АХМЕТ БАЙТҰРСЫНҰЛЫ 50-ГЕ ТОЛДЫ

20.05.2022

Қазақтың ол уақыттағы кейбір оқығандары уез, губерния соттарына күш салып, тілмəш болып, кейбірі арларын сатып ұлықтық іздеп жүргенде Ахмет қазақұлтына жанын аямай қызметтерін қылды. Əуелі ол школда қазақ балаларын оқытты.

Ахмет Байтұрсынұлы ұлтын шын сүйетін шын ұлтшыл.

Ызыңдап ұшқан нəзік маса,

Сап-сары аяқтары ұзын маса.

Өзіне біткен түрі өзгерілмес,

Дегенмен қара яки қызыл маса.

Үстінде ұйықтағанның айнала ұшып,

Қаққы жеп қанаттарын бұзылғанша

Ұйқысын азда болса бөлмес пе екен,

Қоймастан құлағына ызыңдаса?

Рас айтады, Ахаң нəзік маса, ол ұйықтаған қазақ халқының үстінде қоймастан «ұйқысын аз да болса бөлуге ызыңдады».

Ахаң байын, кедейін айырмай қазақты ғана сүйетін адал жүрек таза ұлтшыл.

...жазушысы аз, əдебиеті нашар қазақ жарлыларына «Оқу һəм тіл құралдарымен» қылған қызметі таудай. Ахаң туралы толық қылып жазбақ едім, газет бетінің орны шамалы болғандықтан қысқа, үстіртін жазылды.

50 жасқа толған Ахаңды шын көңілден құттықтап, былай да өмірінің ұзақ болуын тілейміз.

Сәкен Сейфуллин

1923 жыл.

Comments (0)
Post a comment