Бірінші Еуразиялық лингвистер конгресі өтті

18.12.2024

2024 жылдың 9-13 желтоқсаны аралығында Ресей Ғылым академиясының 300 жылдығына орай РҒА Тіл білімі институтының бастамасымен және РФ Ғылым және жоғары білім министрлігінің қолдауымен Мәскеу қаласында өткен І Еуразиялық лингвистер конгресіне Ш. Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми практикалық орталығының ғалымдары ф.ғ.к. Нұрзия Әбдікәрімқызы мен ф.ғ.к., доцент Гүлназ Төкенқызы арнайы шақыртумен қатысып қайтты.

Конгресс жұмысының аясында бес күн бойы 8 пленарлық отырыс, 18 секция жұмысы, 22 дөңгелек үстел, 2 онлайн және 1 офлайн стендтік сессиялар ұйымдастырылды. 

Біздің ғалымдарымыз «Жойылған тілдің «тірі» деректері: хотон мәтіндері» тақырыбында түркология секциясында баяндама жасады. Ғалымдарымыз өз баяндамасында жойылған түркі тілдерінің бірі – хотон тілінің «тірі» мәтіндерін ғылыми ортаға таныстырды. Бұған дейін «түсініксіз тіл», ондағы мәтіндерден түркі сөздері мен фразаларын ажыратып алу мүмкін емес деп зерттеуден қалыс қалған  мәтіннің ең әуелі қазақ тіліне, соңынан орыс тіліне аударылып, интерпретация жасалуы түркология саласындағы қомақты олжа ретінде бағаланды.

Баяндама әлемнің әр түкпірінен келген түркітанушылар ғана емес, басқа да бағыттағы тілтанушы ғалымдардың қызығушылығын тудырды. Атап айтар болсақ, АҚШ, Аляска штатының Фэрбенкс университетінің профессор Джеймс Кари біздің ғалымдардың мақаласының тақырыбын Конгресс бағдарламасынан көріп, түркология секциясына арнайы қатысып отырғанын айта келіп, баяндамашы-ғалымдарымызға алғысын білдіріп, тың мәліметтер алғанын жеткізді. Конгреске онлайн режимде қатысқан Қазан Федералды университетінің профессоры З.Н.Кириллова хотон тілі туралы деректер  Н.Катанов еңбектерінде де бар, бірақ «Мұндай нақты талдаулар мен мәліметтер жаңа зерттеулерге жол ашады, баяндамаларыңыз үшін алғыс айтамын», – деді. Сонымен қатар Томск, Тыва, Әндіжан тағы бірқатар университеттердің түрколог-ғалымдары өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, баяндаманың өзектілігін атап өтті.  

Конгресс барысында Хельсинк университетінің (Финляндия) профессоры Юха А. Янхунен,  Джавахар Неру университетінің (Индия) профессоры Айеша Кидвай, Калифорния университетінің профессоры Джоханна Николс, Лейпциг университетінің (Германия) профессоры Мартин Хаспельмат, Ресей Ғылым академиясының Тіл білімі институтының директоры А.А.Кибрик, Санкт-Петербург университетінің профессоры Т.В.Черниговская, М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің профессоры В.А.Плугнян және тағы басқа дүние жүзіне әйгілі ғалымдар пленарлық отырыстар және дөңгелек үстелдерде баяндама жасады. 

Аталған іс-шараның маңызы бойынша Терминология бөлімінің жетекші ғылыми қызметкері, ф.ғ.к. Нұрзия Әбдікәрімқызы өзінің әсерімен бөлісті: «Бес күнге жалғасқан Еуразия лингвистерінің алғашқы конгресін ұйымдастырушылар ғалымдарға өз көзқарастарын ашық айтып, пікір алмасуға жағымды жағдай жасай білді. Ұлттық тілдер мен жасанды зерде жарысқа түсіп жатқан қазіргі уақытта тіл ғылымында шешімін табуға тиісті мәселелер шаш етектен екендігі конгресте көтерілген мәселелерден аңғарылып тұрды. Қазақ тіл білімін әрі қарай дамыту үшін  қолға алатын және жас ғалымдар айналысуы керек тың тақырыптар мен зерттеулер жөнінде ой түйіп қайттық.»

Орталығымыздың жетекші ғылыми қызметкері, ф.ғ.к. Гүлназ Төкенқызы: «Бұл Конгреске қатысу үшін ұйымдастырушы тарап Нұрзия Әбдікәрімқызының барлық шығынын өтеген болса, қосалқы автор ретінде менің де қатысуыма мүмкіндік жасаған «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының Бас директоры Мақпал Құрманжанқызына алғысымызды білдіреміз», – деді.

Comments (0)
Post a comment