«Тіл-Қазына» орталығының маманы республикалық форумда баяндама жасады
 
                        28–29 қазан күндері Қостанай қаласында Қазақстан халқы Ассамблеясының ұйымдастыруымен «Ұлы даланың ұлтаралық тілі» атты республикалық форум өтті. Іс-шараға қоғам қайраткерлері, депутаттар, зиялы қауым өкілдері мен еліміздің 20 өңірінен келген 40-тан астам делегация қатысты.
Форум аясында Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының Әдістеме LAB бөлімінің ғылыми қызметкері, гуманитарлық ғылымдар магистрі Жұлдызай Ербатырова «Қазақ тілінің цифрлық кеңістіктегі дамуы» тақырыбында баяндама жасады.
Форумның мақсаты – қазақ тілінің этносаралық қатынас тілі ретіндегі рөлін нығайту, оны үйренудің үздік тәжірибелерін насихаттау және елдің біртұтас мәдени-тілдік кеңістігін дамыту, сондай-ақ тіл саясатының өзекті мәселелерін талқылау бағытында пікір алмасу.
Іс-шара қорытындысы бойынша қатысушылар қазақ тілінің этносаралық қатынас тілі ретіндегі мәртебесін одан әрі дамытуға бағытталған бірқатар ұсыныстар мен бастамаларды ортаға салды.


