ОҚЫТУШЫЛАР ЖАСАНДЫ ИНТЕЛЛЕКТТІ ИНТЕГРАЦИЯЛАУҒА МАШЫҚТАНДЫ

23.05.2024

«Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы ұйыиқы болған «Оқытушылардың кәсіби дағдыларын дамытуға және жасанды интеллектіні интеграциялауға бағытталған қазақ тілін оқытудың заманауи әдіс-тәсілдері» тақырыбында республикалық онлайн-семинар өз мәресіне жетті.

13-22 мамыр аралығында өткен бұл іс-шара Оқытушыларға жасанды интеллект мүмкіндіктерін пайдаланып, заманауи әдіс-тәсілдермен тіл үйрету жолын ұсынып, біліктіліктерін арттыру мақсатында ұйымдастырылған шараға еліміздің барлық аймағынан 100-ден астам тіл мамандары қатысты.

 Әдістемелік шараның алғашқы үш күні мемлекеттік тілді оқытуда жасанды интеллектіні тиімді пайдалану тақырыбына арналды. Тіл үйрену үдерісіне жаңа леп беретін жүйе мүмкіндіктері мен тіл оқытуда қолданысқа енгізу жолдары жайында Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің доценті, ф.ғ.к. Бақыт Айтпаева, НЗМ ДББҰ филиалы «Білім беру бағдарламалары» орталығы Лингвистикалық бағыттағы пәндер бөлімінің аға менеджері Алтынгүл Хасенова дәріс берді.

 Спикерлер жасанды интеллектпен қатар тіл үйретуде пайдалануға ыңғайлы әрі қызықты қолданбалы платформаларды таныстырып, жұмыс істеу жолын көрсетті.

16-17 мамыр күндері оқытушылардың кәсіби құзіреттілігін арттыру тақырыбында НЗМ ДББҰ филиалы «Білім беру бағдарламалары» орталығы, «Лингвистикалық бағыттағы пәндер» бөлімінің қызметкерлері ф.ғ.к. Нұрлыгүл Дәулеткереева мен Алтынгүл Хасенова өз тәжірибелерімен бөлісті. Педагогтің жеке тұлғалық болмысы, адами құндылықтарды игеруінен бастап, тіл үйренушінің білім диапазонын анықтауға дейінгі кәсіби жолы сөз болды.

Семинардың соңғы сабақтары әдістемеге бағытталды. Нұрлыгүл Дәулеткереева қазақ тілін оқытудағы лексикалық және грамматикалық минимумдарды үйретудегі авторлық методикасымен бөлісті. Ол мәтін құрылымына, жаңа лексикалық минимумды түсіндіру және оны беру формасына кеңінен тоқталып, дағдылардың үйлесімі мен сатылай көшуінің заңдылықтарын тарқатты. Ал Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы Қолданбалы лингвистика бөлімінің жетекші ғылыми қызметкері, ф.ғ.к Гүлназ Төкенова тіл үйренудегі мәдени-танымдық құзіреттің маңызына тоқталды.

Онлайн-семинар «Тіл-Қазына» ҰҒПО Әдістеме-LAB ғылыми қызметкері, PhD  Ләйлә Демесінованың дәрісімен тәмамдалды. Ол қазіргі уақыт талабына, сұранысқа сай маман болу үшін педагог білуі тиіс ең қажетті дағдылар турасында сөз қозғады.

  • Біз қазір қаласақ та, қаламасақ та аудиторияны виртуалды әлемнен табамыз. Сондықтан әлеуметтік желілерді өз мақсатымызға сай қолдана алуға тиіспіз. Біздің міндет – ең алдымен дұрыс, қажетті ақпаратты көпшілікке жеткізе білу. Сондықтан қоғам үшін не өтімді болса, сол бағыт біз өз ойымызды жүзеге асыруымыз керек, – деді спикер.

Онлайн басқосу барысында тіл мамандары өзара тәжірибе алмасып, арнайы тапсырмалар орындады. Сабақ жоспары негізінде дәріс берудің жаңа әрі тың әдіс-тәсілдері талданып, түсіндірілді.

Аталған семинар Тіл саясаты комитетінің тапсырысымен ұйымдастырылды. Іс-шара соңында комитет төрағасы, ф.ғ.к. Ербол Тілешов қорытынды сөз алып, іс-шараның маңыздығына тоқталып, қатысушыларға және спикерлерге алғысын білдірді.

Айта кетейік, онлайн-семинарға өңірлік тілдірді оқыту орталықтарының, ЖОО оқытушылары мен әдіскерлері қатысты. Барлық тыңдаушыға 72 сағаттық біліктілік арттыру курсына қатысқандығын растайтын сертификат табысталды.

Comments (0)
Post a comment