«Латын графикасына көшіру үдерісіндегі жастардың рөлі» атты семинар-кеңес өтті

28.11.2019

Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі Тіл саясаты комитетінің тапсырысымен Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы 2019 жылғы 28 қараша күні Нұр-Сұлтан қаласында Еуразия гуманитарлық институты бас ғимаратының акт залында «Латын графикасына көшіру үдерісіндегі жастардың рөлі» тақырыбында семинар-кеңес ұйымдастырды.

Семинар-кеңестің мақсаты – Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа жолдауындағы қазақ тілінің ұлтаралық қатынас тілі ретінде қалыптасу бағытындағы жұмыстардың бір саласы қазақ әліпбиін латын графикасына көшіру үдерісіндегі жастардың алатын орны мен атқаратын рөлін анықтап, пысықтау, жастарға артылатын міндеттерді белгілеу әрі насихаттау.

Семинар-кеңес аясында қазақ тілінің жаһандану үдерісіндегі латын графикасына көшудегі логикалық мағынасы, қазақ тілінің дамуындағы оның рөлі мен маңыздылығы қозғалды. Жаһандану және ұлттану үдерісіндегі қазақ тілінің өміршеңдігін арттыратын реформа ретіндегі жаңа әліпбиге көшу барысы, осыған қатысты атқарылған шаралардың қорытындысы, алдағы міндеттер, жұртшылық арасында бұл реформаға қатысты жүзеге асырылған жұмыс нәтижелері сөз болды. Әліпби реформасының жалпыхалықтық сипат алу тетіктерін іске қосудың жолдары анықталып, қоғамдық өмір салалары мен құрылым өкілдеріне арналған әліпби реформасы мен жас ғалымдардың осы үдерістегі рөлі туралы пікірлер талқыланды.

Семинар-кеңеске орталық атқарушы мемлекеттік органдар мен жергілікті атқарушы мемлекеттік органдарда қызметте жүрге жас мемлекеттік қызметшілер, жоғары және орта арнаулы оқу орындарында жұмыс атқарып жүрген жас ғалымдар, докторанттар мен магистранттар, филолог мамандар, филология факультеттерінің студенттері, жас тіл мамандары және қазақ тілінің болашағын ойлайтын тіл жанашырлары қатысты.

Comments (0)
Post a comment