ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ЖЕР-СУ АТАУЛАРЫН ТАРИХТАҒЫ ӘУЕЛГІ АТАУЛАРЫ АРҚЫЛЫ ЖҮЙЕЛЕУДІҢ ҒЫЛЫМИ ЗЕРТТЕУЛЕРІ БАСТАЛДЫ

03.08.2020

Кез-келген елдің өткені мен бүгінінің сабақтастығы оның жер-су атаулары арқылы көрініс табады. Сол секілді қазақ елінің жер-су атаулары да халықтың сан ғасырлық тарихынан сыр шертеді.

Әрбір атаудың өз тарихы, дүниеге келу себебі бар. Өзен, су, құдық, бұлақ, көл, теңіз аттарын (гидронимдерді) тау, сай-сала, қырат, жоталар, асулар, орман-тоғай, жайлау аттарын (оронимдерді) елді мекендердің аттарын (ойконимдерді) жан-жақты зерттеп, тарихи атауларына келтіру ғылыми зерттеулерді қажет етеді. Белгілі бір өңірдің ономастикалық атауларына қарап сол өңірде мекен еткен ұрпақтың тарихы туралы, тіршілік көзі жайында, ой-өресі хақында, тіптен сезім сұлулығына дейін тамаша хабардар болып, белгілі бір қорытынды жасауға мүмкіндік береді.

Сондықтан, әрқилы замандарда көптеген өзгеріске ұшырап, ұмыт бола бастаған жер-су атауларын зерттеу бүгінгі күні өзекті мәселелердің біріне айналып отыр.

Баршамызға аян, еліміздің елді мекендері мен жер-су атаулары XIX ғасырдың екінші жартысынан бастап күрт өзгере бастады. Санамалай берсек, Алексеевка, Петровка, Орск, Омск, Алма-Ата, Кантемировка, Бурное, Луговое, Петропавловск, Семипалатинск, Павлодар секілді елімізге қатысы жоқ шұбарланған атаулар әлі күнге жеткілікті.

Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің бастамасымен ағымдағы жылы тарихи диахрондық әдіс арқылы ономастикалық атауларды жүйелеу жұмыстарын жүргізу үшін ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізу қолға алынды.

Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі Тіл саясаты комитетінің тапсырысы бойынша Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының ұйымдастыруымен «Тарихи диахрондық әдіс арқылы ономастикалық атауларды жүйелендіру қызметі» жобасы іске қосылды.

Орындау мерзімі алты жылға жоспарланған бұл шара Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2019 жылғы 31 желтоқсандағы №1045 Қаулысымен бекітілген «Қазақстан Республикасындағы тіл саясатын іске асырудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының» міндеттерін іске асыруға арналған.

Биылдан бастап Солтүстік Қазақстан, Қарағанды облыстары бойынша ономастикалық атауларды тарихи-диахрондық әдіс арқылы жүйелеу басталды. Бұл ретте жобаны орындауға, іс-шараның өзегі ғылыми ізденістер болғандықтан, құрамында алты ономаст-ғалым бар жұмыс тобы құрылды.

Жобаның мақсаты: республикадағы ономастикалық қызметті ретке келтірудің негізгі ғылыми дәйектерін басшылыққа ала отырып, жер-су атауларына қатысты тарихи деректерді ғылыми айналымға түсіру және тарихи ономастикалық атауларды қалыпқа келтіру, жүйелеу.

Сонымен қатар қазіргі Қазақстан аумағындағы топонимдердің диахрондық картасын әзірлеу арқылы топонимдердің өзгеру динамикасын көрсету әрі біріздендіру.

Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығында 2020 жылдың 11 наурызда және 10 сәуірде онлайн режімде жұмыс тобының отырысы өтті. 10 сәуір күні жұмыс тобының атқарып жатқан жұмыстары сарапталды. Нәтижесінде қазіргі таңда ономастикалық атауларды жүйелеу мақсатында кезеңдер бойынша карталарды жинақтау қолға алынды.

Жоба бойынша ғылыми, ғылыми-әдістемелік, публицистикалық мақалалар www.atau.kz, www.abai.kz сайттарында жарияланды.

Бұл мақалалардан Солтүстік Қазақстан, Қарағанды облыстары бойынша астионимдерінің өзгеру динамикасы, өңірлердің топонимдерінің этимологиясы, топонимдерінің диахрониясы туралы тұщымды мәлімет алуға болады. Мақалалардың толық мазмұнымен төмендегі сілтемелер арқылы танысуға болады:

  1. Атамекеніміздің мың жылдық таңбасы (Авторлары: топ мүшелері, М.Қозыбаев атындағы СҚМУ ғылыми қызметкерлері З.Тайшыбай, С.Мәлікова) https://atau.kz/kz/article/51;
  2. Солтүстік Қазақстандағы антротопонимдер хақында (Авторлары: топ мүшелері, М.Қозыбаев атындағы СҚМУ ғылыми қызметкерлері З.Тайшыбай, С.Мәлікова) https://atau.kz/kz/article/52;
  3. Латын қарпі: қазақ топонимдерінің дұрыс берілуі және қазақ азаматтары аты -жөндерінің емле ережелері жайлы нұсқаулық (Авторы: топ мүшесі, С.Сейфуллин атындағы ҚазАТУ профессоры, ф.ғ.д. С.Иманбердиева) https://atau.kz/kz/article/53;
  4. Көше атаулары – тарихи, мәдени және ақпараттық код (Авторы: топ мүшесі, Е.Бөкетов атындағы ҚҰУ профессоры, ф.ғ.д А.Әділова) https://atau.kz/kz/article/54;
  5. Шешенқара ауылы топонимі (Авторы: топ мүшесі, Қарағанды облыстық ғылыми-техникалық құжаттама жөніндегі архив басшысы Т.Аршабеков) https://atau.kz/kz/article/55;
  6. Қазақ топонимдерінің түркілік қабаты: тілдік сипаты (Авторы: топ мүшесі, С.Сейфуллин атындағы ҚазАТУ профессоры, ф.ғ.д. С.Иманбердиева) https://atau.kz/kz/article/56;
  7. Ақтоғай өңірінің топонимдері (Авторы: топ мүшесі, Е.Бөкетов атындағы ҚҰУ профессоры, ф.ғ.д А.Әділова) https://atau.kz/kz/article/57;
  8. Сарыарқаның сарыбелі (Авторы: топ мүшесі, Қарағанды облыстық ғылыми-техникалық құжаттама жөніндегі архив басшысы Т.Аршабеков) https://atau.kz/kz/article/58;
  9. ХІХ ғасырда Жаңаарқа өңірінің этнотопонимдерінің қалыптасу ерекшеліктері (Авторы: топ мүшесі, Қарағанды облыстық ғылыми-техникалық құжаттама жөніндегі архив басшысы Т.Аршабеков) https://atau.kz/kz/article/59;
  • Қазақтың жері қайда шашылмаған (Авторлары: топ мүшелері, М.Қозыбаев атындағы СҚМУ ғылыми қызметкерлері З.Тайшыбай, С.Мәлікова) https://atau.kz/kz/article/60;
  • Тораңғы өспесе де... (Авторлары: топ мүшелері, М.Қозыбаев атындағы СҚМУ ғылыми қызметкерлері З.Тайшыбай, С.Мәлікова) https://atau.kz/kz/article/61;
  • Петропавл – Қарағанды облысының орталығы (Авторлары: топ мүшелері, М.Қозыбаев атындағы СҚМУ ғылыми қызметкерлері З.Тайшыбай, С.Мәлікова) https://atau.kz/kz/article/62;
  • Жер-су атаулары - тарих қана емес. Екі бөлімнен тұрады (Авторлары: топ мүшелері, М.Қозыбаев атындағы СҚМУ ғылыми қызметкерлері З.Тайшыбай, С.Мәлікова) https://abai.kz/post/114524, https://abai.kz/post/114622;

 

Ақпараттық-насихат жүргізу үшін Солтүстік Қазақстан облыстық «Қызылжар» телеарнасында «Туған жердің атаулары» топтамасымен «Алтын қазық» хабарының бірнеше көрсетілімі берілді. Хабарға топ мүшелері, М.Қозыбаев атындағы СҚМУ ғылыми қызметкерлері З.Тайшыбай, С.Мәлікова қатысты. Сондай-ақ, Қарағанды қалалық «5 каналында» топ мүшесі, Е.Бөкетов атындағы ҚҰУ профессоры, ф.ғ.д А.Әділова сұхбат берді.

СҚО топонимдерінің түрлері, құрылымы бойынша ғылыми-зерттеу жұмысы жүргізілді. Онда топоним түрлері туралы, топонимдердің құрылымы бойынша жан-жақты мәлімет берілді. Әр түрге қатысты аудандар бойынша термин-индикаторлардың статистикалық мәліметтері кестелер түрінде берілген. Әр түрдің жалпы саны бойынша диаграмма жасалған. Осы облыс бойынша StoryMap JS платформасында интерактивті карта әзірлене бастады (https://storymap.knightlab.com/edit/?id=soltustik-kazakstan-oblysy-toponimderi).

Қазіргі уақытта Солтүстік Қазақстан, Қарағанды облыстары бойынша  астионимдерінің өзгеру динамикасы, өңірлердің топонимдерінің этимологиясы, топонимдерінің диахрониясы бойынша біршама жұмыстар атқарылып жатыр. Атап айтсақ:

  1. Солтүстік Қазақстан облысы бойынша (бір кездердегі Ақмола губерниясының орталығы Петропавл, оған қарайтын Петропавл уезі, Атбасар, Көкшетау, Ақмола уездері) ойконимдердің Кеңес үкіметінің орнауына байланысты өзгеру динамикасы анықталды;
  2. Аталған облыс бойынша 1990 жылдан бергі өзгерген атаулардың динамикасы кесте түрінде жасалынды;
  3. Ойконимдердің құрылымдық ерекшеліктері анықталды;
  4. Қарағанды облысы бойынша ХХ ғасырдың басындағы қазіргі Жаңаарқа, Бұқар жырау аудандары елдімекен атауларының динамикалық өзгерісі бойынша материал жинақталды;

Облыстардың интерактивті картасын жасау жұмыстары да қарқынды жүргізілуде. Ғылыми-зерттеу жұмысының қорытындысы жыл аяғында ғылыми-практикалық жинақ ретінде жарияланатын болады.

 

Comments (0)
Post a comment