ТЕХНОЛОГИЯ САЛАСЫНДАҒЫ ҚАЗАҚ ТІЛІНІҢ ҮЛЕС САЛМАҒЫН АРТТЫРУ КӨЗДЕЛЕДІ

15.02.2024

2024 жылғы 14 ақпанда Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» атындағы ұлттық ғылыми-практикалық орталығының Бас директоры Мақпал Жұмабай ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің кеңейтілген алқа отырысы аясында өткен «Қазақстан Республикасында тіл саясатын дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасын іске асырудың тиімді бағыттары» тақырыбында секция отырысына қатысты.

Тіл саясатын дамыту тұжырымдамасын іске асыруға қатысты мәселелер талқыланып, сондай-ақ, алдағы кезеңнің міндеттері белгіленген бас қосуды ҚР Ғылым және жоғары білім вице-министрі Д.Ж.Ахмед-Заки кіріспе сөзбен ашты.

Іс-шарада ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің Тіл саясаты комитетінің төрағасы Е.Тілешов, ҚР Ұлттық Ғылым Академиясының академигі, филология ғылымдарының докторы, профессор Ш.Құрманбайұлы, ҚР Сыртқы істер министрлігі Мемлекеттік тіл саясаты басқармасының басшысы, филология ғылымдарының кандидаты Д.Дүйсебай, ҚР Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының қауымдастырылған профессоры Н.Төленбергенова, Алматы облысы әкімдігінің Тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының басшысы Д.Ахметов және Қызылорда облысы әкімдігінің Қоғамдық даму басқармасының басшысы А.Есмаханов сөйледі.

Сондай-ақ, Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының Бас директоры М.Жұмабай технология саласындағы қазақ тілінің үлес салмағын арттыруға бағытталған жұмыс барысы туралы айтып өтті.

Секция отырысының қорытындысы бойынша Тұжырымдамада көзделген барлық іс-шараларды толықтай әрі сапалы іске асыру барысы түйінделіп, мемлекеттік тілдің ғылымда, цифрлық кеңістікте, этносаралық қарым-қатынас құралы ретіндегі рөлін күшейту бағытындағы жұмыстардың қарқынды, нәтижеге бағдарлану қажеттілігі баса көрсетілді.

Аталған секция жұмысына облыстардың, Астана, Алматы, Шымкент қалалары әкімдіктерінің тілдерді дамыту саласына жауапты басқармаларының басшылары, ғалымдар, жекелеген орталық мемлекеттік органдардың, қоғамдық ұйымдардың өкілдері қатысты.

 

Comments (0)
Post a comment