ҚАЗПОШТА ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІНЕ ТІЛГЕ ҚАТЫСТЫ ІТ ЖОБАЛАР ТАНЫСТЫРЫЛДЫ

17.05.2024

16 мамыр күні Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы мамандары «Қазпошта» АҚ-ның мемлекеттік тілді дамыту бөлімінің ұсынысы бойынша, пошта қызметкерлеріне тілге қатысты IT-жобаларды таныстырып, семинар өткізді.

Кездесуде «Тіл-Қазына» орталығы Тіл HUB бөлімінің жетекшісі Мөлдір Бақытқызы орталығымыз әзірлеген «Sozdikqor.kz» порталы, «Emle.kz», «Atau.kz», «Qujat.kz», Termincom.kz және т.б цифрлық өнімдер туралы кеңінен баяндаса, Терминология бөлімінің аға ғылыми қызметкері Оразгүл Жәдігерқызы сала мамандарының күнделікті жұмысында пайдаланатын терминдер мен жиі қолданылатын атаулар, сөз тіркестері туралы түсіндірді.

Семинарға «Қазпошта» АҚ-ның орталық аппараты мен филиалдарының 150 астам қызметкерлері қатысып, мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейтуге, қазақ тілінде іс қағаздарды сауатты әзірлеуге үйрететін онлайн-платформалар және пайдалы сайттармен танысты.

«Қазпошта» АҚ-ның мемлекеттік тілді дамыту бөлімінің басшысы Айдос Байбосын «Тіл-Қазына» орталығы әзірлеген заманауи инновациялық өнімдері халыққа,  әсіресе тіл үйренушілерге таптырмас құралдар екеннін атап өтіп,  пайдаланушылар санының артуына тілектестік білдіріп, алғысын айтты.

Comments (0)
Post a comment