РЕСПУБЛИКАЛЫҚ АКЦИЯ БАСТАЛДЫ

08.06.2021
Бұдан бұрын хабарлағанымыздай, мемлекеттік тіл – қазақ тілін ұлтаралық қатынас құралы ретінде беделін арттыру, азаматтардың қазақ тілін меңгеруге мән беріп, әлеуметтік салаларда мемлекеттік тілдің қолданыс аясын арттыруға ықпал ету, тіл меңгерушілерді ынталандыру, тіл меңгеруді насихаттауды мақсат тұтқан «МЕН ҚАЗАҚША СӨЙЛЕЙМІН» республикалық акциясы осы жылғы 17 мамырдан бастап жүріп жатыр.

Қазақстан халқының этнос өкілдері ғана қатысу мүмкіндігі бар бұл акция төрт кезеңнен тұрады.

1-кезең: 5-8 сынып оқушылары, 24 мамыр – 10 маусым аралығы;

2-кезең: 9-10 сынып оқушылары, 3 маусым – 1 шілде аралығы;

3-кезең: жоғары оқу орны студенттері мен ересек азаматтар, 5 шілде – 5 тамыз аралығы;

4-кезең: Құқық қорғау органдары мен Ішкі істер органдары қызметкерлері, 6 тамыз – 6 қыркүйек аралығында.

– Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Тіл саясаты комитетінің ұйымдастыруымен басталған бұл шараға қатысушылар қазақтың беделді ақындарының өлеңдерінен жатқа үзінділер оқиды. Жыл сайын тақырыптар өзгеріп отырады. Биылғы тақырып – Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай, Отан, туған ел, туған жер, мемлекеттік тіл төңірегінде болмақшы,– деді бізге берген сұқбатында Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы редакциялық баспа басқармасының басшысы Ә.Сергібаев. – Байқау шартына сай, үміткер өлең жолдарын мәнерлеп, жатқа оқиды. Сапалы видеоға түсіреді және оны өзінің Instagram әлеуметтік желісіндегі парақшасына орналастырып, #менқазақшасөйлеймін2021 хэштегімен бөліседі. Жеңімпаздар оқылған өлең жолдарына ең көп жиналған «ЛҮПІЛ» (Лайк) санымен анықталады.

– Әлім Сәдуақасұлы, халық арасында үлкен танымалдылыққа ие болған бұл байқаудың маңызы да өте зор. Биыл несімен ерекшеленеді деп ойлайсыз?

– Жақсы пікіріңізге рахмет. Акцияның әр кезеңіне 100-ден аса тіл үйренушілер қатысады деп болжам жасап отырмыз. Бұл дегеніңіз жақсы көрсеткіш. Өйткені, әр үйренуші – бір тұлға. Жыл сайын олар туралы мәлімет жинап, тіл жанашырларының қатарына қосып отырамыз. Әр кезеңге байланысты жеке-жеке қорытынды шығарылып, жеңімпаздар онлайн режимде марапатталады.

Біз де өз тарапымыздан барлық қатысушыларға сәттілік тілеп, жанкүйерлерге үкілеген үміткерлерінің бәйге алдында келуіне үлес қосуда қапы қалмауға шақырамыз.

Comments (0)
Post a comment