«Тіл-Қазына» орталығы мамандары республикалық семинарға қатысты

11.10.2025

10 қазанда Қарағанды қаласында ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің Тіл саясаты комитеті мен Қарағанды облысы әкімдігінің ұйымдастыруымен «AMANAT» партиясының мәжіліс залында «Ғылымдағы қазақ тілі: тәжірибе мен мүмкіндіктер» атты республикалық семинар өтті.

Семинарға Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының басшысы Мақпал Құрманжанқызы Жұмабай, Цифрлық трансформация орталығының басшысы Айгерім Тельжанқызы Серікжанова және АІ бөлімінің АІ маманы Тимур Амантайұлы Бектұр іс-шараға қатысты.

Іс-шара барысында қазақ тілін ғылым мен технология саласында дамыту, оны цифрлық кеңістікке бейімдеу және жасанды интеллект жүйелеріндегі қолданысын кеңейту мәселелері жан-жақты талқыланды.

Семинардың ашылуында Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Әлібек Әлденей өңірде салалық өндірістік-кәсіптік қазақ тілін қалыптастыру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатқанын атап өтті. Бұл тәжірибе өзге аймақтар үшін де үлгі боларлық бастама ретінде бағаланды.

Семинар барысында «Тіл-Қазына» орталығы атынан Тимур Амантайұлы Бектұр баяндама жасап, қазақ тілін цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект кеңістігіне енгізудің өзекті бағыттарын ұсынды. Ол өз сөзінде қазақ тілін машиналық оқыту, тілдік модельдер және интеллектуалды жүйелерде қолдану — ұлттық тіл саясатын жаңа деңгейге көтерудің маңызды тетігі екенін атап өтті. Сонымен қатар, «Тіл-Қазына» орталығы қазақ тілінің цифрлық экожүйесін қалыптастыруға, оны түрлі салада — ғылымнан бастап креативті индустрияға дейін — қолдануға бағытталған жобаларды жүзеге асырып келе жатқанын жеткізді.

Жиын соңында ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Тіл саясаты комитетінің төрағасы Ербол Ердембекұлы Тілешов, басқарма басшысы Қайыржан Алдашұлы Рахымжанов, сондай-ақ «Тіл-Қазына» орталығының басшысы Мақпал Құрманжанқызы Жұмабай мен АІ бөлімінің АІ маманы, сарапшы Тимур Амантайұлы Бектұр тіл саясаты саласындағы еңбегі үшін марапатталды.

Мұндай ауқымды басқосулар - ғылым мен технология кеңістігінде қазақ тілінің беделін арттырып, ұлттық тіл саясатын заманауи талаптарға сай жүзеге асыру жолындағы маңызды қадамдардың бірі болып табылады.

Comments (0)
Post a comment