"Тіл-Қазына" ҰҒПО-ның бас директоры тағайындалды

01.03.2022
ҚР Білім және ғылым министрлігі Тіл саясаты комитеті төрағасының бұйрығымен Тілешов Ербол Ердембекұлы «Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы» КеАҚ-а бас директоры болып тағайындалды.

Ербол Тілешов 1965 жылы 22 ақпанда Алматы қаласында туған. 1992 жылы Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогика университетін бітірген. Филология ғылымдарының кандидаты.

Ол 1992 жылы С.Сейфуллин атындағы Целиноград педагогикалық институты қазақ әдебиеті кафедрасының оқытушысы ретінде еңбек жолын бастаған.

1997 жылы «Мағжан Жұмабаевтың поэзиясындағы романтизм» тақырыбында кандидаттық диссертация қорғаған.

2003-2004 жылдары Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Гуманитарлық институты директорының орынбасары, 2004-2007 жылдары Қазақстан Республикасы Мәдениет министрлігі Республикалық мемлекеттік тілді жеделдетіп оқыту орталығының директоры, директорының орынбасары, 2007-2012 жылдары Астана қаласы Тілдерді дамыту басқармасы «Руханият» орталығының директоры, 2012-2015 жылдары Астана қаласы Тілдерді дамыту басқармасының басшысы қызметтерін атқарған.

2015-2018 жылдары «Шайсұлтан Шаяхметов атындағы тілдерді дамытудың республикалық үйлестіру-әдістемелік орталығы» РМКК директоры. 2018 жылдан «Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы» КеАҚ-ы атқарушы директоры лауазымын атқарды.

Негізгі еңбектері қазақ әдебиетінің тарихы мен теориясына, алаштану, тілтану, қазақ тілін үйрету әдістемесі тақырыбына арналған. «Көркемдік әдіс және суреткер» монографиясының, «Алаш туы астында», «Қайнар», «Алаш қайраткерлері» библиографиялык көрсеткіші, «Алаш және Әуезов» зерттеулер жинақтарының, «Алаш қозғалысы» энциклопедиялық анықтамалығының (Д.Қамзабекұлымен бірге) және 200-ден астам ғылыми және ғылыми-әдістемелік мақалалардың авторы.

1996-1999 жылдары Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының дарынды жас ғалымдарға берілетін арнаулы стипендиясына ие болған.

Е.Тілешов «Құрмет» орденінің иегері.

Comments (0)
Post a comment