АТАТЕГІМІЗДІ ДҰРЫС ЖАЗУ – ҚАЗАҚТАНУ ҮРДІСІ

09.06.2021
Қазіргі таңда қазақтың келешегі, еліміздің болашағы саналатын ұлттық мүддені терең түсініп, басты құндылық ретінде санамызға терең бойлатып, жадымызда ыдырамас жауһар тастай сақтау аса маңызды мақсат. Осы мақсатқа жетуіміздің айрықша негізі – қазақтану. Тәуелсіз мемлекетіміздің 30 жылға жуық мерзім аралығында шыққан сөздіктердің біріне де «қазақтану» сөзі мүлдем кірмеген, өкінішке қарай, сондықтан оған түсінік берілмеген (қараңыз: «Қазақ әдеби тілінің сөздігі», Алматы: «Арыс» баспасы, 2007; «Қазақ тілінің түсіндірме сөздігі», Алматы: Дайк-Пресс, 2008).

...Сонымен, қазақтануымыздың маңыздылығы айдан айқын. Қазақтану үшін ұлтжандылық пен намыс қажет. Осы қасиеттер бойымызда болса, тәуелсіздігіміз түпкілікті баянды болатыны анық. Ол үшін біз қандай қадамдар жасауымыз керек? Игілікті іс-шаралардың қатарында моңғол шапқыншылығы салдарынан, Ресей империясының колониалдық режимінің және кеңестер заманының еріксіз түрде орнықтырып, қалыптастырып кеткен белгілерінен арылу, қазақты жымысқы саясатпен орыстандыру процесіне тежеу қою. Олардың қатарына ататегімізді қазақи дұрыс жазу мақсаты да жатады. Иә, ататегіміздің (фамилиямыз деп түсінген жөн, оның себебі алдағы уәждерде айқындалады) орысша жалғасы – «ов», «ин», «ев»-терден құтылу жолдарын қарастырып, ең ұтымды түрін қабылдап, заңды түрде бекіту.

Енді осыған аса мән беріп, жан-жақты талдағанды жөн көріп отырмын. О.Жұмабеков өзінің мақаласында менің ұсынысыма назар аудара келе: «Нақыпбек Сәдуақасов та Мұхамбет айтқандай үлгіні ұсыныпты. Мысалға келтіргені – Асқар Сәрсенұлы Жұмабайтегі. Бірақ ол «тегі» деген сөз фамилия екенін ұмытып отыр (мен мұны ешбір ұмытқан емеспін: біріншіден, қандай да болсын қазақ сөздіктерінде «тегі» деген сөз фамилия ретінде түсіндірілмейді, бұл сөз осы талдау түрінде оларда тіпті қарастырылмаған, ал «тек» деген сөзге «шыққан негізі, нәсілі, тұқымы» деген түсінік беріледі. Азаматтардың жеке куәліктерінде ғана «Тегі/Фамилия» деп көрсетілген – автор Нақыпбек Сәдуақасов). Сәдуақасовпен келіссек, мысалға келтірген аты-жөнді былай жазуымыз керек: Асқар – аты, Сәрсен – әкесінің аты, Жұмабай – тегі». Ақыры ол мынадай ұсынысты алға тартқан: «Ұлты қазақ азаматтардың тегін үлкен аталарының біреуінен алуы қалыптасқан тәжірибе. Сондықтан менің аты-жөнім Оңалсын Исламұлы Жұмабектен деп жазылғаны дұрыс деп есептеймін. Басқа түбірлік негіздерді алсақ, «Наурызбайдан», «Сүлейменнен», «Есжаннан», «Болаттан»… Ұлты қазақ азаматтардың тегін «тен», «дан», «нан», «нен» деген жалғаулармен жазуды ұсынамын. Бұл жалғаулар «кімнің ұрпағы?», «кімнен тараған?», «тегі қандай?» деген сұрақтарға толығымен жауап беріп, ұлтымыз қазақ екенін айқын көрсетіп тұрады. Біз құтыла алмай жүрген «ов», «ев», «ин» аффикс­терінен еш жері кем емес. «Швили», мысалға, екі есе ұзын».

Менің пайымдауымша, бұл ұсыныс қолдауға жатпайды. Мысалы, өзін таныстырған адам «Мен Наурызбайдан» десе… «Иә, Наурызбай қандай сәлем айтты?» деген заңды сұрақ туындайды. «Жоқ, менің тегім – Наурызбайдан». «Тегіңді маған айтпай-ақ қой, фамилияңды айт». Мұндай талай түсініспеушіліктер орын алатыны анық. Бұл ұсыныс орын алса, қазақтану үрдісі бәсеңдері анық. Сондықтан бір жайтты атап өту маған борыш. Өткен жылы шыққан мақаламның алғашқы нұсқасында мұндай ұсыныс менде де болған. Бірақ ойлана келе, редакцияға қоңырау шалып, ұсыныстың бұл түрінен бас тартуға бекем бел байлаған едім. Неліктен екені төмендегі уәждерден түсінікті болады.

Аталған қиындықтардан арылып, қазақилығымыз нығыздалып, ғасырлар бойы жалғасын табатын ататегі (фамилиясы) және әкесінің де атын сақтау үшін ең ұтымды тәсіл мына нұсқадағыдай екені дау тудырмауы тиіс: Нұрбек БақбергенұлыАтымбектегі(Ахметтегі, Қазитегі, Сабырбайтегі және т.т.). Аталған тәсілдің басқа да ұтымды тұстарын былай қойғанда, кімде-кім өзі үшін ардақты, елдің құрметіне бөленген, көне кезеңдерден ел-жұрттың аузынан түспейтін ататегі (фамилиясы) ескеріледі және ұмытылмайды. Әр қазақ азаматы жеке куәлігінің бетіне көңіл аударса, «тегі» сөзіне қатар аударма ретінде орысша «фамилия» сөзі жазылған. Ал келешекте төлқұжат (паспорт) пен жеке куәліктердегі келте «тегі» сөзінің орнына «Ататегі/Фамилия» деп жазу керек. Осыған орай, азаматымыздың ататегі өшпеуі және ғасырлар бойы сабақтастық табуы абыройлы да ұтымды жайт.

Мысалы, корейлердің ататегі (фамилиясы) көне заман бойы жалғасып, бір нұсқада өзгермей, тек өз аты мен әкесінің аты өзгеріп тұрады екен. Бәрімізге белгілі Солтүстік Корея басшыларының мына есімдері еске түседі: Ким Ир Сен, Ким Чен Ир, Ким Чен Ын. Байқасаңыз, үлкен ата-бабаларының «Ким» аты көне заманнан өзгермейді. Кәрістердің ұстанған ата дәстүрі осындай. Ал «қазақтығымызды нықтай алмай, тілімізді мықтай алмай» жүрген біз үшін ең бастысы – қазақилығымызды айдай айқындап тұратын аталған тәсіл игілікті де икемді, ешкімнің артық басы да қатпайды: жөн-жосықсыз амалдардан да арылатынымыз хақ.

Қазір жеке куәлік тез арада дайындалады. Осы ұмтылыс, іс-шара Ата заңымызда аталған шынайы патриоттығымызды шынайы шыңдататыны, ана тілімізге де бет бұратындарды арттыратыны даусыз. Бұл қазақ өзін қазақ болып ұғынып, қазақ болып сезінетінінің айғағы. Бұл игілікті бетбұрыс Қазақстан аумағындағы қазақтарға ғана оң нәтижелі болып қоймай, басқа да сырт елдердегі қандастарымызға қайырымды да қарымды болары анық. Ұлттық мүддені қасиетті тәуелсіздігімізге сай терең ұғынып, оны берік ұстасақ, қазіргі аласапыран теңіздей бұрқанып, толқыған халықтардың арасында із-түзсіз жоғалып кетпей, әлемдік көштің соңында тоз-тоз, бет-бетімен бытырап, тентіреп кетпеуіміздің мызғымас кепілі болатыны анық.

Бұл ұсыныстың қазақтану үрдісін тек жандандырып қоймай, сонымен қоса, ұлт мүддесіне, ұрпақ келешегіне жағымды да ұтымды ықпалы, жан-жақты пайдасы тиетіні сөзсіз. Аталған үлгіні халқымызға еңбегі сіңген ардақты тұлғалар, ел үшін қабырғалары қайысатын атақты ақын-жазушылар мен биліктегі белгілі лауазым иелері көрсетіп, қолдаса қазақ үшін, қазақтану үрдісіне қосылған игілікті іс болар еді. Не дегенде, аталмыш тығырықтан абыройлы, оңтайлы, ұтымды шығуымыз абзал, ағайын!

Мақаламен төмендегі сілтеме бойынша толық таныса аласыздар: https://zhasalash.kz/ruhaniyat/atategimizdi-durys-zhazu-%E2%80%93-qazaqtanu-urdisi-16185.html

Comments (0)
Post a comment