Қазақ тілі – кәсіби салада

08.04.2022
Бұдан бұрын хабарлағанымыздай, Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Тіл саясаты комитеті мен Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы ағымдағы жылдың наурыз айынан бастап, өңірлердегі Тіл оқыту орталықтарына арнап «Тілді үйретудегі отандық әдістемелердің тәжірибесі» атты онлайн семинар-кеңес ұдайы ұйымдастырып келеді. Кезекті іс-шара «Қазақ тілін кәсіби салаға бағыттап тиімді ұйымдастыру» тақырыбына арналды.

8 сәуір күнгі жоспарлы онлайн басқосуды ашқан Орталықтың әдістеме басқармасының басшысы Жазира Искакованың айтуынша, ана тіліміздің аясын кеңейтудің бір ұтымды жолы – кәсіби лексиканы дамыту. Күн тәртібіне ұсынылған мәселеге қатысты Қарағанды облыстық Тілдерді оқыту орталығы таңдалуының мәні бар. Себебі бұл өңірде алғашқы болып сот жүйесі қызметкерлеріне арналған үш оқулық жарық көрген.

Өңірлік орталықтың директоры Алмагүл Ақмашқызы Игенова бұл мәселеге жан-жақты тоқталды.

– Тіл меңгеруге талаптанған адамның базалық деңгейде тілдік қоры болуы керек. Аталған үш кітап мемлекеттік тілді меңгерген сала мамандарының үлесін арттыруға бағытталған. А1 – Қарапайым, А2 – Базалық деңгейі, В1 – Орта деңгей бойынша судьялардың, сала қызметкерлерінің ана тілімізде жазып, сөйлеуіне толықтай мүмкіндік береді. Қазақ тіліндегі сөздердің қолданыс аясын кеңейтуге серпін берген оқулықтардың ерекшелігі: аудио құралмен қамтылған, – деді ол.

Жаңа оқулықтар еліміз бойынша сала мамандарының назарын аударып отыр. Бұл қуанышты жағдай. Алмагүл Ақмашқызы бұл оқулықтардың сынамадан өту тәжірибесін нақты мысалдарға жүгіне отырып жеткізді. Қызу талқылаудың арқасында іс-шараға қатысушы өңірлік Тіл оқыту орталықтары мамандары көкейдегі сұрақтарына жауап тауып жатты.

Кітаптың мазмұнымен мына сілтеме арқылы «Тіл әлемі» сайтымыздан оқып-танысуға болады: https://tilalemi.kz/viewer/viewer.php?file=/books/8138.pdf

Қорыта айтқанда, кездесу барысында бір әріптесіміздің ілтипатына сүйенсек, «өзге өңірлер үшін үлгі із болғандай ізгілікті істің» өрісі кең боларына көз жеткізгендей болдық.

 

Comments (0)
Post a comment