ТЕРМИНОЛОГИЯ ТАРЛАНБОЗЫ

09.04.2021
«Егемен Қазақстан» газетінде жарық көрген мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, профессор Телқожа ЖАНҰЗАҚ пен филология ғылымдарының докторы, профессор Кәрімбек ҚҰРМАНӘЛИЕВТІҢ осы аттас мақаласы былай басталады: «Ана тілінің абызы атанған Ұлттық ғылым академиясының академиктері Әбдуәлі Қайдар, Шора Сарыбаев, Рабиға Сыздықовалардың қатарында бірге аты аталатын қазақ тіл білімінің көрнекті өкілдерінің бірі – академик, филология ғылымдарының докторы, профессор Өмірзақ Айтбаев көзі тірі болғанда 85 жасқа толар еді... Бар өмірін қазақ халқының ең киелі асыл мұрасы – қазақ тіліне арнаған ғалым туралы сөз етуді жөн көрдік».

Ғылымның биік шыңына көтерілсе де, менмендіктен бойы ада ғалымның парасат-пайымы зор, кішілік, кісілігі­мен, маңғаз мінезі, тектілік болмысы, адамгершілік қасиеті мен шығарма­шы­лық қабілеті арқылы ғылыми ортада, әріп­тестері мен шәкірттерінің арасында абырой биігінен көріне білген тау тұлға азамат еді.

Ғалымның ғылыми зерттеулерінен қазақ тіл білімінің, оның ішінде ғылыми терминологияның қалыптасып, дамуына өлшеусіз үлес қосып, өзінің ғылыми мектебін қалыптастырғанын ерекше атауға болады. Терминолог-ғалым, академик Ө.Айтбайұлының басшылығымен «Қазақ терминологиясының мәселелері», «Термин және олардың аудармалары» сияқты қомақты еңбектер жарық көр­ді. Қазақ тіл білімінің лексикология, диалектология, ономастика, әде­би тіл, мемлекеттік тіл, стилистика, тіл мәдениеті, аударма салалары бо­йын­ша ізденістерінің нәтижесінде 500-ден аса ғылыми еңбектің, олар­дың ішінде 30-ға жуық моногра­фия мен оқулықтың, оқу-құрал­дары мен сөздіктердің авторы бол­ғанын, «Қазақ терминологиясының жасалу көздері», «Қазақ әдеби тер­ми­­нологиялық лексиканың дамуы», «Мемлекеттік тілде ғылыми тер­­­­­мино­логияны қалыптастырудың теориялық, ғылыми-әдістемелік және практикалық мәселелері» атты құнды еңбектерге жетекшілік еткенін, сондай-ақ аударма проблемаларының күрделі мәселелерін қарастырған тұңғыш зерттеу жұмысы ретінде, баспасөз беттерінде автордың келелі табысы ретінде жо­ғары бағаланған- «Аудармадағы фра­зеологиялық құбылыс» атты еңбегін ғылыми жұртшылық жақсы біледі.

Тіл білімі институтының «Термино­логия және аударма теориясы» бөлімінің 20 жылдай басшысы болған кезде оның ғылыми-зерттеушілік, ғылымды ұйымдастырушылық қабілеті айқын да анық, жемісті болғаны баршамызға аян. Ғалымның басшылығы және қатысуымен «Тіл мәдениеті және баспасөз», «Сөз өнері», «Қазақ терминологиясының мәселелері», «Термин және олардың аудармалары» сияқты бірнеше ұжымдық еңбектердің баспа бетінен жарық көруі ғылыми жұртшылық тарапынан үлкен бағаға ие болған еді.

Академик Ө.Айтбайұлы термино­логия мен аударма саласын жан-жақты зерделеп, зерттеу ауқымын кеңейте түс­ті. Ол қиын да күрделі осы саладағы мәсе­лелерге әлемдік ғылыми ой-пікірлерді саралай келіп, қазақ тілінің өз табиғатына тән заңдылықтарды негізге ала отырып, тың зерттеулерді өмірге әкелді. Қазақ тіл білімінің түйінді мәселелеріне, әсі­ресе терминология, тіл мәдениеті, аудар­маға байланысты дәйектілікпен дәлелденген ойлы тұжырымдар ұсына білді. Ғалымның терең зерттеген саласы – терминология десек, өзі басқарған бөлімде терминологиялық картотека базасын қалыптастырып, 500 мыңға жуық картотекалық қордың негізі қаланды. Ғылымның ірі-ірі 5 саласы бойынша жасалған бұл материал түрлі сөздіктер жасауға, әсіресе қоғамдық ғылымдар саласы, биология ғылымы, физика-математика ғылымы, жер туралы ғылым мен техника ғылымдарының саласы бойынша өте пайдалы болғанын ғылыми орта жоғары бағалады.

Солардың қатарында «Қоғамдық ғылымдар терминдерінің орысша-қазақша және қазақша-орысша сөздігінің» екі томдығы жасалып, оған академик Ө.Айтбайұлының жауапты редактор болғаны – көп жылдық еңбектің нәтижелі жемісі деп бағаланды. «Қазақ терминологиясының дамуы мен қалыптасуы» атты көлемді де мазмұнды монографиясы қазақ тіл білімінде тұңғыш рет қазақ терминологиясының дамуы мен қалыптасуы жайында жа­зылған құнды еңбектер қатарынан көрінді. Қа­зақ терминологиясы мен аудар­масының мәселелері туралы көп жылғы зерт­теу­лердің негізінде 1992 жылы «Қо­ғам­дық ғылымдар терминологиялық лексикасының қалыптасуы мен дамуы» деген тақырыпта докторлық диссертация қорғады. Оның бұл жұмысы тың мәселені қозғап, айтарлықтай жаңалықтар ашып берді. Ең алдымен, бұған дейін ғылым әлемінде, тарихымызда сыры жұмбақ болып келген арыстарымыз- Ахмет Байтұрсынұлы мен Міржақып Дулатұлының мұралары мен еңбектері тұңғыш рет тілдік тұрғыдан талданып, лайықты бағасын алды. Әсіресе А.Байтұрсынұлының қазақ лингвистикасын дамытудағы, оның ішінде қазақ терминологиясын жасаудағы зерделі ой-пікірлері мен ғылыми орны жан-жақты сараланып, дәлелденді.

Мақаланың толық нұсқасымен мына сілтеме бойынша таныса аласыздар: https://egemen.kz/article/270911-terminologiya-tarlanbozy

Comments (0)
Post a comment