Тіл мәселесіне тірек керек

11.03.2022

Мемлекеттік тіл – ана тіліміздің ахуалы қазір барынша ауыр жағдайда. Осы бағытпен кете берсе бір уақытта жұтылып кет­пес пе екен деген де қауіп өте зор. Орысша түгілі қазақ­ша оқитын, үйде қазақша сөй­ле­й­тін балалардың көбі бос уа­қыт­тарында бір-бірімен тек орысша сөйлеседі. Ол жалғыз Солтүстік облыстарда ғана емес астанада да, Алматыда да солай екенін көріп жүрміз. Өмірімізге етене еніп бара жатқан интернет, ондағы орыс тіліндегі түрлі ойындардың бәрі бала атаулының санасына сұғына енуде. Сондықтан бізге бар білім мен күшімізді, қаржылық әлеуе­тімізді интернеттегі бала­лар ойындарының, хабарларының, киноларының тілін қазақшаға бұруға салу керек.

Қазір «Балапан» арнасы көп жұмыс істеп жатыр, бірақ ол – жалғыз. Соның өзінде ықпалы бар. Шын бол­са, жуырда әлеуметтік желіден бір қырғыз депутаты «Балапанды» көп көргендіктен баласы қазақша сөй­леп кеткеніне налитынын айтыпты. Қалай болса да жаны бар сөз, ендеше ғаламтордағы балалар хабарларын күшейте түсу керек. Балаларға өтімді киноларды да көркем тілмен аударып, санасын селт еткізетін қаратпа сөздерді, әдемі атауларды, көркем сөз­дерді көбейту керек...

Бізде мемлекеттік тілдің оқытылуы мен үйретілуі тек қағаз жүзінде ғана мықты. Мысалы, Солтүстік Қазақстан облысында 461 жалпы білім беретін мектеп бар. Соның 112-сі, яғни 24 пайызы қазақ тілінде оқытады, сонымен бірге 92 аралас мектеп бар. Онда да қазақ сыныптары көп. Бұл – құдайға шүкір деп айтатын-ақ жайт, өйткені бір кезде облыс бойын­ша қазақ тілінде оқытатын тек алты мектеп қана болған. Оның өзін жабуға оқ­талып отырған шовинистер үнемі шабуыл жасап жататын еді... Бірақ сол кездегі қазақша оқитын балалардың бәрі таза ана тілінде сөйлейтін. Қазір барлық жағдай бар, мектеп саны көп, бірақ амал не, барлық балалар сабақ­тан шыққан бойда орысша сөйлеп кетеді. Бұған жоғарыда айт­қан ғаламтордың кесірі бір жақтан тиетін болса, екіншіден, тілдері орысша шыққандар ойқастап, қазақтілді балаларды «басып» тастайды. Солар­дың ықпалымен тілі қазақша шыққан баланың өзі қалай орысшаға кетіп қалғанын білмей қалады.

Мектепке алынғанда бөбектерді бөліп, тілі орысша шыққандарды бір бөлек, қазақша шыққандарды бір бөлек оқытса ғой... Ондай тәжірибе ж­а­сауға, басына қосымша жүк алуға еш­қандай мектеп директорының мойны жар бермейді, бірақ. Ондай бол­са кейбір саналы ата-аналар бала­ларын қазақша үйрену үшін тілі ана тілінде шыққан сыныпқа беруге тырысар еді. Сайып келгенде бұл әдіс қазақша сөйлеудің мәртебесін азды-көпті арттырар еді. Бірақ ондай болмақ қайда? Алдымен көлеңкесінен қорқып жүретін шенеуніктер «бұл не сұмдық?» деп шошып кетер еді.

Мектептегі тіл мәселесі осындай болса, оның өмірдегі, қызметтегі, көше­дегі, саудадағы ахуалы да оңған шүбе­ректей күннен күнге тозып бара­ды. Барлық саналы азамат, зиялы қауым осыны көріп отыр. Әрине, түбе­гейлі түк атқарылмай жатыр деу­ден аулақпыз, билік басындағылар да тілге жанашырлық білдіреді. Бірақ қор­даланған көп мәселені бірден шешу қашанда оңай болмайды.

Жұмыла жұмыс жүргізудің бір дәлелі ретінде бұрын қажетсіз деп тара­тылған «Қазақ тілі» қоғамының бар­лық өңірде қайта ашылғаны дер едік. Біздің облыстық филиал төраға­лығы­на Жанат Мұхамеджанов деген бел­сенді азамат келді. Жуырда облыс әкімі­нің орынбасары Ғани Нығы­метов­­тің қатысуымен филиалдың кеңей­тілген алқа отырысы өткізіліп, онда қор­даланған біраз мәселе ортаға салынды.

Ономастика мәселесі бойынша біз де өзіміздің ойымызды ортаға сал­дық. Солтүстік Қазақстанның жер-су атаулары әлі де негізінен өзге тілде. Әсіресе облыс орталығындағы жағ­дайдың әлі «мұрты» бұзылмай тұр. Біршама большевик көсемдердің аты алынғанымен интернационал, партизан, коминтерн, совет, пионер, комсомол сияқты идеологиялық тұрғыдан ескірген атаулар әлі де сол күйінде. Енді осы атауларды өзгерте отырып, олардың орнына лайықты есімдер берілуі керек-ақ. Алайда бұл істе де кейде асыра сілтеуге ұры­нып қаламыз. Өз туыстары мен та­ныс­тарынан басқа ешкім білмейтін бі­реу­лердің есімдерін көше атына ұсы­ну­шылар да табылады. Мәселен, бүгінгі таңда Петропавл қаласындағы көшелердің атын ауыстыру туралы 46 ұсыныс түскен екен. Соның әрқайсысын ономастикалық комиссия мұқият қарамаса ешкім білмейтін кейбір адамдарға да көше аттарын беру ұсынылыпты. Киевте туған Арон Наумович Левковичке көше аты сұралған. Оның кім екенін зиялы қауым білмейді. Сол сияқты Рузаев ауданында туып-өскен Әнәс Ілиясов деген бір азаматқа да көше аты сұралған. Оны да халық біле бермейді. Ал енді Владимир Черемисиновқа көше аты сұралғаны тіпті оғаштық. Черемисинов деген ХХ ғасырдың басында Петропавлдың мэрі болған адам. Яғни отарлаушы патша өкі­меті­нің шенеунігі, ол біздің жерде пат­шаның отарлық саясатын жүр­гізді. Бізді қорлаған, жерімізді, малы­мызды тартып алушы өктемдік өкілі болған адам. Әрине, біз орыс фамилиялы адамдарға қарсы емеспіз. Артына адамзаттық рухани мұра қалдырған Чехов, Пушкин, Лермонтов, Тургенев, Чайковский, Бру­­силовский сияқты ақын, жазушы, ком­­позитор, музыканттарға көше атта­рын бергенбіз. Ондайлар біздің елге қа­ты­­сы болса әлі де беріледі. Бірақ отарлық саясатты жүргізген адам­дар­ды ұлықтауға жол бермеуіміз керек.

Жалпы, көше атауына есімі бері­летін адамдардың бағалау критерийін алдын ала жасап алған жөн. Ол жер­дегі ең басты шарт – адамның арты­на қалдырған игі ісі, халыққа тигізген пайдасы, рухани қазынасы болуы шарт.

Жуырда болған жиналыста Ғани Нығыметов Петропавл қаласындағы 40 көшенің атын ауыстырамыз деді. Оның ішінде идеологиялық тұр­ғы­дан ескірген 20-сына жаңа атаулар табылған. Бірақ осындай өрелі іске қала әкімдігінің белсенділігі төмен­деу екенін айтпай кетуге болмайды.

Ғани Сақтағанұлы өз сөзінде Тіл басқармасының да қайтадан ашылу мүмкіндігі барын айтты. Бұған дейін ол жабылып қалған еді. Енді аталған басқарма облыста қайтадан ашылып, ал аудандарда бөлімдері жұмыстарын бастауы мүмкін екендігі жеткізілді. Бұл бір қуанышты хабар болды. Бірақ оның сылбыр болмай, жұмысын батыл, белсенді түрде жүргізуіне «Қазақ тілі» қоғамы ықпал етіп отырса нұр үсті­не нұр болар еді. Тек әйтеуір әкім­дер­дің қас-қабағына қарап байланып қал­ған кезекті құрылым болмасын деңіз.

Солтүстіктегі ең үлкен ономас­тика­лық мәселе Петропавл қаласы атауының қазақша Қызылжар тарихи атауына ауысуы ғой. Ол туралы біз жақында облыс әкімінің орынбасарымен арнайы сұхбат жасамақпыз. Сол жерде біраз ойлар мен жаңа пікірлер айтылар деген үміттеміз.

Comments (0)
Post a comment