«ТІЛ ЖӘНЕ ҚОҒАМ» ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ҒЫЛЫМИ ЖУРНАЛЫНА МАҚАЛАЛАР ҚАБЫЛДАНАДЫ

Құрметті ғалымдар, тіл мамандары!
«Тіл және қоғам» альманағын БҒСБК (КОКСОН) тізіміндегі ғылыми журнал ретінде және қазақ, орыс, ағылшын тілінде шығару міндеті қойылды. Осыған орай альманах ендігі жерде халықаралық ғылыми журнал болып өзгерді. Осы өзгеріске байланысты журналдың тілі, таралу аумағы, тақырыптық бағыты, шығару мерзімі өзгеретіндіктен 2024 жылғы 19 маусымдағы № 93-VIII «Масс-медиа» туралы Қазақстан Республикасы Заңының 22 бабы, 5 тармақшасына сәйкес ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі, Тіл саясаты комитетінің «Тіл және қоғам» журналы ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Ақпарат комитеті республикалық мемлекеттік мекемесінен қайта тіркеуден өтіп, мерзімді баспасөз басылымын, ақпарат агенттігін және желілік басылымды қайта есепке қою туралы №KZ68VPY00111810 куәлігін алды.
Жаңа атауы: «Тіл және қоғам» халықаралық ғылыми электрондық журналы
Шығу жиілігі: жылына 4 рет
Тілі: қазақша, ағылшынша және орысша
Тақырыптық бағыты: лингвистика және жасанды интеллект, терминология, тіл оқыту әдістемесі
Таралу аумағы: Қазақстан Республикасы, алыс-жақын шетел
Осыған орай «Тіл және қоғам» журналының №1 санына: 1) Лингвистика және жасанды интеллект; 2) Терминология 3) Тіл оқыту әдістемесі бағытындағы ғылыми мақалалар қабылданады.
Мақала БҒСБК (КОКСОН) тізіміндегі ғылыми журналдардың техникалық талаптарына сәйкес болуға тиіс.
«Тіл және қоғам» халықаралық ғылыми электрондық журналына жарияланатын мақаланы рәсімдеуге қойылатын ТЕХНИКАЛЫҚ ТАЛАПТАР төменде қоса жарияланып отыр.
Мақалаланы жіберуге арналған деректер:
Электрондық пошта: til.qogam@tilqazyna.kz
Бас редактор: +7 77761118186
Жауапты редактор: +7 77026704343
Халықаралық ғылыми журнал редакциясының мекенжайы: 010000, Астана қаласы, Сауран көшесі, 7А, «Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы» КЕАҚ
___________________________________________________________________
«Тіл және қоғам» халықаралық ғылыми электрондық журналына жарияланатын мақаланы рәсімдеуге қойылатын
ТЕХНИКАЛЫҚ ТАЛАПТАР
Мақаланы жариялау үшін әрбір автор дербес құжат түрінде ұсынуы міндетті:
- Мақала материалдары – мәтін, соның ішінде автордың аты-жөні, мақала атауы, аңдатпа және мемлекеттік, орыс және ағылшын тілдеріндегі түйінді сөздер, жарияланым тіліндегі әдебиеттер, ағылшын тіліндегі әдебиеттер және транслитерация, суреттер және атаулары бар кестелер RTF форматында бір файлмен ресімделеді;
- Авторлар туралы мәліметмазмұнына келесі элементтер кіреді:
- аты, әкесінің аты және тегі;
- ғылыми атағы, ғылыми дәрежесі;
- лауазымы немесе кәсібі;
- жұмыс орны (мекеменің немесе ұйымның, елді мекеннің атауы);
- елдің атауы (шетелдік авторлар үшін);
- электрондық мекенжайы (e-mail).
Автордың аты атау септік тұлғасында келтіріледі. Әкесінің атын пайдалану қабылданбаған жағдайда, бір инициалы немесе аты келтіріледі. Ғылыми атағы, ғылыми дәрежесі, лауазымы, кәсібі, жұмыс орны, елдің атауы туралы мәліметтер толық нысанда көрсетіледі.
Жариялау үшін ұсынылған материалдар келесі талаптарға сай болуы тиіс:
- Мақала мазмұнында түрлі ғылым (гуманитарлық, әлеуметтік, техникалық) саласындағы мемлекеттік тілдің өзекті мәселелері, лингвистика, терминология және тіл оқыту әдістемесі, тіл саясатына қатысты мәселелердің өзара үндестігі мен байланысы, қазіргі қолданыстағы жаңа тенденциялар, жасанды интеллектінің тіл кеңістігіндегі рөлі, қазақстандық көлемді тіл моделін жасау барысы және т.б. мәселелер қарастырылуы керек.
- Сондай-ақ лингвистика және жасанды интеллект, терминология және тіл оқыту әдістемесі салаларындағы өзекті мәселелерді шешу жолдары мен ұсыныстар қамтылған мақалалар қабылданады.
- Мақала көлемі тақырыбы, авторлары туралы мәліметтерді, аңдатпа, түйін сөздерді, библиографиялық тізімді қоспағанда, негізгі мәтін 2500-3500 сөзден тұруы керек. Шрифт Times New Roman-12, жиектері – жоғарғы және төменгі – 2 см, сол жақ – 3 см, оң жақ – 1,5 см, абзац – 1,25, жоларалық интервал – 1.
- Мақалалар қазақ, ағылшын және орыс тілдерінде қабылданады.
- Мақала материалының құрылымы келесідей болуы тиіс:
- ӘОЖ – жоғарғы сол жақ бұрышында;
- Мақала бағыты мен тілі бойынша ҒТАХР \/ МРНТИ \/ IRSTI нөмірi және әр автордың Orсid ID нөмірі қойылуы керек;
- Авторлар туралы мәлімет, мақала аты үш тілде беріледі;
- Бірлескен авторлар рет санымен нөмірленеді;
- Мақала мәтіні тіліндегі аңдатпа, түйін сөздер – қазақ тіліндегі мәтін үшін орысша және ағылшынша, орыс тіліндегі мәтін үшін қазақша және ағылшынша, ағылшын тіліндегі мәтіндер үшін қазақша және орысша беріледі. Түйін сөздер 5-8 сөзден кем емес;
- Мақала мәтіні келесі ретпен ұсынылуы керек:
- Кіріспе
- Әдістеме және зерттеу әдістері
- Талқылау мен бақылау
- Нәтижелер
- Қорытынды
- Пайдаланылған әдебиеттер тізімі (10-15 атаудан кем емес).
- Қазақ тіліндегі мәтінді кириллицадан латын қарпіне көшіруді https:qazlat.kz сайтында жасауға болады. Орыс тіліндегі мәтінді латын қарпіне көшіруді http:www.translit.ru сайтында жасауға болады;
- Интернет сайтқа сілтеме берген жағдайда сайт, тақырып көрсетіледі;
- Библиографиялық тізімде мақала тақырыбы бойынша белгілі шетелдік авторлардың ғылыми еңбектері болғаны дұрыс;
- Иллюстрациялар (кестелер, сызбалар, диаграммалар) компьютерде немесе анық сызба түрінде А4 форматындағы жеке парақта орындалуы тиіс. Сурет нөмірі қағаз тасымалдағыштың екінші жағына қойылады, жиегіне оның орналасқан орны белгіленеді;
- Әдеби дереккөздерге түсіндірмелер мен сілтемелер нөмірленіп, дәйексөзден соң шаршы жақша ішінде дереккөздің рет нөмірі, үтірден соң беті көрсетіліп беріледі. Жолма-жол сілтеме беру үлгісі: [3, 54];
- Плагиатқа қарсы жүйеден өткенде (КП1-30% шекті мәндерінің шкаласы) және рецензенттерден оң ұсыныс түскен жағдайда мақаланы жариялау туралы соңғы шешім қабылданады;
- Жарияланатын мақалаға редакция тарапынан DOI цифрлық нысан идентификаторы беріледі;
- DOI – ҒТАХР-дан кейінгі келесі жолда жоғарғы сол жақ бұрышта (журнал редакциясымен беріледі және толтырылады);
- Автордың (-лардың) тегі мен аты – жөні (егер мақала қазақ немесе орыс тілінде жазылған болса); тегі мен аты (толық жазылады) (егер мақала ағылшын тілінде жазылған болса) - ортасында DOI-ден кейінгі бір жолдан соң, қою қаріппен жазылады;
- Ұйымның атауы (жұмыс немесе оқу орны), қаласы, елі – орта тұсында автордың тегі мен аты-жөнінен кейін бір жолдан кейін қою қаріппен жазылады;
- Автор (-лар) дың электрондық поштасы – орта тұста ұйымның (жұмыс немесе оқу орнының) атауынан кейінгі бір жолдан соң;
- Мақала атауы – бет ортасында автор (-лар) электрондық поштасынан кейінгі бір жолдан соң бас әріптермен, қою шрифтпен жазылады;
- Аңдатпа (сөз қою қаріппен жазылады) – мақала атауынан кейінгі бір жолдан соң (жаңа жолдан, теңестіру ені бойынша жүргізіледі). Аңдатпа 300 сөзден аспауы керек;
- Түйін сөздер (сөз тіркесі қою қаріппен жазылады) – аңдатпадан кейін жаңа жолдан бастап (теңестіру ені бойынша жүргізіледі);
- Негізгі мәтін құрылымы (кіріспе; зерттеу әдістері; талқылау мен бақылау; зерттеу нәтижелері; қорытынды; алғыстар) – түйін сөздерден кейінгі бір жолдан соң (бөлім атауы парақ ортасында курсивті қаріппен теңестіріледі, әрі қарай жаңа жолдан бөлім мәтіні жай қаріппен жазылып, теңестіру ені бойынша жүргізіледі);
- Әдебиет (сөз бас әріптермен және қою қаріппен жазылады). Бұл бөлімде пайдаланылған әдебиеттер жарияланым тілінде жазылады – негізгі мәтіннен кейінгі бір жолдан соң (теңестіру парақ ортасы бойынша, әрі қарай әдебиеттер тізімі жаңа жолдан (абзац), теңестіру ені бойынша);
- Мақаланың толық атауы 15 сөзден аспауы тиіс.
- Кестелерді, суреттерді, формулаларды ресімдеу. Мақалада дөңгелек жақшада (1) мәтін бойынша сілтемелер бар формулалар ғана нөмірленеді. Кестелерде, суреттерде, формулаларда символдарды, белгілерді белгілеуде әркелкілік болмауы тиіс. Мәтіндегі суреттер мен кестелерге сілтемелер болуы тиіс, мысалы: «...1-кестеде» немесе (Кест. 1); «…1-суретте» немесе (Сур. 1). Графиктер, суреттер және фотосуреттер мәтінге олар туралы алғаш рет айтылғаннан кейін автор үшін ыңғайлы түрде салынады. Сурет астындағы жазбалар келесідей беріледі: иллюстрациялардың астында, парақ ортасында реттік нөмірі бар сурет сөзінен кейін, мысалы: Сурет 1 – Сурет атауы; кестенің үстінде, парақ ортасында реттік нөмірі бар кесте сөзінен кейін, мысалы: Кесте 1 – Кесте атауы. Мәтіндегі жалғыз сурет, кесте нөмірленбейді;
- Аббревиатуралар мен қысқартуларды пайдалану. Мақаланың негізгі мәтінінде аббревиатуралар мен қысқартуларды қолдануға болады. Барлық аббревиатуралар мен қысқартулар, жалпыға бірдей түсініктілерін қоспағанда, мәтінде бірінші рет қолданылған кезде толық түсіндіріліп жазылуы тиіс. Түсіндіріліп жазылғаннан кейін, аббревиатура немесе қысқарту дөңгелек жақшада жазылады, мысалы: «…Шығыс Қазақстан облысында (ШҚО)». Аңдатпа мен кілт сөздерде аббревиатуралар мен қысқартуларды пайдалануға жол берілмейді;
- Мақала материалдарын қазақ, орыс және ағылшын тілдеріне аудару үшін Интернет-ресурстың автоматтандырылған бағдарламаларын пайдалануға жол берілмейді;
- Мақаланы журналға жіберер алдында, материалдардың жалпы орфографиясын, тиісті терминдердің дұрыс жазылуын және жұмыс мәтіні мен сілтемелерді ресімдеуді мұқият тексеру қажет;
- Мақала осы талаптардың ең болмағанда біреуіне сәйкес келмеген жағдайда, редакциялық алқа оны қабылдамауға құқылы;
- «Тіл және қоғам» халықаралық ғылыми электрондық журналы – жылына төрт рет жарыққа шығатын мерзімдік басылым. Журналдың электрондық нұсқасы басылымның дербес сайтына және www.tilalemi.kz сайтында орналастырылады;
Рецензияның оң бағасын алған мақалалар жариялауға жолдама алып, тегін басылып шығады.
Қаламақы. Мақаласы жарияланған авторлардың кейбіріне ғылыми әлеуетіне сай белгіленген мөлшерде қаламақы төленуі мүмкін.