Қапшағайды Қонаев атау ұсынысына Ономастика комиссиясы оң қорытынды берді

29.03.2022

Бүгін ҚР Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаевтың төрағалығымен Қазақстан Республикасы Үкіметінің жанындағы республикалық ономастика комиссиясының отырысы өтті.

Құрамында уәкілетті мемлекеттік органдардың өкілдері, ғалымдар мен қоғам қайраткерлері бар комиссия Алматы облысы әкімдігінің Қапшағай қаласын қайта атау туралы ұсынысын қарады.

Дәурен Абаев кез келген қаланы, елді мекенді немесе көшені қайта атау ономастика саласын реттейтін заңнама талаптарына сәйкес жүзеге асырылып жатқанын атап өтті. Комиссия келіп түскен ұсыныстарды қарайды және қорытынды береді. Ұсыныс оң баға алған кезде қайта атау туралы шешім Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен бекітіледі.

Отырыста комиссия мүшелері Қапшағай қаласын Қонаев қаласы деп қайта атау туралы ұсынысқа оң қорытынды берді. Жақын арада комиссияның қорытындысы дайындалып, заңнамаға сәйкес жұмыс жүргізу үшін Алматы облысының әкімдігіне жолданатын болады.

Қапшағай қаласын қайта атау туралы бастаманы Алматы облысының бірқатар үкіметтік емес ұйымдары жария етті, содан кейін бұл бастаманы Қапшағай қаласы мәслихатының депутаттары бірауыздан қолдап, Алматы облысының ономастикалық комиссиясына жолдаған.

Естеріңізге сала кетейік, 16 наурызда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында Алматы облысын Жетісу және Алматы облыстарына бөлуді ұсынған. Алматы облысының орталығы Қапшағай қаласы болады. Бұл ретте Президент Қапшағай атауын Қонаев деп өзгертуге қолдау көрсетуге әзір екенін білдірген.

Comments (0)
Post a comment