Тіл терминдеріне ұлттық басымдық керек

19.06.2024

18 маусым күні елордада «Ақпараттық технологиялар саласының терминдері» республикалық байқауының жеңімпаздары марапатталды. ҚР ҒЖБМ Тіл комитетінің Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы ұйымдастырған бәйгенің басты мақсаты – қазақ тіліндегі терминдердің сапалық, сандық деңгейін арттыру.

Мамыр айының 2-нен маусым айының 10-ы аралығында өткен онлайн байқауға еліміздің әр аймағында тұратын тіл жанашырлары қатысты. Олар терминком сайтындағы терминдер бойынша өз ой-пікірлерін, ұсыныстарын жаза отырып, сауалнама арқылы тапсырмаларды  орындады.  Берілген терминдерге қазақша балама беру арқылы анықтамасына үңілді. Байқау шартының бірі – мемлекеттік тілде ІТ технологиялар саласының жаңа  немесе қазақ тіліне аударылмаған, Теrmincоm  сайтының «Бекітілген терминдер тізіміне» енбеген, қате қолданылып жүрген, талас тудыратын және т.б. мәселелері бар терминдерге бейнеролик әзірлеу болды.  Сондай-ақ қатысушылар мемлекеттік тілде жарық көрген ІТ технологиялар саласының оқулықтарына, ғылыми басылымдардағы  терминдердің қолданысына талдау жасап, оның ұтымды және ұтымсыз тұстарын немесе қателерін ашып көрсетті. 

Салтанатты шараны құттықтау сөзімен ашқан Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің Тіл комитеті төрағасы Ербол Тілешов атап өткендей, биылғы байқаудың шарттары жетілдіріліп, сәйкесінше қатысушылардың да білім-біліктілік дәрежесі артқан.

Әділ-қазылар алқасының төрағасы Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры, ф.ғ.д., академик Шерубай Құрманбайұлы биылғы байқауға қатысушылар ІТ саласының терминдерін игеру, қазақшалау үшін мейлінше ізденіп, ынта-ықыластарын салғаны көрініп тұр, деді. «Ендігі мақсат – ұсынылған терминдердің қолданысқа еніп кетуі. Бұл сала мамандары мен лингвистер бірлесе жұмыс істегенде ғана нәтижелі болмақ», - деді Ш.Құрманбайұлы.

Елімізге белгілі терминолог ғалымдар мен сала мамандары қазылық еткен сайыста 9 үміткер жүлдегер атанды.

Төл тіліміздің терминдерінің ұлттық сипатта өркендеуіне атсалысуға дайын екендігін танытқан 4 үміткер алғысхатпен және ынталандыру сертификатымен марапатталды. Олардың қатарында Алматы қаласындағы «Қазпошта» акционерлік қоғамының Тестілеу бөлімінің бас IT маманы Дидар Баймұхан, Қызылорда қаласындағы химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің баспасөз-хатшысы Елена Рыбина, Қостанай қаласындағы «Жайдарлы жастар» қоғамдық қорының директоры Марғұлан Бәкір және Түркістан облысы, Сайрам ауданы Қарабұлақ ауылдық округінің №100 жалпы білім беретін мектебінің зертханашысы Илмира Ирсалиева бар.

Байқаудың төрт кезеңінің қорытындысы бойынша ақпараттық технологиялар саласының терминдерін зерделеуде ерекше көзге түскен Қызылорда қаласындағы «Оқушылар мен жасөспірімдер үйі» мемлекеттік мекемесінің инклюзивті ағылшын тілінің мұғалімі  Ибрагим Азамат пен Ақтөбе облысы Мәртөк ауданы Сарыжар ауылының тұрғыны Саягүл Жолмағанбетке  3-орын бұйырды. 

Ал екінші дәрежелі диплом мен сыйлық сертификат Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің филология факультетінің магистранты, аудармашы Мәлік Мақсатқа берілді.

Бірінші дәрежелі диплом Әлімхан Жұмабекке бұйырды. Ол – Алматы қалалық №179 жалпы білім беретін мектептің физика пәнінің мұғалімі.

Ақпараттық технологиялар терминдері бойынша өткізілген байқауда жүзден жүйрік шыққан Павлодар қаласындағы Аманжол Шамкенов атындағы мектеп-лицейдің тарих пәнінің мұғалімі Ербол Теміров жеңімпаз атанып, бас жүлде сертификаты табысталды.

Comments (0)
Post a comment