«Тіл‑Қазына» ұлттық ғылыми‑практикалық орталығының Ғалым хатшысы тағайындалды

10.07.2025

«Тіл‑Қазына» ұлттық ғылыми‑практикалық орталығының Ғалым хатшысы болып Дана Жаңабекқызы Оспанова тағайындалды.

Дана Жаңабекқызы өзінің еңбек жолын 2017 жылы бастап, осы уақыт аралығында Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының Орфография, Қолданбалы лингвистика, Әдістеме LAB, Терминология бөлімдерінде ғылыми қызметкер және басшы қызметтерін атқарған.

Ғалымның ғылыми-әдістемелік тәжірибесі кең ауқымды және мазмұнды еңбектерімен ерекшеленеді. Ол қазақ тілін оқытуға арналған «Қазақ сөзі. 900 сөз», «Қазақ сөзі. 1200» құралдарының телавторы, сондай-ақ «Әлихан Бөкейханұлы» энциклопедиясының жауапты хатшысы ретінде редакциялық-ұйымдастыру жұмыстарын жүргізген. Сонымен қатар, «Ахмет Байтұрсынұлы» және «Әліппе» энциклопедияларының авторларының бірі ретінде маңызды ғылыми-танымдық жобаларға атсалысқан.

2022 жылы жарық көрген А.Байтұрсынұлының «Таңдамалы / Seçme eserler» кітабының корректоры ретінде жауапты жұмыс атқарған. Сонымен бірге, латын графикасына негізделген қазақ емле ережелерін оқыту бойынша тренер болып қызмет еткен. Ол — «Emle.kz» орфографиялық электронды ақпараттық порталының ғылыми көмекшісі, түрлі жобаларға ғылыми сүйемелдеу көрсеткен тәжірибелі маман.

2024 жылы «Лингвомәдени кеңістіктегі эмотивтілік: тілдік әсер және құзырет» тақырыбында философия докторы (PhD) ғылыми дәрежесін сәтті қорғады.

Қазіргі таңда Дана Жаңабекқызы «Қазақ тілі ұлттық корпусының бес кіші корпусы» жобасының жетекшісі ретінде жұмыс істеп келеді. Оның зерттеу бағытына корпус лингвистикасы, эмотиология, психолингвистика, тілді цифрландыру және әдістеме салалары жатады. Сонымен қатар, бірнеше ғылыми жобалардың белсенді мүшесі ретінде де танылған.

Бүгінгі күнге дейін жалпы саны 21 ғылыми мақаласы жарияланған, оның ішінде:
• шетелдік рецензияланған журналдарда – 5 мақала,
• ҚР ҒЖБССҚК ұсынған отандық басылымдарда – 7 мақала,
• 1 ұжымдық монография (бірлескен авторлықта).

2024 жылы ғылым мен технология саласындағы елеулі жетістіктері және жас ғылыми кадрларды тәрбиелеудегі үздік қызметі үшін Дана Жаңабекқызы «Ғылым үздігі» Құрмет дипломымен марапатталған.

Comments (0)
Post a comment