КӘСІБИ САЛАҒА БАҒЫТТАП ОҚЫТУҒА АРНАЛҒАН СЕМИНАР

24.05.2021
Дәл қазіргі уақытта қазақ тілін оқыту үдерісінде тілді кәсіби бағытта оқыту өзекті мәселеге айналып отыр. ҚАЗТЕСТ Стандарты бойынша тілді деңгейлеп оқыту мәселесі республика бойынша жолға қойылып, шешімін тапқан. Алайда тілді орташа деңгейде меңгерген тіл үйренушіге әрі қарай жалпылама сипаттағы оқытудан гөрі өз саласына қарай бейімдеп оқытқан нәтижелі болмақ. Әрине, ҚАЗТЕСТ Стандарты бойынша оқу құралдарында А2 деңгейінен бастап ісқағаздары түрлері ішінара берілген. Дегенмен, белгілі бір саланың жұмысын мемлекеттік тілде жүргізу үшін бұл аздық етеді. Сондықтан да тілді кәсіби салаға арнайы бағыттап оқытудың қажеттігі туындайды.

Жалпы, аталған бағытта тілді оқыту мемлекеттік мекемелерден гөрі ЖОО-ларда шешімін тапқан. ЖОО ғалым-оқытушылары тарапынан оны әдістемелік жағынан қалай оқыту керек, сөйлеу әрекеті түрлерін қалай меңгерту керек, негізгі қажетті мазмұнды қалай беріп, тілдік материалды қалай жүйелеу керектігі ескерілген. Бұл ретте профессор Н.Құрманның: «қазақ тілін үйретудің жаңа мазмұндағы бағдарламалары әзірленуі керек. Ондағы тақырыптар кәсіби салаларға толығымен бейімделуі керек», - деген пікірі тілді кәсіби салаға бағыттап оқытудың ерекшелігін нақтылап береді.

Көтерілген мәселенің өзектілігі ескеріле отырып, 21 мамырда Қарағанды облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасы жанындағы Ресурстық тіл орталығы тарапынан Назарбаев университетінің Қазақ тілі және Түркітану департаментінің профессоры, ф.ғ.д. Зейнехан Сейітханқызы Күзекованың қатысуымен «Мемлекеттік тілді кәсіби салаға бағыттап оқыту мәселелері» тақырыбында республикалық онлайн семинар өткізілді. Мемлекеттік тілдің қоғамдағы қатысымдық қызметінің деңгейін көтеру және мемлекеттік тілді кәсіби салаға бағыттап оқытудың әдістемесі төңірегінде қалыптасқан тәжірибені ортаға салу мақсатында ұйымдастырылған онлайн семинарға ҚР Білім және ғылым министрлігі Тіл саясаты комитетінің мамандары; Назарбаев университетінің ғалымдары мен студенттері; Ақтөбе, Алматы, Шығыс Қазақстан, Түркістан облыстарынан және Қарағанды облысының өңірлеріндегі мемлекеттік тілді оқыту орталықтарының әдіскерлері мен оқытушылары; мемлекеттік мекемелердің, департаменттердің тілге жауапты мамандары; ЖОО оқытушылары, сондай-ақ М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу университетінің аспиранты қатысты.

Семинар барысында профессор З.Күзекова кәсіби салаға бағыттап оқытудың ғылыми түсініктемесін бере отырып, зерттелуінен жан-жақты ақпарат бере келе, көтерілген мәселенің жаңа үрдісті әлемнің талап етуінен, тіл үйренушінің талабы, сұранысынан туындап отырғанын жеткізді. Кәсіби қазақ тілін оқытудың мақсаты мамандығына, кәсібіне қатысты қазақ тілінде коммуникативтік компетенциясының қалыптастыру екендігіне тоқталды. Өз тәжірибесінде кәсіби жағдаятта табысты қатысымға жеткізетін қажетті білім-білік дағдыларын атап өтті. Ең бастысы, тілді кәсіби салаға бағыттап оқыту барысында грамматика бөлігінің өзгермейтінін, жалпы оқытуда да, бағыттап оқытуда да бір грамматика берілетінін, тек лексикалық минимум мен мәтіндерді жүйелі іріктеп алу керектігін ескертіп кетті.

Бұл семинар тіл үйренушілер тарапынан туындаған сұранысты қамтамасыз ету мақсатында дер кезінде қолға алынған шараның бірі болды. Осындай сұранысты бұдан бұрын Қарағанды облысы бойынша алғаш болып сот саласы жасаған еді. Осының негізінде бүгінде З.С.Күзекованың жетекшілігімен Сот жүйесінің қызметкерлеріне арналған бірінші оқу құралы дайын болды. Бұл туралы әдістемелік өнімнің авторларының бірі – Игенова Алмагүл Ақмашқызы мәлімет беріп, оқу құралының деңгейлік оқыту ұстанымына құрылғандығы, яғни, тапсырмалары мен грамматикасы жеңілден күрделіге ұласатындығын атап өтті. Оқулықты ашқан беттен бастап, сот саласында қолданатын фразалар мен терминдер қолданылғандығы және QR-код арқылы тіл үйренуші өзін тексере алатындығы ескертілді. Сондай-ақ әзірге А1 деңгейінің ғана қолға алынғанын, әрі қарай бұл үрдіс келесі деңгейде жалғасатынын жеткізді.

Осыған дейін де тілді салаға бағыттап оқыту бойынша Қарағанды облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының ұйымдастыруымен қоғамдық қызмет көрсету салаларында қазақша қызмет көрсету мәселесі қолға алынған еді. Акция ретінде ұйымдастырылға шара барысында сала бойынша қажетті сөздер мен фразалардан тұратын кеспе карточкалар таратылған. Сонымен бірге өңірдегі тілді оқыту орталықтары тарапынан 24 сағаттық кәсіби салаға бағыттап оқыту курстары қолға алынған болатын.

Шараға қатысқан мамандарға бүгінгі семинар ой салғаны сөзсіз. Болашақта облыс бойынша мемлекеттік тіл кәсіби салаға қарай бағытталып оқытылатын болса, қазақ тілінде қызмет көрсету мәселесінің шешімін табуына түрткі болатыны анық.

Жұпар ЖАҚАНОВА,

Қарағанды облысының тілдерді дамыту

жөніндегі басқармасы жанындағы

Ресурстық тіл орталығының бөлім меңгерушісі, п.ғ.м.

Comments (0)
Post a comment