Ұлт ұстазы атындағы оқу залы ашылды

16.02.2022

Мазмұнды жиын тізгінін ұстаған тілші-ғалым, академик Шерубай Құр­манбайұлы көрнекті ұлт қайрат­керінің мерейтойы елімізде ғана емес, әлемдік деңгейде өткелі отырғанда, Ұлттық академиялық кітапханада тойдың беташары ретінде Ахаң атындағы оқу залының ашылғаны – оқырманды ізгілікке үндер өнегелі бастама екендігін айтты.

− Ахмет Байтұрсынұлы − сан қырлы тұлға ғана емес, ғажайып энцикло­педиялық білім иесі. Ахаңның ұлт үшін жасаған еңбегі ұшан-теңіз. Ол – ұлы ағартушы, ұлт ұстазы, әдебиеттану ғылымы мен қазақ тілін оқыту әдістеме­сінің және қазақ баспасөзінің негізін қалаушы. Ақын, аудармашы, мемлекет және қоғам қайраткері... Қысқасы, ұлы ғалымның сан қырын айта беруге болады. Ахаң ақталғаннан бері ол туралы кандидаттық, докторлық диссертациялар қорғалды. Жүздеген мақала жазылды. Тәуелсіздік алғаннан бері Ахмет Байтұрсынұлы есімін халқымыздың ең көп айтылып, ең көп сілтеме жасайтын ғалымы деп білеміз. Алайда Ахаңның артында қалған мол мұрасының бас-аяғы толық түгенделіп, жан-жақты зерт­телді деп айта алмаймыз, – деп сөзін түйін­деді. Одан кейін түркітанушы ғалым Шәкір Ыбыраев ұлт ұстазының кісілік келбеті мен адами қасиеті, мемле­кетшілдік рухы жайында парасатты ой қорытты.

− Бүгін академиялық кітапханада Ахаң атындағы оқу залының ашылуында үлкен мән бар. Шын мәнінде, Ахмет Байтұрсынұлы – ұлтқа қызмет етудің үздік үлгісі. Алаш зиялыларының ешқайсысын да бөліп-жармаймын, солардың ішінде ұлт ұстазының орны бөлек. Ол сан-салалы ғылымның негізін қалап, алдымен оқулық жазды. Оқулық болмайынша, елдің рухани, мәдени, ғылыми бейнесі түгенделмейтінін терең сезінді. Шындығында, алаш зиялыла­рының жеткен деңгейіне қазіргі қазақ қоғамы жеткен жоқ. Оның себебі, олар ешқандай боямасыз, өтірік­сіз халыққа шынайы қызмет істеді. Біз үшін сол үлгі болу керек», деді.

Сондай-ақ жиынға астаналық ға­лым­дар ғана емес, онлайн арқылы алма­тылық зиялы қауым өкілдері де ат­са­лысып, өз ой-пікірлерін білдірді. Мә­се­лен, Қазақстан Жазушылар одағы бас­қар­масы төрағасының орынбасары, ақын, филология ғылымдарының докторы Бауыржан Жақып Мұхтар Әуезовтің «Ахаңның елу жылдық тойы», деген мақаласындағы: «Қазақ» газетінің сүтін еміп өскен бір буын осы күнде пікір-білім жолында бұғанасы бекіп, іс майданына шығып отырса, кейінгі жас буын Ахаң салған өрнекті біліп, Ахаң ашқан мектепті оқып шыққалы табалдырығын жаңа аттап, ішіне жаңа кіріп жатыр. Ахаңның бұл істеген қызметі – қазақтың ұзын-ырға тарихымен жалғасып кететін қызмет, істеген ісімен өзіне орнатылған ескерткіш», деп жазған сөзін мысалға келтірді.

«Ұлт қайраткері 1913-1918 жылдары «Қазақ» газетінің редакторы болғанда, халқымыздың сан алуан өзекті проблемаларын қозғап, соны шешуге күш салды. Оның біразы әлі күнге дейін іске асқан жоқ. Осыдан бір ғасыр бұрын Ахаң айтқан дүниені қолға алатын кез енді келіп жатыр. Ахмет Байтұрсынұлының 1926 жылы Ташкентте жарық көрген «Әдебиет танытқыш» еңбегі – көркем сөз өнеріндегі алғашқы ғылыми еңбек деп айтамыз. Кейін көрнекті ғалым­дар Қажым Жұмалиев пен Зей­нол­ла Қабдоловтың жазған әдебиет теориясы осы Ахаңның «Әдебиет та­ныт­қышынан» нәр алып жазылған дүние екендігін қазір біз көріп отырмыз» дей келіп, Бауыржан ағамыз алаш арысының мерейтойы аясында Қа­зақстан Жазушылар одағы М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтымен бірлесіп, Байтұрсынұлының толық шығармалары жинағы мен Ахаң туралы зерттеулерді жинақтап шы­ға­­ру­ды жоспарлап отырғандығын жеткізді.

Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің профессоры Рахымжан Тұрысбек ғибратты ғалым­ның оқу-әдістемелік еңбектері жөнінде салмақты сөз сабақтады. «Қазақ тари­хында мың-сан атақты адамдар бол­ған. Мысалы, Әл-Фараби, Шоқан, Ыбырай, Абай салған дәстүрді одан әрі жалғастырған алаш оқымыстылары, солардың бел ортасынан Ахаңды көре­міз. Қазіргі уақытпен саралап қа­ра­ғанда, ол кісінің ұлттық мұратқа адал­дығы, елдік мүддеге қыз­ме­ті­нің аса мәнділігіне көзіміз жетеді. Ұлт ағартушысының артында қалған мұра­сы, әсіресе көсем сөздері мен әдеби теориялық қи­сын­дары оқу ісінде маңызы зор екенін аңғарамыз» десе, белгілі ғалым Қайрат Сақ алаш қайраткерінің ұлттық журна­лис­тиканың негізін қалаған тұлға ретіндегі қызметін әңгімеледі. «Ахаң­ның тойындағы құрметтің ең үлкені: ұлт ұстазының ілімі, өсиеті, кейінгіге айтып кеткен ақыл-кеңесі жүзеге асса деймін. Тәуелсіздіктің елең-алаңында алаш идеясымен қаруланып, сол бағыт­та жылжығанда көп нәрседен ұтар едік. Жиырмасыншы ғасырдың басында Ахаң бастаған алаш зиялылары ұлт­тық мүддені көтеретін баспасөз шыға­руды ойлады. Қарқаралыдағы Қоян­ды жәрмеңкесінде патшаға петиция жариялағанда, сондағы бір талап қазақ тілінде газет шығару идеясы болды. Сол талапты алаш азаматтары 1905 жылы көтерсе, оған 1913 жылы ғана қол жеткізді» деді ол.

Сонымен қатар іс-шара барысында Қазақстан Жазушылар одағы Нұр-Сұлтан қалалық филиалының директоры, ақын Дәулеткерей Кәпұлы, ақын Бақытжан Тобаяқ, қоғам қайраткері Сәдібек Түгел де тұғырлы тұлғаның жан-жақты қырларына тоқталып, ғиб­ратты сөз өрнектеді. Жиын соңында қа­тысушылар Ұлттық академиялық кі­тап­хана ұйымдастырған Ахмет ата­мыз­дың шығармашылық өмірін қамты­ған «Ұлттың ұлы ұстазы» атты кітап көрмесін тамашалады.

Comments (0)
Post a comment