Қазақ тілінің зияткерлік әлеуеті айқын

Астанада «Креативті индустрияның тілтанымдық негіздері: зерттеулер мен әзірлемелер» тақырыбында стенд-конференция өтті. Ұйымдастырушысы - Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты. Жиында қазақ тіл біліміндегі жаңалықтар мен ғылыми мекеме әзірлеген цифрлық өнімдер, зерттеу еңбектер мен сөздіктер таныстырылды.
Шараны Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек ашып, құттықтау сөз сөйледі.
- Тіл моделін жасау – бұл тілдің болашақта аман қалуының кепілі. Тілдік, ұлттық корпустарды қалыптастыру қазір кез келген мемлекет алдындағы міндет. Заман талабының үдесінен шығу үшін біз былтыр KazLLM моделінің І деңгейін әзірлеп, бітірдік. Бұл жұмыстың жүйелі әрі жылдам жүруіне Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты жинақтаған база тікелей ықпал етті. Қазақ тілінің тұңғыш цифрлық моделі – жасанды интеллект революциясына әлеуетіміздің жететіндігінің дәлелі, - деген министр ауқымды жобаның жүзеге асуына үлес қосқан тіл саласы мамандарының барлығына алғысын білдірді.
Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының директоры Анар Фазылжанова мекеменің соңғы үш жылда жасаған жұмыстарына тоқталды:
- Қазақ лингвистикасын дамытушы негізгі мекеме болғандықтан біздің басты мақсат – қазақ тілінің модернизациясының, лингвистикалық базасының, мемлекеттік тіл саясатының ғылыми негіздемесін жасау, ұлттық сөздік қорды толықтыру және тілтанымдық мәдениетті көтеру. Ал қазіргі кезде қазақ тіліне төнген қауіптер біршама. Атап айтсақ, тілдік трансмиссия әлсіреді. Бізде ауыл қазағы мен қала қазағының бірін бірі түсіну деңгейі алшақтап бара жатыр. Осы құбылыстың дендеп кетпеуі үшін не істеу керек деген мәселені қарастырып зерттеудеміз. Калькалану салдарынан тілдік тоқырау қауіпі бар. Яғни қазақ тілінің ғылыми нормативтік базасын жетілдіру керек. Сондай-ақ қазақ тілінің постиндустриалдық қоғам талаптарына сай жаңғыруы баяу жүруде. Ол үшін қазақ тіліндегі жасанды интеллект бағытында, жаңа әліпби негізінде тіл реформасы керек.
Басқосуда Тіл білімі институтының зерттеу нәтижелері мен әзірлемелері, атап айтқанда, Қазақ тілінің ұлттық корпусы, оның ішкорпустары, «Қазақ тілі әмбебап электрондық сөздігі», «Тілтанымдық электрондық кітапхана», «Қазақ мәтінін автоматты тану жүйесі», «Ақылды мәтінтүзеткіш» сынды смарт-өнімдердің және ғылыми еңбектердің тұсауы кесілді.
Іс-шара қатысушылары қазақ тілін үйренушілерге қолғабыс әрі қазақтілді орта жасауға негіз болатын цифрлық өнімдер мен тілтанымдық-ғылыми жаңалықтарға оң бағасын берді.
- Мұндай тілтанымдық өнімдер еліміздегі жалпыұлттық бірегейлікті нығайту мен тұрақты дамуға елеулі үлес қосады. Ұсынылып отырған смарт қосымшалар мен корпус – жылдардың жемісі. Қажырлы, тынымсыз еңбектің атқарылғанын баршамыз көріп отырмыз. Қазақ тілін модельдеу ісінде Тіл білімі институты сапалы, нәтижелі жұмысын әрі қарай жалғастыратынына сенеміз, -деді ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі, филология ғылымдарының докторы, профессор Кәрімбек Құрманәлиев.
Конференция соңында институттың қазақ тіл білімін дамытуға және ғылым саласында қазақ тілінің қолданылуына қажетті тілдік базаны жетілдіруге бағытталған еңбектері мен смарт әзірлемелерінің көрмесі көпшілік назарына ұсынылды.