ЖАҢА ӘЛІПБИДІ ҮЙРЕТУ БАЛАБАҚШАДАН БАСТАЛУЫ ТИІС

12.03.2021
Қазіргі қоғамдағы ақпараттық кеңістікке балаларды бейімдеу үшін олардың логикалық және ақпараттық қабілеттерін дамыту қажет. Сондай жаңа ақпараттың бірі әрі бірегейі – бүкіл қазақ қоғамы талқылып жатқан жаңа латын әліпбиі. XХI ғасыр – жаңа ақпараттық технологиялар ғасыры. Қазірге кезде кішкентай бүлдіршіндеріміз өз ана тілін ғана меңгеріп қана қоймайды, қоса ағылшын тілін де үйреніп жатыр. Сондықтан ағылшын тіліндегі әріптер мен жаңа әліпбидегі әріптер ұқсас болғандықтан оларды үйрену қиын болмас.

Жаңа технология ғасырында заманға сай мобилді қосымшамен латын әліпбиін үйрететін жаңа әдістер ойлап табу қажет. Жаңа технологиялық яғни мобильді қосымшамен жүктелген танымдық ойынмен меңгерту әдісін әдістемелік бағдарламаға ендіру арқылы жаңа латын әліпбиіндегі әріптердің мазмұнын, құрылымын, тұрпатын ауызша меңгертуге болады. Бала әріптердің сұлбасын түрлі ойындар арқылы көре отырып, жазуға үйренбестен бұрын, сол әріптердің санасында графиктік портреті қалыптасып үлгереді. Енді әріп үйрету әдістері (кирилл негізіндегі), жазып үйретудің механикалық жолдары латынға көшкенде жарамай қалады. Сызықты үстінен бастыру, штрихтарды қолдану секілді әдістер жаңа әліпбидегі әріптер қатарын үйреткенде тиімсіз болып қалады. Себебі, кирилдегі әріптерді жазғанда қолымыз үзілбей тіркестіріп жазып кете береміз. ал латында қол үзіліп қалатын әріптер қатары бар екенін естен шығармау керек. Сондықтан, әдіскерлер, педагогтер, ғалымдар жаңа методика ойлап табуымыз қажет, жаңаша мазмұндағы әдістемелік құралдар, яғни диакритикалық таңбасы бар әріптерге, мысалы, ш, ң секілді әріптерге жаңа сызықтар табу әдісін ойлап табуымыз қажет. Ол үшін А.Байтұрсынұлының «дыбыстық жүйелі әдісін» негізге алу керек деп ойлаймын. Байтұрсынұлы «Балаларға тез сауат аштыру үшін дыбыс жүйелі болғаны дұрыс» деп айтады. «Дыбыстық жүйелі әдіс» деп барлық дыбыстар қалай тұр солай жазу. Ғалымның өзі «һатия жолымен тәртіп етілген» дейді. Һатия дегеніміз – дыбыс. Байтұрсынұлының әліппесі «Дыбыс буын құрайды, буын сөз құрайды, сөз сөйлем құрайды» деген жүйемен түсіндіріледі. Ғалымның тіл үйретуде бұдан басқа әдістері де бар, өкінішке орай олар зерттелмей келе жатыр. Ғалымның әдістемелік бағытта жазылған «Тіл жұмсар», ересектерге арналған «Сауат ашу» әліпбидің дыбыстық негізінде сауат ашу әдісін іске асыратын еңбектер екенін білеміз. Сондықтан А.Байтұрсынұлының әдістерін басшылыққа алынуы тиіс. Сонымен бірге, ағылшын тіліндегі әріптерді үйретудің жаңа технологияларын, озық тәжірбиелерін, ойын технологиясының үлгілерін қолдануымыз керек. Латын әліпбиіндегі әріптерді үйретудің проблемалы тұстарын, сызықтарды, штрихтардың жаңа формасын ойлап табуда, шешуде ағылшын тілінің әріптерін меңгертудегі тиімді, бізге керек методикасын қарауға, үйреніп алуға әбден болады.

Латын әліпбиіндегі әріптердің сұлбасын санаға қалыптастырып болғаннан кейін (педагог, мұғалім, тәрбиеші) әріптің өзін бірден жаздырып кете алмайды. Өйткені бұл жастағы балалар ойын баласы, «қолына қалам ұстап үйрене берсін» деген принциппен сызықтың үстінен бастырып қана, сурет салу, қайшымен қию сияқты шығармашылық жұмыстар жүргізіледі. Ең әуелі, жаңа әліпбидегі диакритикалық таңбаларды қағаз бетіне түсіру жолдарын (ермексазбен, сурет салумен немесе сызықты үстінен бастыру арқылы) үйретсе де болады. Ал осы тұста ескеретін жайттар:

жаңа әліпбидегі әріптер қатарын күніне бір әріптен үйрету керек;

баланы қинап, күштеп әріп үйренуге мәжбүрлемей, жаңа методикасын, сызықтардың жаңаша формасын ойлап табу керек;

әріптердің суреті салынған үлестірме қағаздарды, текше, магнитті әліппе, түрлі-түсті жапсырма қағаздарды қолдануға болады;

әріптерді жылдам жаттату үшін тұрмыстағы кез келген затпен, мысалы сіріңке қорабынан, дөңгелек моншақтардан, санамақ таяқшаларынан әріп құрастыруға болады;

5 жастағы бүлдіршіннің есте сақтау, бір көргеннен жадында қалып қалатын қасиет мықтап қалыптасады. Әріптің атын атай алмаса да, сол әріп бар сөзді (бір буынды: ана, әке, өрік, шар, ине) қатты қағаздан жасалған үлестірмеге жазып көрсетсе, сол сөзге қарап не жазылып тұрғанын айта алатын болады. Балабақшадағы балаға әріптің мазмұнын білуге оңай әрі тез үйретудің түрлі әдістемелері бар. Ендігі кезек мұғалімдер, балабақшадағы тәрбиешілер, әдіскерлер өз біліктілігін арттырып отырып, баланың санасында әрбір сөздің графикалық портретін қалыптастыруға бар ынтасын, білімін, күшін салуы керек.

Қорыта айтқанда, балабақшада баланы дұрыс сөйлеуге үйретпесе, яғни ауызша сөйлеуінің өз деңгейінде жетілмеуі жазбаша тілдің дамуына кері әсерін тигізеді. Латынға көшу арқылы әліпбидің ішіндегі төл, ұлттық әріптерімізді қалдырмай соларға басымдық бере отырып үйрету керек. Мектепке дейінгі ұйымдарда ағылшын тілін қоса оқытатынын білеміз. Егер жаңа латын әліпбиіне негізделген қазақ жазуын үйрететін болсақ интерференция пайда болатыны белгілі. Осы тұста ағылшын тілін үйретуді 5-сыныптан бастаса деймін.

Альфия Абдыкенқызы,

Ахмет Байтұрсынұлы атындағы

Тіл білімі институтының қызметкері,

филология ғылымдарының кандидаты

Comments (0)
Post a comment