Қазақ тілі мұғалімдері мен оқытушыларына арналған біліктілік арттыру курстары

17.08.2021

ҚР Білім және ғылым министрлігі Тіл саясаты комитетінің тапсырысымен Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы ағымдағы жылғы 18-27 тамыз аралығында қазақ тілі мен әдебиетін оқыту бойынша шетелдердегі қазақ тілі мұғалімдері мен оқытушыларына арналған біліктілік арттыру курстарын өткізеді.

Біліктілік арттыру курстары Қазақстан Республикасында тіл саясатын іске асырудың мемлекеттік бағдарламасының «Абай институты» ашық білім беру жобасы аясында өткізіледі.

Абай институты – бұл өз еліміздегі азаматтар үшін де, шетелдердегі қазақ диаспорасы мен сол елдерде туып өскен қазақ балалары және қазақ тіліне қызығушылық танытып, үйренгісі келетін шетелдік азаматтарға да қазақ тілін үйренуге мүмкіндік беретін қазақ тілін, әдебиеті мен мәдениетін дәріптейтін, қазақ тілін оқыту бағдарламаларының жалпыға қолжетімділігін қамтамасыз ететін мемлекеттік бағдарламаның міндеттерін іске асыру жобасы.

Абай институты аясында Түркия, Иран, АҚШ, Белгия, Франция, Германия, Ресей, Моңғолия, Өзбекстан елдерінде қазақ тілін оқыту кабинеттерін ашып, офлайн және онлайн оқыту жүргізілуде. Былтыр басталған қазақ тілі сабақтарына қатысушылар саны артып келеді. Сонымен қатар Ресей, Моңғолия, Өзбекстан мемлекеттерінде орта мектептердің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімдеріне әдістемелік көмек қажеттелігі байқалып отыр.

Ауқымды жұмысты атқаруда шетелдердегі қандастармен жұмыс жүргізуші мекеме «Отандастар қорының» рөлі ерекше. Жыл басынан берін аталған мемлекеттердегі қазақ тілі кабинеттері жұмыстарын үздіксіз қызмет атқаруына аталған мекеме үлес қосып келеді.

Былтыр «Абай институты» жобасына арнайы www.abai.institute порталы әзірленіп, іске қосылған болатын. Әлемдік тәжірибелерге сәйкес порталдың негізгі қағидасы – интернет пайдаланушыға кез-келген ыңғайлы уақытта, кез-келген өзін қызықтыратын тақырып бойынша өз бетінше тіл үйренуде оның әрбір қимылына, берілген сауалға жауап беруіне қарай оған тіл үйренудегі өте тиімді бағыт бойынша «алып жүріп», ақылды технология мен әдістеме арқылы мүмкіндігінше қысқа мерзімде өзін сол үйреніп отырған тілі бойынша сөйлескенде өзін өте жайлы сезінетіндей тіл үйрету.

«Қазақ тілін үйрету: халықаралық және қазақстандық тәжірибе» тақырыбындағы шетелдердегі қазақ тілі мұғалімдері мен оқытушыларына арналған біліктілік арттыру курстарына қазіргі таңда 125-тен аса адам тіркеліп отыр. Қатысушылырды қазақ тілі мен әдебиетін оқытудағы қызықтыратын тақырыптарын дәлірек анықтау мақсатында алдын ала сауалнама жүргізіліп, курстардың баяндамашылар құрамы анықталды. Еліміздегі қазақ тілін шетел тілі және екінші тіл ретінде оқытатын беделді филолог ғалымдардан баяндамашылар тобы жасақталды. Олардың ішінде Назарбаев Университет, халықаралық мектептер мен шетелдерде қазақ тілін оқытып жүрген ғалымдар бар.

Біліктілік арттыру курстары 8 күн бойы жалғасады. 18-27 тамызға жоспарланған курстар онлайн форматында өтетін болады. Біліктілік курстары бойынша тапсырмалар орындалып, біліктілік арттыру сертификаттары берілетін болады.

Курстың бұл кезеңінде Ресейден, Моңғолиядан, Өзбекстаннан қазақ тілі мамандары қатысады.

 

 

 

Comments (0)
Post a comment