ІЗДЕНІСТЕ ІРКІЛІС БОЛМАУЫ КЕРЕК

14.04.2022

Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының «Тілді үйретудегі отандық әдістемелердің тәжірибесі» онлайн семинарының 2022 жылғы 14 сәуірдегі отырысында «Қазақ тілі сабағында тайм-менеджмент элементтерін қолдану» мәселесі туралы Павлодар қаласы, «Ана тілі» орталығының директоры, қазақ тілі оқытушысы Шолпан Кинжикова баяндады.

Басқосуды ашқан Орталық басшысы Е.Тілешов: «Ана тілімізді үйрету мәселесі төңірегіндегі өтіп жатқан отырыстардың тақырыбына назар салсақ, бірі екіншісін мүлдем қайталамайды. Мұндай әралуандылық – жан-жақты ізденістің көрінісі», – деп атап өтті.

Шолпан Духтурбайқызы дәрісі тақырыбының өзі өзгеше естіледі.

«Time Management» – ағылшын тілінен аударғанда «уақытты басқару» дегенді білдіреді екен. Шынында, сынаптай сырғып өтіп жатқан уақыт легінде ойға алған істі орындауға үлгермеймін деп жүргендерге ешкім таң қалмайды. Қай жерде де уақыт жетіспеушілігі қатты сезіледі.

Ал тіл үйрету мәселесінде мұны қалай қолдануға болады?

Үйренушінің тілді тез меңгеруіне нәтижелі әдіс оң әсер етеді. Сондықтан тіл үйретуде тиімді тәсіл таңдалғаны дұрыс.

Әдіснамалық көзқарас жөнінде американдық атақты лингвист, антрополог Эдвард Сепир тіл мен мәдениеттің біртұтастығы туралы: «Мәдениет – белгілі бір қоғамның әрекеті мен ойлауының көрінісі, ал тіл қалай ойлаудың көрінісі. Ендеше, тіл мазмұны – мәдениеттің бөлінбейтін бөлшегі», – деген екен.

Оқытушының алғашқы міндеті алдында отырған тіл үйренушілердің ойын қазақ тілін үйренуге жұмылдыру, олардың барлық ынтасын осы мақсатқа жұмылдыру болып табылады.

Сабақ барысында сауатты әрі орынды қолданылған ойын түрлері басты тиімді құралдың бірі деуге әбден болады. Осы орайда тіл үйренудің «Остап Бендерлік ізденісі» деген ойнақы тәсілді қолданса, мақал-мәтелдерді үйретуде ата-бабамыздан келе жатқан бата беру дәстүрін пайдаланады екен.

АРТ-әдісті қолданудың тиімділігі жайлы жан-жақты сөз болды.

Дегенмен алтын уақытын бағалай білетін адам үшін, ең бастысы, «Тіл үйрену маған не үшін қажет?» деген сұраққа жауап табу маңызды.

«Эйзенхауэр Матрицасы» жөніндегі пікір көпшілік көкейіне қона кетті. Бұл әдістің ерекшелігі басым міндеттерді анықтауға көмектеседі. Яғни әрқашан бірінші кезекте орындалуы қажет дүниелер анықталуы қажет. Ол үшін алдағы тапсырмалар арнайы кестенің көмегімен маңыздылығы мен жеделдігі жағынан қатаң сұрыпталады.

Бұл тіл үйренушіге де, тіл үйретушіге де қатысты.

Тілтану саласында жүрген майталман мамандардың ғана емес, жалпы жұртшылықтың қызығушылығын тудырған іс-шара ертең өз мәресіне жетеді.

Comments (0)
Post a comment