуб мүшелерінің айтуынша, журналистер материал дайындау барысында көнерген сөздерге немесе түсініксіз терминдерге жиі ұшырасады. Жылдам ақпарат жазу кезінде мәтіннің дұрыстығын тексеруге уақыт тапшы болатын сәттер бар. Сондайда жоғарыда аталған платформалардың қай-қайсы да көмекші бола алады, - дейді баспасөз өкілдері.

Жиынды жүргізген Бибігүл Нұрғалиқызы: «Бас редакторлар клубы Орталықтың тілге қатысты жаңа өнімдерін бұқаралық ақпарат құралдары арқылы қоғамға таныстыруға әрдайым дайын. Мемлекеттік тіліміздің сапалы және тиімді түрде дамуын ұйымдастыру тіл мамандары мен БАҚ өкілдеріне ортақ міндет», - деді.

Кездесуде ғылыми қауымдастық алдында тұрған маңызды міндеттің бірі – ауқымды тіл моделін құру мәселесі де талқыланды. Сонымен қатар, жасанды интеллектіні қазақша дамыту қадамдары мен осы бағыттағы нақты ізденістер жайлы тұшымды ойлар айтылды. Жиын соңында М.Жұмабай қонақтарға Орталықтың келешекке жоспарланған іргелі жобалары туралы да жан-жақты мәлімет берді.

 

Comments (0)
Post a comment