12 елде қазақ тілін оқытатын сынып ашылды

27.12.2021
2021 жылы Ақпарат және қоғамдық даму, Сыртқы істер министрліктерінің қолдауымен «Отандастар қоры» әлемнің 12 елінде қазақ тілін оқыту бойынша 31 онлайн-сынып ашты.

Осы жылдың тамыз және желтоқсан айларында сабақтар speaking club (сөйлесу клубы) форматында өткізілді.

Бұл Түркия, Ресей, АҚШ, Ұлыбритания, Бельгия, Германия, Франция, Иран, Қырғызстан, Украина, Моңғолия және Беларусьтегі қазақ диаспораларының 1 391 өкіліне 780 онлайн сабақ өткізуге мүмкіндік берді. 336 қатысушыға сертификат берілді.

Сонымен бірге қазақ тілін өз бетінше үйрену мүмкіндіктерін жасау мақсатында 30 онлайн-сабақ YouTube-те шығарылды.

Биыл қандастармен мәдени-гуманитарлық байланыстарды нығайтуға, қазақ халқының мәдени мұрасын ілгерілетуге бағытталған басқа да маңызды шаралар іске асырылуда. Естеріңізге сала кетейік, биыл Қырғыз Республикасының астанасында «Abai üiı» мәдени-іскерлік үйі ашылды. Осылайша, мәдени-іскерлік үйлер жұмыс істейтін елдер саны 6-ға жетті: Түркия, Германия, Украина, Ресей, Өзбекстан және Қырғызстан.

Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай ҚР АҚДМ, ҚР СІМ қолдауымен «Отандастар қоры» мен Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы ұйымдастырған Қазақтардың кіші құрылтайы ерекше маңызды болды. Кіші Құрылтай осы жылдың қыркүйек айында Ыстамбұлда өтті.

Сондай-ақ ағымдағы жылы Қазақстан-Неміс достығы қауымдастығымен және Жапониядағы қазақтар қауымдастығымен ынтымақтастықты дамыту бойынша 2 меморандумға қол қойылды.

Қазақ мәдени орталықтарымен, қазақ қауымдастықтарымен, шет елдердегі ҚР мекемелерімен мәдени-гуманитарлық және іскерлік байланыстарды дамыту және кеңейту мақсатында 2021 жылы әлемнің 20 елінен 4 500-ден астам отандастың қатысуымен 15 іс-шара, 20 кездесу, 4 конференция, 4 онлайн-офлайн жоба өткізілді.

Comments (0)
Post a comment