ДӘСТҮРЛІ ДӘРІС ЖАЛҒАСУДА

12.05.2022
Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы «Отандастар Қоры» КЕАҚ бірлесе отырып, ана тілін үйренуге құлшыныс білдірген шетелдегі отандастарымыз бен өзге ұлт өкілдеріне түрлі қолдау білдіру жұмыстарын үздіксіз жүргізіп келеді. Бұл жолғы жобаның мақсаты шетелде қазақ тілін үйретіп жүрген мұғалімдерге әдістемелік көмек көрсету еді.

Қазақ тілін оқыту әдістемесінің негізін қалаушы Ахмет Байтұрсынұлы былай деген екен: «Әліппені балалар қиналмай оқып шықса, онан әрі оқуға ықыластанып, талаптар қанат байлағандай көтеріп зораймақшы. Осыны ойлап, әліппенің оңай болғанын көздеп әуелі әліппені бастан-аяғына дейін оңай һәм қысқа сөздерді алдым». Бұл мәселе әлі күнге өте өзекті тұр.

Жобаны жүзеге асыру барысында ұйымдастырушылар осы қағиданы берік ұстанып, шетелде қазақ тілін оқытушыларды осы саладағы жаңалықтармен таныстырып, тың тәжірибемен бөлісіп отырады.

Орталық Әдістеме басқармасының ғылыми қызметкері, «Абай институты» платформасының координаторы Айгүл Әділбекқызының айтуынша, әрбір бас қосу сайын мұғалімдердің кәдесіне жарайтындай жаңа бір тақырып сөз болады.

«Мәселен, мұның алдындағы дәріс қолданыстағы жаңа технологиялар негізінде ана тілімізді үйрету мәселесіне арналып, осы бағыттағы жобалар таныстырылса, бұл жүздесуде оқу әдістемелік құралдар алқа назарына ұсынылды»,– деді ол.

Куә болғанымыздай, Иран, Өзбекстан, Ресей, Австрия елдерінен қатысқан қазақ тілін үйретушілердің ықыласы әдеттегідей ерекше болды.

Әрине, қазақ тілін үйренуге ниетті шетелдегі қандастар қатарының жыл санап көбейіп келе жатқаны көңіл қуантады. Бұл өз кезегінде тіл оқытушы мұғалімдердің де жауапкершілігін арттыра түсері хақ. Дәстүрлі дәрістер өз жалғасын таба береді. Өйткені, тәжірибе көрсеткеніндей, мұндай әдістемелік қолдаудың орны ерекше.

Comments (0)
Post a comment