«ҚУАНЫШ БҰЛТЫ» ҚАНДАЙ БОЛАДЫ?

21.06.2021
Будақ бұлт – 1-2 км биіктікте болатын, үйіліп жатқан жүн, не мақтаға ұқсап келетін сұрғылт түсті бұлттар. Олар тұтаса келе түнеріп, будақ бұлтқа айналып, жазда, нөсер жаңбыр, қыста, жапалақтап қар болып келеді. Қабат бұлт – екі шақырымдай биікте көтерілетін, тұманға ұқсас, сұрғылт қабатты бұлттар. Шарбы бұлт – 6 км-ден жоғары биіктікте түзілетін, майда мұз кристалдардан тұратын, жауын-шашын әкелмейтін ақ түсті бұлттар. Бұлттарға қарап та күн райын болжауға болатындықтан, бұлттардың бабаларымыздан қалған атауларымен таныс болайық:

✳️Ақша бұлт – ашық аспанда қалқып жүретін ақ бұлттар.

✳️Ала бұлт – ақ, қара, қошқыл түсті бұлттардың шоғырынан құралған бұлттар.

Түтілген шудадай жеңіл бұлтты ✳️желең бұлт деген.

Әлсін-әлсін қайталап, аздап қана жауын әкелер бұлтты жылауық бұлт, күні бойы үзіп-үзіп жауын әкелер бұлтты ✳️саума бұлт атаған.

✳️Зілмеуір бұлт – аспанды түгел жапқан ауыр бұлт.

Ұсақ мұз түйіршіктерінен пайда болып, өте биікте қалқып жүретін бұлттарды – ✳️қазбауыр бұлт деген.

✳️Қара бұлт – түнеріп аспанды түгел жапқан бұлт.⠀

✳️Қатпарлы бұлт – қоңыр-ала қалың қабатты бұлт.

✳️Қауырсын бұлт – тарам-тарам селдір бұлт.

✳️Көшпелі бұлт – көтеріліп, көкжиектен тез көшіп кетер бұлт.

✳️Кілегей бұлт – жұқа сирек бұлттың атауы.

✳️Маса бұлт – желсіз, тымырсық күнгі тұнба бұлт.

✳️Өркеш бұлттар – түйенің өркешіндей ала бұлттар.

✳️Сетінеуік бұлт - іргесі сөгіліп, ыдыраған бұлт.

Аспанды жаппай торлап алғанымен, төрт-бес шақырымдай биіктікте жүретін тұнжыр бұлтты ✳️сұр бұлт,

екі-үш шақырымдай биіктікте жүзген жұқалтаң бұлтты ✳️шарбы бұлт, төмен қонған ауыр бұлтты ✳️шөкпе бұлт атаған.

Үздік-үздік бір-біріне ұласа көшкен бұлттардың атауы – ✳️түйдек бұлт болса,

шоғырымен тіркесе көшкен шұбар ала жеңіл бұлттың атауы – ✳️ұшпа бұлт.

Селдіреген, күн қызуын бөгетсіз өткізетін селдір бұлтты ️шағырмақ бұлт деген.

Желдің айдауы салдарынан түзілетін бұлт – ️бұйра бұлт.

Кемпірқосақ түсіне бөленетін бұлт – қуаныш бұлты.

Э.Т. Құрманалиева, Н.Т. Тілегенов, А.Т. Сайлауова «Артық болмас білгенің»

Comments (0)
Post a comment