ЖАҢА ҚАЗАҚ ӘЛІПБИІ - РУХАНИ ТӘУЕЛСІЗДІК БАСТАУЫ

15.02.2021
ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин өткізген Қазақ тілі әліпбиін латын графикасына көшіру жөніндегі ұлттық комиссия отырысында жетілдірілген жаңа латын әліпбиі нұсқасын көріп қуанып қалдық. Ұлттық кеңестегі біздің ұсынысымыз, екі диграф әріпті алып тастап, Ш-ны диакритикалық таңбамен беру, Ч әрпін мүлде алып тастау және қазақтың І әрпін қайтару туралы сұрауымыздың бәрі орындалыпты! Тек біздің ұсынғанымыздай «і» әріптерін бұрын біз басындағы нүктесімен жазып келдік, сол күйі сақталуы үшін соңғы нұсқадан «і» мен «и» әріптері таңбаларының орнын ауыстыру керек. Сонда «і» әрпі бұрынғыдай төбесіндегі нүктелерімен, ал «й»,»и» әріптері нүктесіз болады.

Айта кетейік, "Ақ жол" партиясы латын графикасындағы қазақ әліпбиіне өтуді 2007 жылғы Ұлттық концепциясын қабылдағаннан бері насихаттап келеді. 2017 жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен қазақ тілі әліпбиін латын графикасына көшіру жұмыстары басталды. Содан бері партия төрағасы, Мәжіліс депутаты Азат Перуашевтан бастап, әліпби туралы комиссияға өз нұсқаларымыз бен ұсыныстарымызды беріп келдік. Бұл туралы 2017 жылы 14 қыркүйектегі ҚР Парламенті Мәжілісінде өткен «Мемлекеттік тілдің латын графикасындағы әліпбиінің бірыңғай стандартын енгізу мәселелері туралы» Парламенттік тыңдауда сол кездегі А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының директоры Ерден Қажыбектің жасаған баяндамасында атап айтылды.

2019 жылы 6 қыркүйектегі Ұлттық кеңестің алғашқы отырысында жасаған баяндамамызда Мемлекеттік тіл туралы заң қабылдауды ұсынғанда латын әліпбиі туралы да өз түзетулерімізді айтқан болатынбыз.

«Тіл туралы айтқанда, міндетті түрде әліпбиге тірелесің. Латын әліпбиіне қадірлі Қасым-Жомарт Кемелұлы, өзіңіз о бастан көңіл аударып келесіз. Қолдануда қолайсыздық тудырған үтірлі нұсқаға нүкте қойған да өзіңіз болатынсыз. Еліміз үшін стратегиялық маңызы зор мақсат, Рухани тәуелсіздігіміздің бастауы – Латын әліпбиіне де көзіміз үйреніп, көңіліміз сеніп келе жатыр. Бірақ бір-екі түзетуді айтпай кетуге болмайды. Біріншіден, соңғы акутты нұсқада І әрпінің бас әрпі жоғалып кеткен – И әрпі екеуін де бір І таңбамен белгілеген. «Қазақтың І әрпін қайтарып, екі диграфтан құтқарыңыздар!» – деген қазақ жазушылары мен ғалым, зиялыларының Ашық хаты да «Қазақ үні» газетінде былтыр жарияланды.

Қазір кез келген жерде латын әліпбиімен қазақша, кириллицамен орысша, екі нұсқа жазулы тұрады. Елдің бәрі оңайын таңдап, кириллица нұсқасын оқиды. Бұл қазақтілділердің де Латын әліпбиін үйренуге кері әсерін тигізіп, кедергі келтіруде. Осы мәселеге де бір шешім айтылуы тиіс» , – деп ұсынған едік.

Бұл мәселе бұдан бұрын «ҚАЗАҚТЫҢ «І» әрпін ҚАЙТАРЫП, екі диграфты өзгерту керек!» деген атпен «Қазақ үні» газетінде жарияланған мақаламызда және кейін ұлт зиялыларының Ашық хатында да көтерілген болатын.

«Ал Ш әрпін SH деп диграфпен белгілегенше, Ш-ны Ś деп белгілеу керек еді. Ал CH деп белгіленген, қазақтың тіл дыбысына жат, орыс тілінен келген Ч әрпін мүлде мүлде алып тастау керек! Әрі мұндай екі таңбалы емес – бір-ақ таңба болар еді. Бұл 2 әріп мұнда 4 әріптің орнын алып отыр. Елбасы тапсырмасының өзі әріптерді ықшамдау емес пе еді? Диграфтан апострофқа өткен кездің өзінде-ақ бұл әріптер бір әріппен белгіленіп еді ғой. Тек үстіндег апострофты акутқа ауыстыра салу кімге қиындық тудырды екен? Өйткені «Асхана», Асхат» сөздері Аshana – Ашана, ал Ashat – Ашат деп оқылады ғой… Есімі Ісхақ, Исхақ дегендер атын ертең Ishaq деп жазса, оны мынау Ш әрпін SH деп жазғанда, ел қалай оқып, қалай атайтынына аузымыз бармай отыр?.. Исхақтар жиналып, жаңа әліппе комиссиясының мүшелерін іздеп жүрмесін? Диграфтан ел болып айқайлап жүріп зорға құтылғанда, екі диграф әріп не үшін кіргізілді екен? Бұларды да түзеу керек. «Жеті рет өлшеп, бір рет кес» деген қазақ. Сондықтан Ш әрпін SH деп белгілеген дұрыс емес, Ś деп белгілеу керек.

«Ч» әрпі болмаса, күн көре алмайтындар болса да қазақтың тіл дыбысы заңдылығына бағынуымыз керек. Сондықтан алып тастау керек. «Чемпион» мен «чемоданды» қазақ баяғыдан шемпион мен шабадан деп айтып келе жатыр. Одан қирап қалған ешкімді көрген жоқпыз. Сонымен бірге V әрпімен белгіленген, орыс тілінен келген «В» дыбысы туралы да осылай айтуға болады.

«Ч» МЕН «В» СИЯҚТЫ «ЛЕГИОНЕР» ДЫБЫСТАРСЫЗ КҮН КӨРЕТІН УАҚЫТ ЖЕТТІ! РУХАНИ ЖАҢҒЫРУҒА БАСТЫ БАҒЫТ БОЛҒАН ЖАҢА ӘЛІПБИДІҢ ДЕ НЕГІЗГІ МАҚСАТЫ ОСЫ ЕМЕС ПЕ?!."-деп жазған едік.

Ұлттық кеңестегі ұсынысымыз жерде қалған жоқ. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2019 жылғы 21 қазандағы латын графикасы негізінде қазақ тілі әліпбиін жетілдіру жөніндегі жарлығы шықты. Осы тапсырманы орындау аясында әліпбидің 40-тан астам нұсқасы, сондай-ақ қазақ тілінің емле ережелерінің жобалары мен пернетақтадағы әріптердің орналасу тәртібі қаралғаны бүгінгі Үкіметтегі Ұлттық комиссияда айтылды.

Бүгінгі таныстырылған жетілдірілген әліпбиде бұдан бұрынғы 32 әріптен біз айтқан "Ч" әрпін алып тастап, 31 әріп қалыпты. Әліпби тек латын әліпбиі базалық жүйесі таңбаларынан құралған. Бұл әліпбиде қазақ тілінің 28 дыбысы толық қамтылған. Қазіргі ә (ä), ө (ö), ү (ü), ұ (ū) және ғ (ğ), ш (ş) қазақ әріптері диакритикалық таңбалармен берілген.

Әліпбиде халықаралық тәжірибеде қолданыста бар умляут ( ̈ ), макрон ( ˉ ), седиль ( ̧), бревис ( ̌ ) диакритикалық таңбалары қолданылған. Әліпби қазақ тілінің жазу дәстүрінде орныққан «бір дыбыс – бір әріп» принципіне толық сәйкес келеді. Жаңа әліпбиге кезең-кезеңімен көшу 2023 жылдан бастап 2031 жыл аралығында жоспарланып отыр.

«Жетілдірілген әліпби нұсқасы қазақ тілінің дамуына жаңа серпін беріп, оның заманауи үрдістерге сай жаңғыруына ықпал етеді. Алдағы уақытта қазақ тілін латын графикалы әліпбиге кезең-кезеңімен көшіру бағытында қарқынды жұмыс жүргізу керек», – деді Үкімет басшысы А. Мамин.

Иә, осыдан 8 жыл бұрын 2013 жылы 19 ақпанда "Қазақ үні" газетінде «ЛАТЫН әліпбиіне көшуге ҚАРСЫЛЫҚ – ҰЛТ МҮДДЕСІНЕ ҚАРСЫЛЫҚ!» атты мақаламызда жазғанымыздай, кирилл құрсауынан шығып, латын графикасы негізіндегі қазақ әліпбиіне өту кезіндегі рубль аймағынан шығып, төл теңгемізді қабылдағандай маңызды, Рухани тәуелсіздіктің бастауы болатыны анық.

Ұлттық рухани деколонизация латын әліпбиіне көшу әрекетімен басталуда.

Енді әрқайсымыз жаңа әліпбидің артықшылығын жалпы халыққа таныстыратын ақпараттық-насихаттық жұмысқа өз үлесімізді қосуымыз қажет.

Қазыбек ИСА,

ҚР Парламенті Мәжілісі депутаты

Comments (0)
Post a comment