В.ФОН ГУМБОЛЬДТТІҢ ЛИНГВОФИЛОСОФИЯЛЫҚ ҚАҒИДАЛАРЫНЫҢ А.БАЙТҰРСЫНҰЛЫ ТІЛДІК МҰРАСЫНЫҢ ЛИНГВОМӘДЕНИ ИДЕЯСЫМЕН ҮНДЕСТІГІ

25.05.2022

Аннотация. Мақалада В.фон Гумбольдттің лингвофилософиялық және А.Байтұрсынұлының этнотанымдық тұжырымдарын салыстырып, тіл иесінің бойындағы рухты тану және жаңғырту нәтижесіндегі тілдің жасампаздық қабілетіне, синергиялық қызметіне байланысты антропоөзектік қағиданы қазық тұтқан үндестік көрсетіледі.

Тірек сөздер: лингвофилософиялық ілім, антропоөзектік қағида, этносана, халық рухы, рухани-танымдық үндестік т.б.

Аннотация. В статье дана описательно-аналитическая характеристика лингвофилософских учении В.фон Гумбольдта и этноязыковых суждении А.Байтурсынова, где определяется общность идеи в применении антропоцентрического принципа.

Ключевые слова: лингвофилософское учение, антропоцентрический принцип, этносознание, дух народа, духовно-познательная общность и др.

Annotation. The article presents a descriptive and analytical characteristic of the linguophilosophical teachings of V.von Humboldt and the ethno-linguistic judgments of A.Baitursynov, where the generality of the idea in the application of the anthropocentric principle is determined.

Keywords: Linguophilosophical teaching, anthropocentric principle, ethnic consciousness, the spirit of the people, spiritual and cognitive community, etc.

 

 

 

А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты қазіргі таңда халықтың биік рухының өзегін, құндылығының құнарын, көркем ой тудырған сұлу сөздің сырын, танымды дәйектеген сөз құдіретін тамырын тереңге жайған тіл өрісінен іздеу үрдісін дамытып, тіл арқылы ұлт болмысын таныту бағдарын ұстанған кешенді тіл зерттеу орталығына айналды деп айта аламыз.

Осымен байланысты тіл мен тіл иесін бір желіде қарастыратын антропоөзектік парадигманың лингвофилософиялық негізін салушылардың бірі ретінде В.фон Гумбольдттен бастау алған еңбектердің қатарында ұлт руханиятының көсемі А.Байтұрсынұлы мұрасын да тану және таныту – тек қазіргі мерейтойлық кезеңдегі науқандық шара емес, қазіргі қоғамымыздағы өзімізді өзіміз тану, рухымызды жаңғыртуға қатысты өзекті мәселе.

Тәуелсіздік кезеңінде мемелекеттік тіл мәртебесіне ие болған қазақ тілінің қызмет ету өрісін кеңейтіп, қазақ топырағында құнарланған тұғырын бекітетін, қазіргі қазақ баласының сауатын ашу ісінде рухани-танымдық Темірқазық ретінде А.Байтұрсынұлы бастаған Алаш зиялыларының мұрасын зерделеу нәтижесінде қазақ тілі пәнінің оқыту әдістерін жетілдіру, тіл танытқыш, әдебиет танытқыш оқу құралдардың, методикалық, танымдық-талдамалық т.б. еңбектердің жасалғаны белгілі.

Дегенмен қазіргі «Жаңа Қазақстанның» рухани-әлеуметтік іргесін нығайтатын жобалардың мақсатына орай замана көшінің ғаламдасқан кеңістігінде елдік мүдденің болашағы ұлттық рухты көтерумен қатар қоғамдық-әлеуметтік сананы, ақпарат ағынын қабылдау жүйесінде мәдени-саяси дискурсты жетілдіруді талап етеді. Бұл жағдаят ғаламданған әлемнің бір бөлшегі ретінде «қазақ дүниесінің» де тілдік бейнесін танудың лингвофилософиялық тәсілі «ұлттық модель» мен «әлемдік модельдің» тоғысуын қажет ететінің қазіргі ғылыми тәжірибе көрсетіп отыр. Осымен байланысты В.фон Гумбольдт пен А.Байтұрсынұлы шығармашылық идеясындағы үндестікті көрсете отырып, қазақтану ілімін тіл арқылы дәйектеген А.Байтұрсынұлы еңбектерін зерделеудің методологиялық деңгейін жетілдіріп, ғылыми-теориялық негіздерін заманауи лингвистиканың жаңа парадигмалық деңгейіне көтеру мәселесі айқындалуда.

Атап айтқанда, ХХ ғ. екінші жартысынан бастап басқа да интеграциялық сипаттағы жаңа ғылыми парадигмалардың қатарында дүниенің даму бейнесін пәнаралық (философия, психология, мәдениеттану және лингвистика) модельдеуге бағытталған лингвосинергетика парадигмасы қалыптаса бастады. Оның негізгі мәнін «әлем моделі», «әлем бейнесі», «тілдік сана» сияқты ұғымдар сипаттайды. Философиялық тұрғыдан «әлем моделі» танымның (мәдениеттің) дүниетанымдық категорияларының тұтастығын көрсетсе, «әлемнің тілдік моделі» оның тіл арқылы бейнеленуін көрсетеді.

Ал, ғылымға алғаш рет В.фон Гумбольдт енгізген «этнотілдік сана» ұғымы – «ұлттық дүниетаным мен түсінікке сәйкес қалыптасқан ұлттық мәдениет пен ұлттық психология негізінде жасалатын дүниенің инвариантты бейнесі»[1,396-397]. Ал әрбір тілге тән этномәдени жүйенің мағынасы түзетін ортақ семантикалық желінің жүйелі-синергетикалық қағидаға сай туатын ассоциативті сипатта ұйымдастырылған семантикалық жалғастықтығы әрбір тіл тұтынушыға оның түсініктілігін қамтамасыз етеді. Бұл дүниетанымның негізінде әр ұлттың өзіне тән әлеуметтік стереотиптері, когнитивтік схемалардың жүйесі дүниенің тілдік бейнесін құрады. Себебі, көру, сезу арқылы қабылданған бейне сөздің ішкі формасындағы қуаттың ашықтық сипаты арқылы даму үдерісін жалғап, оны сөз-бейнеге айналдырады. Бұл жалғастық ішкі формада астарланған когнитивтік мәннің тілдік таңбасы арқылы жүзеге асатындықтан, В.фон Гумбольдттің ілімінде «ішкі форма» ұғымына ерекше мән беріледі.

Ал, осы үдеріс барысындағы күрделі бағалауыштық-танымдық сипаттағы лингвомәдени жүйенің өзін-өзі ұйымдастырып, реттеліп байланысуының әмбебап тетіктерінің синергетикалық негізде ашылуы алғаш рет В.фон Гумбольдттің еңбектеріндегі тілдің «ішкі формасына» назар аударудан басталып, оның адамның дүниені тануға көмектесетін мәдени үдерісіндегі бүтіннің таңбалық моделі ретінде тіл арқылы бейнеленетінін көрсетеді [2,177].

Бұл, сайып келгенде, тілдің күрделі, бейсызық, ашық, өзін-өзі ұйымдастырып зерттеуші жүйенің үлгісі ретінде синергетика пәніне негіз болады. Осы тұрғыдан А.Байтұрсынұлының шығармашылығындағы сөзжасамдық үдерісте жасалып, мәдени уәжделген атаудың, я терминнің когнитивтік құрылымына синергиялық байланыс арқылы енуге болады.

Осы арада В.Гумбольдттің тілдің мәнін қатып қалған нәтиже деп емес, үдеріс ретінде, тілді ой туғызушы мүше, адамның дүниені танып білетін және танытушы құралы ретінде анықтайтын тұжырымымен А.Байтұрсынұлының: «Тіл адамның адамдық белгісінің зоры, жұмсайтын қаруының бірі» деген анықтамасының үндесуін тілдің коммуникативтік феноменінің негізгі белгісін көрсеткен еңбегін «Тіл – құрал» деп атауы арқылы-ақ ашып берді. Бұл анықтамаға сай мемлекеттік тіл мәртебесіндегі қазақ тілінің қоғамдық қызметін жан-жақты жетілдіретін терминжасам үдерісінде сөз бойындағы терең мазмұнның жалғастығын тауып, әлеуетін тиімді қолданысқа жарату – бүгінгі күннің өзекті мәселелерінің бірі. Ол А.Байтұрсынұлы мұрасында былайша тұжырымдалған: «Тілдің міндеті – ақылдың аңдауын аңдағанынша, қиялдың меңзеуін меңзегенінше, көңілдің түюін түйгеніңше айтуға жарау» [3,154].

Осымен байланысты В.Гумбольдт атаулар дүниені тек айна іспетті тура бейнелеудің нәтижесі емес, адамның сол бейнеде атаған затын қалай танып, түсіндіргені деп санайды. Әрине, дүние сан қырлы және тұтас болғанмен (өсімдік әлемі, жануарлар әлемі, адам сипаты т.б.), оны құрайтын бөлшектерінің ешкімге ұқсамайтын, қайталанбайтын белгілері бар. Және оларды қабылдау//тану тіл иесі ретіндегі этнос санасындағы сезім, ойлау қабілеті арқылы жүзеге асатыны белгілі. Бірақ ақиқатын танып білу сол зат ия құбылысты анықтайтын жалпы, ортақ ұғымның негізінде ғана іске асады. Логика ғылымында деректерді мұндай нақтыдан (жекеден) жалпыға қарай бағытталған зерттеу үдерісін категориялау деп атайды. Міне, осы «категориялаудың құралы – тіл» деп санайды ғалым. Бірақ В.Гумбольдт тілдің ойды, ұғымды іштей ұйымдастыруына байланысты әртүрлі тілдердің категориялау үдерісінің дәрежесі бірдей болмайтынын атап көрсетеді [2,118]. Сайып келгенде, В.Гумбольдт ілімі тілдің қызметін тіл иесінің дүниені тану барысындағы нақты әрекетін оның рухымен үйлестіруде деп түсіндіреді.

Нақты айтқанда, шындықтың, табиғаттың, адамдардың ең мәнді қасиеттерін, қатынастарын (сан саласы, уақыт пен кеңістігі, тұрақты күй мен қозғалысы, бағалау мен эмоциясы т.б.) бейнелейтін категориялардың бір-бірімен байланысты тұтастығы, жүйесі тілде құрылымдалады. Демек, бұл арада тілдің құрылымының жүйелі сипаты ғана емес, ол бейнелейтін дүниенің де жүйесін (тұтастығын) көрсетеді.

Сөйтіп, қоршаған дүние туралы біліміміз (атауымыз) ой//білім сөзжасамдық әрекет негізінде белгілі бір категорияларда реттеліп, ал ол қор әрбір тілдің лексико-фразеологиялық қорында ұғынылады. Заттарды тану барысында тіл иесі өз әлемінің кеңістігінде сыртқы табиғатпен жақындасады және өзінің ішкі дүниесіндегі талдау//жүктеу шамасына қарай өзінің сезінуін бейнелейтін мәдени коннотация жасайды. Осы байланыстағы қазақ дүниесін танудың айшықты үлгісін А.Байтұрсынұлы шығармашылығынан жиі кездестіреміз. Мысалы:

Қаз едік қатар ұшып қаңқылдаған,

Сахара көлге қонып салқындаған.

Бір өртке қаудан шыққан душар болып,

Не қалды тәніміздеген шарпылмаған?!

(А.Байтұрсынұлы. Шығармалар. 94б.)

Бұл арадағы қазақ болмысын айшықтап тұрған қазақ танымындағы киелі, таза құс ретіндегі «қаз» ұғымымен ассоциациясы синергиялық негіз болып тұр (қаз жегеніне емес, орғанына мәз, т.б.).

В.Гумбольдт мұрасын құратын лингвофилософиялық үрдістің ең басты идеясы – тіл адам рухын бейнелеудің тәсілі, ал сөйлеу қызметі – рух қызметінің динамикалық көрінісі. Мысалы, В.Гумбольдт еңбектерінде шындықты тілде бейнелеудегі етістіктердің ерекше семантикалық және құрылымдық өзек ретіндегі сипаты А.Байтұрсынұлының қазақ тіліндегі етістіктерді сипаттаған коммуникативті-функционалдық парадигмасында ерекше көрініс тапқан. Қараңыз: етістер (беделді етіс, шағыс етіс, дүркінді етіс, өсіңкі етіс); рай (билік рай, ереуіл рай, реніш рай, сенімді рай, сенімсіз рай, болжам рай, мұң рай, көніс рай, қайрау рай, азалы рай, теріс рай).

Осымен байланысты қарасақ А.Байтұрсынұлы қазақ дүниесін, қазақтың жан әлемін антропоөзектік қағидаға сай тіл арқылы бейнелеген тәсіліне орай тірнек өнері және көрнекі өнер деп анықтаған. Сөзді «өнер» деп ұққан қазақ болмысына орай А.Байтұрсынұлы көрнекі өнерге жатқызған сөз өнерінің коммуникативтік мәнін оның, біріншіден, терең мазмұнынан іздеп, оған төмендегідей шарт қояды: ойдың шеберлігі, сыншылық, білім [4,144]. Екіншіден, әлеуметтік қызметіне мән беріп, мысалы, «әлеумет ісіне басшылық пікір жүргізетін сөз болғандықтан» көсем сөз деп атайды. Және «көсем сөз кезіндегі әлеуметке керек іске мұрындық болып, істету ыждағатымен айтылатынын» атап көрсетеді [3,258].

Бұл үрдіс В.Гумбольдттің кез келген ұлттың ерекшелігін тану тіл арқылы ғана мүмкін екені тілде ғана ұлттық сипаттың сақталуымен түсіндірген қағидасының А.Байтұрсынұлының ғылыми-танымдық мұрасының дәйектерімен астасып, қазіргі қазақ тіл біліміндегі этнолингвистика, лингвомәдениеттану салаларының ғылыми-әдіснамалық негізіне айналды.

Сонымен, В.Гумбольдт тілді әртүрлі деңгейдегі бірліктердің парадигматикалық сипаттағы бірсызықтың бойында тіркесімділік сипаттағы ережелердің (синтагматикалық) жиынтығы деп санамайды. «Тіл – қызметтің (әрекеттің) өнімі емес (Еrgon), қызметтің өзі (Energeia)» деп, яғни тіл үнемі жаңғырып отыратын рухтың көрінісі деп тұжырымдалады. Сондықтан «өзіндік болмысына сәйкес халықтың рухы тілді жетілдіріп, байыта береді, өз кезегінде тіл де рухқа ықпал етеді» деген тұжырымның қазақ руханиятының көсемі А.Байтұрсынұлының: «Сөзі жоғалған жұрттың өзі де жоғалады» деген қағидасымен үндестігі екі ғұламаның танымдық ілімінің негізгі бағытын белгілейді.

Қорыта келгенде, Германияда XIX ғасырдың бірінші жартысында Г.Гегель, И.Гёте, И.Кант, Ф.Шеллинг т.б. зиялы ортада шығармашылық тұлға ретінде қалыптасып, жан-жақты білім алған, жалпы тіл білімінің классикалық үлгісін игерген В.фон Гумбольдттің рух философиясын қазақ топырағында қазақ сөзімен дәйектеп, дәлелдеген А.Байтұрсынұлының еңбектері мен байланыстыруға тырыстық. Болашақта бұл жұмыс, әрине, тереңдей түспек. Бірақ XX ғасыр басында ұлттың рухын тілден іздеген А.Байтұрсынұлының тұлғалық-әлеуметтік мақсаты, өзі айтқандай, халқын ояту мен тамырына бойлауға жалғасқан, танымдық жасампаздыққа бағдарланған мазмұны басым болған деп санаймыз:

Тән көмілер, көмілмес еткен ісім,

Ойлайтындар мен емес бір күнгісін.

Жұрт ұқпаса, ұқпасын, жабықпаймын,

Ел бүгіншіл, менікі ертеңгі үшін.

(Н.Құлжанова ханымға. 1т. 110б.)

 

Пайдаланылған әдебиет

 

1. Гумбольдт В. Язык и философия культуры. М. 1985.

2. Гумбольдт В. Избранные труды по языкознанию. М. 1984.

3. Байтұрсынұлы А. Шығармалары. 1 т. Алматы. 2013.

4. Байтұрсынұлы А. Шығармалары. 3т. Алматы. 2013.

Comments (0)
Post a comment