Мектеп терминологиясының жай-күйі талқыланады

16.03.2022
Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Тіл саясаты комитеті мен Ш. Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының ұйымдастырумен 2020 жылғы 16 наурызда «Мектеп терминологиясы: бүгінгі жай-күйі мен жүйелеу мәселесі» тақырыбында республикалық әдістемелік-сараптамалық онлайн семинар өтеді.

Семинардың мақсаты – қазақ тіліндегі мектеп оқулықтарында қолданылатын терминдердің ғылыми негізі мен әдіснамасын жетілдіру, мектеп терминологиясының жүйеленген базасын қалыптастыру.

Әдістемелік-сараптамалық семинарда мектеп оқулықтарындағы терминдердің жай-күйіне сараптамалық талдау жасалып, орта мектептерде ғылым тілін меңгертудің алғышарттарының бірі – терминдердің берілу барысы зерделенеді. Оқулықтармен тікелей жұмыс жасап отырған практик мамандар терминжасамға қатысты түйткілді мәселелерді нақты мысалдар арқылы көрсете отырып, шешу жолдарын ұсынады. Берілетін терминдердің оқытудың дидактикалық талаптарымен сәйкес келуі, терминдер дефинициясының оқушы ұғымына жеңілдігі, халықаралық терминдерді игеру жолдары талқыланады.

Семинарда Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы, А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты, Республикалық ғылыми-практикалық білім мазмұнын сараптау орталығы, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ҰҒПО ғалымдары және мектеп мұғалімдері баяндама жасап, пікір алмасады.

Іс-шараға лингвист ғалымдар, орталық және жергілікті атқарушы органдардың қызметкерлері, БАҚ өкілдері және сала мамандары қатысады.

Семинарға Zoom платформасы және «termincom.kz» сайтының YouTube каналы арқылы қосылу мүмкіндігі қарастырылған.

Comments (0)
Post a comment