Жаңа әліпбиді үйрететін телебағдарламалар көрсетілуде

17.07.2019
Ақтөбе облысының тілдерді дамыту басқармасының Тілдерді оқыту орталығының тапсырысымен әзірленген латын графикасына оқыту сипатындағы тележобалар аймақ тұрғындарының назарына ұсынылуда. 

Қазақ тілін латын графикасына көшіру жұмыстарын жүргізу бағытында Ақтөбе облысының тілдерді дамыту басқармасының Тілдерді оқыту орталығы биылғы жылы «Төрлет, төл әліпби!» атты ұзақ мерзімді жобаны қолға алды. Аталған жоба бұған дейін жүргізілген «Қош келдің, жаңа әліпби!» ақпараттық-түсіндіру сағаттарының жалғасы. Күні бүгінге дейін «Қазақ тілі емлесінің негізгі ережелерін» әлеуметке егжей-тегжейлі түсіндіру мақсатында 25 000-ға жуық адамды қамтыған 400 іс-шара (ақпараттық-түсіндіру сағаты, дәріс, кездесу, дөңгелек үстел) өтті. Оның ішінде, «Күлкі терапиясы» тақырыбында аудио диктант, Ақтөбе қаласының 150 жылдығына арналған «Жасай бер, көркейе бер, туған қалам!» ашық диктанты жүргізілді. 

Облыс тұрғындарының жаңа графиканы меңгеруге деген қызығушылықтары жоғары. Осы ретте, латын графикасына оқыту сипатындағы орталықтың бірқатар тележобалары іске асырылуда. Атап айтсақ:

- «Жаңа әліпби – жарқын болашақ» әлеуметтік ролигі әзірленіп, маусым-шілде айы бойы «Aqtóbe» телеарнасы арқылы берілуде. Мақсаты: Қазақ тілін латын графикасына көшіру қажеттілігін негіздейтін аспектілерді түсіндіру, облыс тұрғындарын ақпараттандыру.

- «Тілдарын» балаларға арналған тележобасы 1 маусым халықаралық балаларды қоғау күніне орай кішкентай бүлдіршіндерге жол тартты. Мақсаты - мектеп жасына дейінгі 3-6 жас аралығындағы балалардың үш тілден бастапқы тілдік білімдерін қалыптастыру, дүниетанымын кеңейту, үштұғырлы тіл саясатын насихаттау және латын графикасына негізделген қазақ әліпбиін таныстыру, үйрету. Бағдарлама «Рика ТВ» телеарнасы арқылы әрбір сенбі күні сағат 15:30-да және қайталауы жексенбі күні 9:25-те эфирден беріледі.

-«Жаңа әліпбиді бірге үйренейік!» ересектерге арналған телебағдарламасы. Мақсаты: латын негізді қазақ тілі әліпбиінің, «Қазақ тілі емлесінің негізгі ережелерін» практикалық тұрғыда меңгерту, көпшіліктің оқу, жазу машықтарын арттыруға ықпал ету. Бағдарлама «Рика ТВ» телеарнасы арқылы әрбір сенбі күні сағат 18:45-те және қайталауы жексенбі күні 9:00-де эфирден беріледі.

Сонымен қатар, орталықтың «til-aktobe.kz» ресми сайтында қазақ тілінің жаңа графикасын үйретуге арналған «Тілтану» қашықтықтан оқыту сабақтары жарияланды. Сабақтар циклін құрастырушылар қазақ тілі оқытушылары, латын графикасын меңгерту бойынша сертификатталған тренерлер Д.Нұрмұхамедова және Г.Төлегенова.

Орталық қыркүйек айында латын графикасына негізделген қазақ әліпбиін үйрету мақсатында қысқа мерзімді оқыту курстарын бастағалы отыр. Түрлі сала қызметкерлерін және облыстың ересек тұрғындарын қамтитын бұл оқыту курстарын Ақтөбе қаласы және 6 ауданда (Алға, Мұғалжар, Қобда, Қарғалы, Хромтау, Мәртөк) латын графикасы бойынша сертификатталған тренерлер, яғни орталықтың қазақ тілі оқытушылары жүргізетін болады.

Comments (0)
Post a comment