ЛЕКСИКАЛЫҚ МИНИМУМДАРДЫ ТҮЗУ ЖӘНЕ ҚАЛЫПТАСТЫРУДАҒЫ АҒЫЛШЫН ТІЛІНІҢ ТӘЖІРИБЕСІ

25.11.2020
Шет тілін оқытудың жаңа бір жүйесін іздеу, зерттеу, тәжірибеге енгізу сияқты маңызды мәселелер бүгінгі күні өзектілік танытуда.Тілді үйренудің реті және соған сай тәсілдер жүйесі болатыны белгілі. Алайда алдымен тіл үйрету үдерісінде күнделікті жиі қолданылатын лексиканы анықтап алу – бірнеше әдістемелік ілгерілеуге қол жеткізері анық. Біріншіден, іріктелген сөздер тіл үйренушінің ең қажетті лексикасын меңгеруіне мүмкіндік туғызады, яғни, тіл үйретудің бастапқы сатысында тіл үйренуші өзінің жадын пассив сөздермен толтырмай, қарапайым қажеттілігін қанағаттандырады;

Екіншіден, анықталған лексикалық минимум әдістемелік тәсілдерді тиімді қолдануға, сол ең қажетті сөздер ауқымында ғана оңтайлы тәсілдерді табуға және оларды үйрету үдерісіне қолдануға, жалпы тіл үйрету әдістемесінің жаттанды шеңберден шығуына оң ықпалын тигізеді. Үшіншіден, жөнімен таңдалған әдістемелік қадам одан ары қарай іштей жетіліп, дами түседі.

В.Л.Скалкин және Н.В.Варежкина сияқты ғалымдардың пайымдауынша, «лексикалық минимум» термині әдістемелік ғылымда екі мағынада қолданылады. Біріншіден, лексикалық минимум деп шет тілін меңгерудің белгілі бір кезеңінде міндетті түрде игеруді талап ететін сөздер тізімін атайды. Екіншіден, қандай да бір шет тілін оқитын азаматтарға арналған біртілді және екітілді оқу сөздіктерін атайды.

Ағылшын тілінің лексикалық минимумын іріктеудің белгілі қағидаттары бар. Олар:

  • тақырыптық іріктеу,
  • жиілік;
  • тілдік интерференция тұрғысынан қателерді болжау; семантикалық іріктеу;
  • тіркесімділік қағидаты;
  • стилистикалық шексіздік қағидаты;
  • сөзжасамдық құндылық қағидаттары;

Тақырыптық іріктеу дегеніміз қандай да бір (a teacher, a housewife, a singer) тақырып бойынша қатынасуға еш мүмкіндік болмайтын арнайы сөздер мен тіркестердің мейлінше шектеулі мөлшері.

Сөздер мен сөз тіркестерінің қолданыс (a teacher, a housewife, a pupil) жиілігі оқу сөздігі, оқулық пен анықтамалықтардың көмегімен анықталады.

Тілдік интерференция бойынша қатені болжау тіл үйренушінің ойының дұрыс әрі идиоматикалық тіркесіне қажетті лексикалық (a doctor, a dentist, an officer) минимумды іріктеуге көмектеседі.

Семантикалық іріктеу дегеніміз, іріктелетін сөздер ауызша әрі жазбаша (an engineer, a pupil, an economist) тілдесу тақырыбына сәйкес келетін мейлінше маңызды түсініктерді сипаттауы тиіс.

Тіркесім қағидаты кезінде лексиканың құндылығы басқа да сөздермен үйлесу мүмкіндігіне байланысты анықталады. Сөздің үйлесімділігі қаншалықты жоғары болса, қатынастық тұрғыдан ол соншалықты құнды болмақ (to work in an office, a teacher of Russian, to want to be a runner).

Сөзжасамдық құндылық қағидаттары – сөздердің префикс, аффикстердің көмегімен жаңа сөзді құрастыра алу қағидаты ( a dancer, a worker, a jumper).

Бастапқы кезеңдегі лексикамен жұмыс істеудің негізгі мақсаты – оқу және күнделікті тұрмыстық салада қарапайым қатынас үшін қажетті әрі жеткілікті сөздік қорды қалыптастыру. Сонымен қатар грамматиканы игеру арқылы қажетті лексикалық қорды қамтамасыз ету. Тіл үйретуші тіл үйретудің бастапқы кезеңінде лексиканы барынша аз көлемде беруі тиіс. Ол минимум шегінен шығуы мүмкін, алайда артық сөз беруге болмайтынын түсінуі тиіс. Сонымен қатар лексиканың тақырып бойынша ұйымдастырылғаны жөн. Мәселен, «Мамандық» тақырыбын талдау үшін И.Н. Верещагинаның ағылшын тілінің “English” оқулығы бойынша лексикалық минимум мазмұнын қарастыралық. Аталмыш тақырып бойынша лексикалық минимумға сай ағылшын тілінің негізгі 45 лексикалық бірлігі іріктеліп алынған. Аталмыш тақырыпта зат есімнен тұратын лексикалық бірліктер басымдылық танытты, себебі іріктеліп алынған сөздер тізімінде түрлі мамандықтардың атаулары ең белсенді. (a teacher, a runner, anofficer, a pupil, a businessman).

Лексикалық белсенді минимумды іріктеу оқу үрдісін жоспарлау және соған сәйкес оқу материалын әзірлеу кезінде оқытудың нақты мақсаты мен мазмұнын ескере отырып іріктелуі керек ененін айта кеткен жөн. Мәселен, ағылшын тіліндегі көптеген мамандық атаулары қазақ тілі мен орыс тіліндегі баламаларына фонетикалық әрі семантикалық жағынан ұқсас келеді. (architect – архитектор, an officer – офицер, an economist– экономист).

Осындай лексикалық бірлікті тіл үйренушілер жеңіл есте сақтайды және мейлінше жиі қолданады. Белгілі бір тақырыпқа қатысты лексикалық минимумды төмендегі ережелерге:

  • тіл үйренушілердің даму деңгейіне,ой-өрісіне;
  • сабақтың міндетіне;
  • қатынастың нақты жағдайына;
  • тіл үйренушілердің үйрену деңгейіне

және т.б сүйене отырып іріктеуге болады.

Ағылшын тілінің лексикалық минимумдарының авторы С.С.Хидекель сөздерді іріктеу принциптері кеңес әдістемесіне негізделген және ол профессор И.В.Рахмановтың басшылығымен шығарылған «Ағылшын, неміс әрі француз тілдерінде мейлінше жиі қолданылатын сөздер сөздігінде» баяндалғанын айтады.

Аталған сөздік мынадай принциптерге сүйеніп жасалды:

  • тіркесімділік қағидаты – лексиканың құндылығы оның басқа сөздермен байланысы мен тіркесімділігіне қарай анықталады;
  • стилистикалық шексіздік қағидаты – аясы тар салаларға қатыссыз сөздер жиынтығы;
  • семантикалық құндылық қағидаты – сөздіктерге көркем және қоғамдық-саяси әдебиеттерде жиі кездесетін ұғымдар мен құбылыстарды білдіретін лексикалық бірліктерді қосу;

Өзге тілдердегідей ағылшын тілінде «белсенді» әрі «белсенді емес» сөздер қатары бар. Белсенді сөздерді адам тұрақты түрде қолданады, ал белсенді емес сөздерді тіл үйренуші білгенімен күнделікті өмірде пайдалана бермейді. Ағылшын тілін жеке мақсатта игерудегі басты ереже: мейлінше белсенді, қажет сөзді есте сақтау. Бұндай құрылымдардың «пайдалылығы» - жеңіл мәтіндерді тез әрі оңай түсінуге, әрі ауызекі сөйлеу дағдысын жылдам қалыптастыруға мүмкіндік береді. Мәселен ағылшын тілін оқытудың мектеп бағдарламасында тіл үйренудің нақты ережелері бар: әр білім алушы курсты аяқтаған кезде ағылшын тілінің 2,5-3 мың сөзін білуі тиіс. Тіл мамандарының тәжірибесінен шыққан қарапайым статистикасында: 2000 сөзбен қөркем мәтіннің 90% түсінуге болады; 2500-2600 сөздік қор көлемімен мәтіннің 96% түсінікті болады және 5000 сөзді игерген адам шамамен мәтіннің 100% түсіне алады. Бұл қарапайым статистика көп жағдайда көркем шығармаға қатысты, себебі олар арнайы терминдерді білуді талап етпейді, сондықтан оны кез келген жасөспірім игере алады. Осыдан шығатын қорытынды: ағылшын тілін меңгеруге 2-5 мың сөзді игеру жеткілікті.

Сонымен қатар Оксфорд Университетінің ғалымдары ағылшын тілінің түрлі қолданыстағы нұсқаларын жинап, сараптама жасаған. Зерттеуде әдеби шығармалар, баспасөз беттері, желідегі чаттар, электронды хаттар, блогтардағы жазбалар да қамтылған. Бұл зерттеуді ғалымдар Оксфорд Университетінің нұсқасындағы Oxford English Corpus атты ағылшын тілінің сөздік корпусын құру мақсатында өткізген. Зерттеу нәтижесі бойынша ағылшын тіліндегі ең жиі пайдаланылатын 100 сөз ағылшын тіліндегі мәтіндердің 50%-да қолданылады екен. Егер бұл танымал 100 сөзге, жиі қолданылатын 100 зат есімді, 100 етістік пен 100 сын есімді қосатын болсақ, ағылшын тіліндегі мәтіндердің 75 % түсінуге мүмкіндік бар.

Қазіргі жаhандану заманында ғылым мен білімнің әлемдегі көрінісі мен даму қарқыны бірнеше тілді үйренуді қажет етіп, халықаралық қоғам байланысы күшейе түсті. Соның нәтижесінде бір тілді үйрету әдістемесін, әсіресе тіл үйретуге арналған лексикалық қорды қалыптастыруда бір тілдің лексикасына жасалған талдаулар ғана емес, бірнеше тілдің тәжірибелері қатар алынып, заманауи әрі ыңғайлы форматтарда ұсынылатын да болды.

Лексиканы оқыту дегеніміз – сөзді оқыту. «Сөз – бұл үйді салу кезіндегі «кірпіш» сияқты, бұл жерде үй-тіл, ал құрылыс-үйрену». Шет тілін оқыту, сол тілдің ең жиі қолданылатын сөздерін анықтаудан басталады. Егер лексикалық минимумды нақты, толық және ғылыми түрде анықтайтын болсақ, екінші тілді оқыту айтарлықтай тиімді және тез болар еді.

Марияш ДАРМЕН,

Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына»

ұлттық ғылыми-практикалық орталығы

Әдістеме басқармасының ғылыми қызметкері

Comments (0)
Post a comment