ЛЕКСИКАЛЫҚ ЖӘНЕ ГРАММАТИКАЛЫҚ МИНИМУМДАР ӘЗІРЛЕУ БОЙЫНША ОТЫРЫС ӨТТІ

31.07.2024

2024 жылдың 30 шілдесінде «А1, А2, В1, В2, С1 деңгейлері бойынша лексикалық және грамматикалық минимумдар» әзірлеу жұмыстары бойынша сараптама отырысы өтті. Тіл саясаты комитеті төрағасы Е.Е.Тілешов жалпы қазақ тілін екінші тіл ретінде оқытуда алғаш болып құрастырылған ЛГМ маңыздылығы мен тілші мамандар үшін өзекті құжат болатындығы, ЛГМ құрастыру қағидаттары мен шетелдік тәжірибе туралы сөз қозғады. «Тіл-Қазына» ҰҒПО басшысы міндетін атқарушы Л.Қ.Есбосын жалпы ЛГМ әзірлеу барысында атқарылған жұмыстармен таныстырды.
Сараптама мүшелері КИМЭП оқытушысы Н.Ж.Бекеева мен Астана халықаралық университетінің доценті Ғ.К.Резуанова ЛГМ-ге сараптама жасап, лексикалық, грамматикалық минимум әзірлеу барысында жасалған жұмыстарға өздерінің оң бағасын беріп, ұсыныстарын да білдірді.
ЛГМ авторлары Г.А.Мұсаева, Н.Ж.Дәулеткереева, А.Қ.Балабеков, А.М.Қалиева, Ж.К.Сүйінжановалар да жұмыс барысында кездескен қиындықтар мен лексикалық, грамматикалық минимум құрастыру қағидаттарымен таныстырып, теориялық негіздемесін жасады.
«Тіл-Қазына» ҰҒПО ұйымдастыруымен орындалып жатқан игі бастамалардың алдағы уақытта ЛГМ негізінде әзірленетін оқу құралдары түрінде жалғасын табатын болады.

Comments (0)
Post a comment