Абайдың Құнанбайұлының 180 жылдығына арналған халықаралық онлайн сабақ өтті

2025 жылы 10 қазанда Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы «Абай институты» қазақтың ұлы ойшылы, ақын Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына арналған ашық сабақ өткізді.
Ашық сабаққа Ұланбатыр, Ыстанбұл, Анкара, Париж және Будапешт қалаларындағы қазақ тілін үйренушілер қатысты. Іс-шараның модераторлары - ELTE университетінің оқытушысы, этнограф Оңайша Мандоки және Абай институтының Будапешттегі оқытушысы Богларка Фехер болды.
Ашық сабақты Қазақстан Республикасы Тіл саясаты комитетінің төрағасы Ербол Тілешов құттықтау сөзбен ашты. Сонымен қатар, Қазақстанның Мажарстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Абзал Сапарбекұлы, “Barsz” қорының президенті Гал Андраш және белгілі түрколог Шомфай Қара Дәуіт сөз сөйлеп, Абай мұрасының әлемдік мәдениет пен руханияттағы маңызын атап өтті.
Негізгі бөлімде қатысушылар Абай шығармаларын оқып, әндерін орындады. Париж, Анкара, Ұланбатыр және Будапешттен қосылған тіл үйренушілер «Әсемпаз болма әрнеге», «Ғашықтың тілі – тілсіз тіл», «Көзімнің қарасы», «Желсіз түнде жарық ай» сияқты туындыларды орындап, ұлттық аспаптарда халық әндерін тартты.
Іс-шара соңында Абайдың жаһандық құндылықтар жүйесіндегі орны айқындалып, оның шығармашылығы қазақ тілін халықаралық деңгейде насихаттаудағы басты рухани негіз екені ерекше атап өтілді.