АТАМЕКЕН АЯСЫ – АДАМНЫҢ ЖАН САЯСЫ

25.08.2020

Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Тіл саясаты комитетінің тапсырмасымен Шетелдегі этникалық қазақтарды қолдаудың 2018-2022 жылдарға арналған ісшаралар жоспарының «Қазақстанның қасиетті жерлерімен таныстыру мақсатында ақпараттық-анықтамалық материалдарды әзірлеу және шығару» тармағы бойынша «Атамекен» ақпараттық-танымдық кітабын шығарып келеді.

Атамекен – адамның кіндік қаны тамған жері, ата-бабаларыңның соңғы мекені болған жер, адами болмысың қалыптасып, ұрпағыңды өрбіткен құт мекен. Атамекенін қорғамайтын ел болмас, атамекенінен ел басына зұлмат төнгенде ғана ауа көшер. Сол зұлмат халқымыздың басына бір емес, бірнеше дүркін төніп, қазақтың қаракөз перзенттері жер-жерге тарыдай шашылды. Десек те, ата-бабаларымыз қара қазан, сары бала қамы үшін тайсалмай шайқасып, елдігіміз сақталды, ақ білектің күшімен, ақ найзаның ұшымен сайын даланы шашау шығармай сақтап қалды. Бүгінгі ұрпаққа кешегі қылышынан қан тамған қызыл саясаттың екпінімен әлемнің түкпір-түкпіріне тарауға мәжбүр болған қандастарымызды елге шақыру бақыты бұйырды.

Шетелдегі қандастарымыз елдің-тыныс тіршілігінен хабардар болсын, ата жұртынан қол үзіп қалмасын деген мақсатпен талай ізгі шаралар ұйымдастырылуда. Республикамыздың әр өңірінде орналасқан киелі мекендер мен қасиетті белдеулерді біртұтас кешен ретінде таныта отырып, шетелдегі қандастарымызға атамекен туралы толық мағлұмат беру, еліміздің қасиетті жерлерін насихаттау – осындай шаралардың бірегейі.

«Жер-судың аты – тарихтың хаты» деген қанатты сөз тегін айтылмаса керек. Өйткені қай елдің болмасын өткені мен бүгінінің сабақтастығы, оның қилы жолы, дүниетанымы мен ділі сол халық мекендеген жер-су атауларынан көрініс табады. Кең-байтақ қазақ даласының құдығынан бастап, теңізіне дейін, сай-саласынан бастап, шың-құзына дейін, жайлауынан бастап қаласына дейін қастерлі де қасиетті. Әрбір атаудың өз тарихы, әрбір қасиетті орынның киеге айналу себебі бар. Мұндай құт мекендер белгілі бір өңірдің мақтанышы ғана емес, жалпыұлттық маңызы бар қастерлі орындар, ата жұртта мекен еткен ұрпақтың тарихы, тіршілік көзі, ой-өресі туралы мағлұмат беретін сырлы шежіре. Міне, жинақты құрастыру барысында осы мәселелер басты назарда ұсталды. Бүгінгі таңда екі кітап басылып шықты. Ол кітаптарда «Қасиетті Қазақстан» ғылыми-зерттеу орталығының сараптау кеңесінің шешімімен бекітілген Қазақстанның жалпыұлттық және өңірлік қасиетті нысандарының тізімі басшылыққа алынды.

Бірінші кітапта киелі жерлерді анықтауда қолданылған бес өлшемге сәйкес ерекше бағаланатын табиғи мұра ескерткіштері төңірегінде ақпараттық-анықтамалық материалдар топтастырылды. Ал екінші кітапта ел аумағындағы археологиялық ескерткіштер мен ортағасырлық қалалық орталықтар туралы мәліметтер берілді. Бұл бай тарихы бар өлкеміздің табиғи, тарихи, экономикалық, туристік әлеуетін көпшілікке таныта отырып, шетелдік қандастарымыздың этникалық отаны туралы мағлұматын кеңейту, олардың атамекеніне деген мақтаныш сезімін қалыптастыру мақсатынан туындаған болатын. Классикалық үлгідегі ақпараттық-танымдық құралдар дайындаудың үздік тәжірибелерін басшылыққа ала отырып дайындалған ақпараттық-танымдық жинақ жүйелі және ыңғайлы форматта ұсынылды. Іріктеліп алынған нысандарды түрлі иллюстрациялармен таныстыру, нақты орындар туралы ғылыми-танымдық ақпараттардың молдығы, нысанға апаратын бағыт-бағдардың егжей-тегжейлі баяндалуы жинақтың практикалық маңызын арттыра түскенін айта кетпекпіз.

Биыл үшінші кітап дайындалуда. Бұл кітапқа діни және ғибадат орындары туралы ақпараттар, киелі нысандардың сипаттамасы мен суреттері енгізілмекші. Сондай-ақ оқырман «кесене мен мазардың, қорымның өзара айырмашылығы неде?», «елімізде қандай құлшылық-ғибадат орындары бар?», «үлкен қылует қайда орналасқан?» сияқты көптің көкейінде жүрген сұрақтарға жауап алады.

Еліміздегі бір де бір шеге қолданылмай, ағаштарды өзара қиюластыру арқылы салынған мешіттермен, іргетасы құйылмай жердің үстіне бірден өрілген кесенелермен, сыртқы пішіні қараша үйді елестететін, жабайы тастардан құрылған сфералық формадағы көне құрылымдармен, сәулет-құрылыс өнерінің басқа да кереметтерімен танысып, қасиетті орындарға бір табан жақындай түскіңіз келсе, «Атамекен» жинағын қолыңызға алыңыз.

Сая Ағанасқызы,

Шайсұлтан Шаяхметов атындағы

«Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы

Терминология және ономастика бөлімінің

жетекші ғылыми қызметкері,

филология ғылымдарының кандидаты.

 

Comments (0)
Post a comment